Алакөлдегі Аралтөбелер жанартаудан пайда болған ба? Толығыр

Қазақстан туризмін 2020 жылға дейін дамыту мақсатында Алакөл көлінің туристік әлеуеті жақсарып келеді. Биылғы жылдың жазында 500 мыңнан астам туристерді қабылдаған Алакөлдіктер келесі жылдың маусымына дайындықты күшейтеді. Алматы облысына қарасты Алакөл көлінің жағалауы Ақши, Көктұма ауылдарындағы туристік базалармен танымал. Жергілікті халықтың еңбек көзіне айналған Алакөл көлінде осы уақытқа дейін көптеген зерттеулер жүргізілді. Еуропа жиһанкездерінің ішінде Алакөлді бірінші болып 1810 жылы түпкілікті зерттеген саяхатшы-ғалым Григорий Карелин еді. Ол Аралтөбені зерттеп, бұл жерден жанартау қалдықтарын барлаған. Аралтөбені жанартаудан пайда болған тау ма деп күдіктенгенімен, толық тексеруден өткізе келе бұл жерде ешқандай да жанартау болмағанын, тек қоңыр көмір бар екенін анықтайды. Карелиннен кейін Алакөл өңірін зерттеуге саяхатшы Александр Шренк келіпті. Александр ғалым да Карелиннің пікіріне келісіп, Жоңғар тауының маңында ешқандай жанартау исі жоқ екенін анықтаған. Уильям Аткинсон Жоңғар Алатауында, Тарбағатайда зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Өңірден жанартау қалдықтарын таппаған ол да өзіне дейінгі зерттеушілердің пікірін қуаттайды. Алакөл өңірін түбегейлі зерттеген алғашқы он ғалымның тізімінде қазақтың мақтанышы, ғалым Шоқан Уәлиханов та бар. Әріптесі Потанин екеуі Гильом Рубруктың жүріп өткен жолымен, осы бағыттағы барлық қалалар Қойлық, Алмалық, Омыл тағы басқа жерлерде сапарлаған. Әсіресе, орыс кінәздерінің Күйік ханға барғанын, хан оларды өз ордасында өлтіргенін, тағы басқа қызықты жайттарды білуге құмартады. Шоқан екінші мәрте келгенде Тентек өзенінің жоғарғы тұсында алтын іздеушілермен кездесіп, бұл өзенде алтын бар екеніне көзі жетеді. Шоқан Уәлиханов зерттеу жұмысымен Алакөл аймағына 4 рет келген. Сонау Қашқардағы аса қауіпті, қияметті сапарға бара жатып, Сайқан тауының етегінде, бүгінгі Еңбекші ауылының тұсында шатырын тігіп аялдапты. Сонда аяқ астында кілкіп жатқан ақ айдынның сұлулығына тамсанып, кескін-келбетін қарандашпен ақ қағазға түсіріп алып кеткен. Ғалым Шұбарағаш-Ойжайлау мекені жөнінде өз күнделігінде «Чубарагач – едва ли не лучшее место в хозяйственном отношении во-всех юго-восточной половине степи...»,– деп жазып қалдырған екен. Тегі Алакөл, Үйгентас, Шұбарағаш, Ойжайлау өңірлеріне келіп, сұлу табиғатын қызықтап қана қоймай, жер құнарын, қазба байлығын зерттеген саяхатшылар да, зерттеуші мамандар да аз болмаған. Олардың ішінде Египет саяхатшысы Салманат Тартуман, тау-кен инжинері Н.Ковригин, географ-саяхатшы Семенов-Тянь Шанский, Шоқан Уәлиханов, саяхатшы Пржевальский, революционер, экспедицияларға қатысушы поляк А.Янушкевич және тағы басқа ғалымдар өз пікірлерін қалдырған.

Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/ ... nym/49400/