Сыздық сұлтанның Бұхар соғысына араласуы

Ташкенді орыстар алғаннан кейін Сыздық сұлтан өз адамдарымен ол қаладан кетіп, Сырдәриядан Шыназ маңынан өтіп Бұхар ханына қарайтын Жызақ қаласына барды. Бұл қаланың бегі Якуббекке барып сәлемдескеннен кейін әйел, бала-шағаларын Жызақ маңында қалдырып, тек жиырма бес жігітті ғана ертіп Бұхар әмірі Мұзаффар ханға сәлемдесуге кетті. Әмір Сыздық пен Арысланбекке, қасындағы жігіттеріне де сыйлықтар беріп, Жызақтың бегі Якуббекке мына сұлтандар мен барлық жігіттеріне хазинадан (қазынадан) жалақы төлеу туралы фәрман жазып еріп кейін қайтарды.
Сыздық сұлтан Жызаққа барған кезде генерал Черняев әскерімен қаладан бес шақырым жерге келіп тоқтаған еді. Сол жерде үш күн тұрғаннан кейін төртінші күні әскерімен Жызаққа қарай бет алды. Оларға қарсы Бұхар мен Самарқаннан келген халық әскері шықты. Екі жақ бетпе-бет келгенде, Черняев зеңбіректер мен мылтықтан оқ жаудыруға бұйрық берді. Зеңбірек оғы қалың топтың арасына түсіп жарылып, бірнеше адамды өлтірді. Содан кейін-ақ Бұхар әскері алды-артына қарамай қаша жөнелді. Зеңбіректерінен оқ ата орыстар қала бағының ішіне кірді.олар базарға жеткен кезде, сыртынан бақылап тұрған Сыздық сұлтан алпыс жігітімен бақты тасаланып келіп дуалдың сыртынан алпыс мылтықтан оқ атты. Көшеде қалың топ болып келе жатқан солдаттардың көбі жаралы болды, біразы өлді. Бұл жағдайды көрген соң орыстар керней тартып, ілгері кеткендерін кері қайтарды, енді оқ қазақтар тасаланып тұрған дуалға қарай жаудырылды. Осылай біраз атысқаннан кейін солдаттар шегініп, Сыздықтың жігіттері оларды бақтан шығып кеткенге дейін қуалап атқылады. Шегінген орыстарды дуал сыртындағы қазақтар үздіксіз атқылып тұрды.
Далаға шығып алғаннан кейін Черняев генерал әскерінің бас-аяғын жинап кейін, түскен жеріне қарай алып кетті. Орыстардың қашқанын көргеннен кейін Бұхар әскері де олардың соңынан түскен еді, бірақ та онша маңайламай, мылтық оғы жетпейтін жерде ғана жүріп, жақындап соғысуға бата алмады. Черняев генерал жаяу әскерін алдына салып, атты әскерін соңына ертіп жүрді. Сыздық сұлтан қасындағы алпыс жігітпен кейінірек қалған жүз атты казакқа тап берген опыр-топыр соғыста олардың он бір атын олжалап қайтты.
Черняев генерал сол жерде бір жеті тұрғаннан кейін Сырдәрия жағына қарай кетті.
Сол күндері Бұхардың әмірі көп әскермен, толып жатқан зеңбіректерімен Жызаққа келген еді. Сонда біраз тұрғаннан кейін барлық әскерін жинап, Оратөбе арқылы Черняев жатқан жерге қарай жүрді. Бұл кезде орыс әскері Сыр бойында Шыназдың тұсынан бекініс дуал тұрғызып жатқан. Сыздық сұлтан: «Егер қалың қолдың ішінде болсам, мен көзге түсе алмаймын, барлық абыройға әмірдің өзі ие болады. Сондықтан өз бетімше қайрат көрсетуім керек» деп түйді. Осы оймен ол әмірден орыстарға қарсы Шардара жағынан шабуыл жасауына рұқсат беруін өтінді. Әмір де мұны мақұлдап, жол шығынына мың тіллә ақша бергізді.
Сыздық сұлтан Кішік ұлы Арысланбек пен жалайыр Бекбау датқа бастаған жүз жігітті әмір әскерімен бірге қалдырып, өзі Сыр бойында көшіп жүрген елден жігіт жинап аламын деген оймен Шардара жаққа кетті. Жолда үш күн жүріп, Шардараның тұсынан азанда Сырға келіп құлады. Жолдан шаршап келгендіктен аттары да, өздері де тынығып жатқанда Сыздық кенет құм ішінен көп адам кетіп бара жатқанын байқап қалды. Олардың кім екенін сырттан қарап келуге жіберген екі жігіті бір қазақты ұстап алып келген еді. Ол адам Черняев әскерінен төрт жүз солдат Шардара қамалына қашқанын, қазірде орыстар Шардара маңындағы ауылдарды тонап жатқанын, сондықтан жұрттың босып қашып бара жатқанын айтты.
Сыздық сұлтан әлгі қазақты басшы етіп алып орыстар жүрген жаққа қарай аттанды. Көп ұзамай ол жүк артқан түйелерді, басқа да малдарын айдап бара жатқан жүз қаралы атты казактарды көрді. Сыздық құм бұйраттарын тасаланып, атты казактарды жақын келтіріп алып тап берді. Аналар да ерлікпен қарсы тұрып, мылтықтарын бір-бір атып үлгіргеннен кейін екі жақ қолма-қол соғысып кетті. Сонда атты казактардың бастығы Иван мен тағы бір офицер Сыздықпен бетпе-бет келіп қалды. Офицердің алтыатарымен үш рет атқан оғы, құдай сақтап, дарымады. Сыздық екпінімен келіп офицерді қылышпен шауып құлатып, астындағы ақбоз арғымағын жетектеп алды. Сол жерде әлгі офицерді қоса есептегенде, алты орыс өлді, отыз ат олжа және қазақтардан талап алынған мал-мүлік қайтарылды. Сыздықтың жігіттерінен шығын жоқ, тек он адам жеңіл жаралы болды.
Ұрыстан кейін Сыздық алдыңғы түскен жеріне – өзеннің батпақты жағасына қайтып келіп, атты казактар да сол маңға келіп, батпақтың арғы бетіне қонаға тоқтады. Түнде олардың кетіп қалғанын қатты ұйықтаған Сыздық білмей де қалды.
Сыздық сұлтан қоңыраттардан шағын жасақ құрастырып алып, өзенмен жоғары жүзіп келе жатқан бу кемемен атысып, олардың кемеге жағуға жағада дайындап қойған отындарын өртеп жіберді.
Сыр бойында тағы бірнеше күн болып, әмірдің Майдажыңғыл маңында жеңілгенін, содан кейін Самарқанға қашқанын естігеннен кейін Сыздық сұлтан да Самарқанға барып, әмірге өлтірген орыстарының бастарын, қолға түсірген аттарын апарып тартты. Әмір оған қатты қуанып, мол сыйлық беріп, өзімен бірге Бұхарға алып кетті.
Бұхарда біраз күн болғаннан кейін Черняев генералдың Петерборға кеткені, орнына Кауфман деген генерал келгені, оның Жызақты алуға дайындалып жатқаны жайында Ташкеннен хабар келді. Бұл хабарды алғаннан кейін әмір Жызаққа бар әскерін жіберді. Әмір мен Сыздық Самарқанға келгенде, орыстардың Оратөбе мен Жызақты алғандарын естіді. Сонсоң әмір Хиуа мен түркпендерге елші жіберіп жәрдем сұрағанда олар он мың адам берді. Әмір бар күшін жинақтап отыз мың адамды Қышкөпірге жіберді, Кауфман сол жерге жетті деген хабар келген еді.
Ал Сыздық сұлтан әмірдің рұқсатымен өзінің сегіз жүз адамын алып Қазалы жаққа кетті. Сыздық келе жатыр дегенді естігеннен кейін Қазалының бастығы сондағы әскерден екі жүз атты казактарды Хиуа жақ беттегі, Қазалыдан түстік жердегі Сарыбұлаққа (Қуаңдәрия жақта, Қазалыдан 143 шақырым жерде) аттандырды. Бұл отряд әлгі бұлақтан екі шақырымдай жердегі құм төбеге орналасып, алпыс адамын бұлақтан аттары мен түйелерін суарып келуге жебірді. Тап сол кезде бұлақ басына Сыздық та келіп жеткен еді. Ол мал басындағы солдаттарға тура бас салып, қырып аттары мен түйелерінің бәрін тартып алды. Құм төбенің басында қалған жүз қырық солдат су басында болған істі білген жоқ еді. Сыздық сұлтан жігіттеріне сексеуіл, жыңғыл, басқа да бұта-шөптерді жинатып, оларды оқ өтпейтіндей етіп буғызып, соларды төбенің үш жағынан бірдей домалатып жақындай бастады. Бұларды көрген соң атты казактар да алдарына құм ұйып тасаланып бекінді. Қазақтар бума тасасынан оқ ата жақындап үш күн соғысты. Күн қыздырған құмның ішінде сусыз қалған орыстардың жағдайы өте қиын еді. Қызған құмның ыстығына, шөлге шыдай алмаған орыстар тасаланып жатқан жерлерінен үш рет шығып шабуыл жасады. Бір жолы олар осылай шығып ата жүріп бумаларға арқан бойы қалған кезде, Перовский жаққа жіберілген барлаушылар келді. Сыздықтың Ташкеннен жинап алған жігіттері де ауылдарына қайтқылары келіп қыңқылдай бастады. Сыздықтың оларды жібермеске де амалы жоқ еді, сондықтан бұлар орыстардан түсірген жылқылар мен түйелерді айдап кейін қайтты.
Бұл ұрыста Сыздықтың жігіттерінен жиырма екі адам өліп, қырық адам жараланған еді. Бұлақ басында өлтірілген алпыс солдаттан басқа орыстардан қанша адам шығын болғаны белгісіз. Төбеде қалған солдаттар Хиуадан келе жатқан керуенге кез болып, солардың түйелеріе мінгесіп Қазалыға жетіпті.
Сыздық сұлтан Бұхар қоластындағы Тамды қыстағына барып түсіп, сол жерден Бұхар әміріне орыстармен ұрыс жасағанын айтып хат жазады. Әмір оған қатты қуанып, Сыздықты Қышкөпір жаққа кеткен әскерге көмекке жібереді.Сыздық Тамдыдан шығып, Қызылқұмның ішімен жүріп отырып Жызақтан барып, одан Қыш көпірге қарай бұрылды. Жолда Жызақтан Қышкөпірге бара жатқан жүз орыс солдатына кез келді. Екі жақ та бірін-бірі көрген бойда атыса бастады. Қазақтар жақындай түскен кезде орыстар түгел аттарынан түскенін көрген соң қазақтар да аттарынан түсіп жаяу соғысты. Бір сағаттай атысқаннан кейін орыс жағы аттарын жетектеп шегіне бастады. Сыздық оларды қуған жоқ, сол жерде тұрып қалды.
Бұл ұрыста орыстар жағынан жиырма адам өлді, қаншасы жаралы болғаны белгісіз, ал Сыздық жігіттерінен жиырма бес адам өліп, қырық адам жаралы болды.
Сыздық сұлтан сол жерге түнеп, келесі күні Қышкөпірге барғанда, бұхарлықтардың орыстардан жеңіліп, шегініп бара жатқан үстінен шықты. Сонсоң ол да сол әскердің соңын ала Бұхарға барып, әмірмен жүздесті.
Келесі жылы Кауфман генерал әскерімен Самарқанға аттанған еді. Бұл хабарды естігеннен кейін әмір бар әскерін Самарқанға жіберіп, Сыздыққа сахара қазақтарынан әскер жинап алып, Нұратаға баруға бұйрық берді.
Сыздық сұлтан қазақ арасынан мың адам жинап алып, Самарқанға жол тартты. Сол сапарында бір адамдар кездесіп, оған: «Осыдан онша қашық емес жерде, тау ішінде Назар деген гәлча (тау жігіті) тұрады. Сол қарақшы қасына бір қаңғыбастарды жинап алып, кез келген адамдарды тонап, осы маңайдағы елдің үрейін ұшырып жүр. Адам бара алмайтын таудың басына қорған салып алған. Біздің де жүз түйемізді алып кетті, басқа да көп адамдарды тонады. Ол Бұхар әміріне де, орыс патшасына да бағынбайды, өзі мен өзі жүріп, әлі жеткен адамдардың бәрін тек талайды» десті. Мұны естігеннен кейін Сыздық сұлтан Назарға бірнеше адам жіберіп, елден талап алған мал-мүліктерін қайтаруын, өзі келіп Бұхар әміріне бағынуын талап етті. Назар батыр барған адамдарға: «Мен де ешкімнен кем емеспін, өзіме өзім патшамын. Ешкімге бағынбаймын да, алған мал-мүлектерімді қайтармаймын да, Сыздық сұлтан қолынан келсе менің тас қамалымды басыма құлатсын» деген жауап қайтарды.
Мұндай жауап алғаннан кейін Сыздық сұлтан тауға – Назарға қарсы аттанды. Қамал Нұрек деген таудың биік шыңында екен. Екі жағынан баратын жарқабақтағы жолмен екі атты кісі қатар жүре алмайды. Қамал тым мықты екен. Сыздық сұлтан әскерін таудың етегінде қалдырып, олардың ішінен сегіз жүз ең жаужүрек жігіттерді таңдап алып, төрт жүзден екіге бөліп, бір тобын өз басқарды. Екіншісіне арғын Жәуке батырды бастық етіп қойды. Екі топ қамалға баратын екі жолмен жүрді. Олар тауға таяу өрмелей қамалға жеткен кезде Назар батыр алдарынан адам жіберіп, егер олар кейін, қостарына қайтса, соғыспай өзі шығып баратынын айтты. Сыздық сұлтан оған келісіп, кейін шегінді. Назар да уәдесінде тұрып, бес жүз жігітімен қамалдан шығып, кешке дейін елден тонаған мал-мүліктерін қайтарды, жетпегенінің ақысын төледі. Келесі күні ол бес жүз жігітімен Сыздық сұлтанға қосылып, бірге Самарқанға аттанды. Осыдан кейін Назар мен Сыздық сұлтан ылғи бірге болды (Кәтта төре бүлігі басылғаннан кейін бұхарлықтар Назарды ұстап алып дарға асқан).
Самарқанға жақындағанда, орыстардың бұл қаланы алып, Кәттақорғанға жақындағандары туралы хабар алды.
Сыздық сұлтан Бұхар әскеріне орыстарға қарсы тұру үшін сап түзеп жатқан кездерінде жетіп қосылды. Соғыс басталғаннан екі жағы да мылтық, екі жақтың әскері біріне бірі жақындаған кезде Кауфман генерал әскеріне шабуыл жасауға бұйрық берді. Бұхарлықтар қаша бастады. Орыстар олардың зеңбіректерін тартып алып, жаяу сарбаздарды қуа соғысып, көп адамын қырды. Тап сол кезде Сыздық сұлтан орыс әскеріне бір бүйірден келіп, олардың орта тұсынан тап берді. Жаяу солдаттар ат боратқан шаңнан бірін бірі көре алмай, кейін, негізгі күштеріне қарай қашты. Сол соғыста солдаттардан жетпіс адам, Сыздықтың жігіттеріне жүз адам қаза болды. Бұхар әскері алды-артына қарамастан қашты. Сыздық сұлтан сол ұрыс болған маңға түнеп, келесі күні барып Бұхарға кірді.
Осы ұрыстан кейін соғыс тоқтады. Бұхар әмірі орыстармен бітімге келді. Ол Сыздық сұлтанды қазақтар мен сахарадағы, құм ішіндегі көшпелі елдің барлығына бастық етіп, орыспен араларының қалай болуының аяғын күте тұр деп бұйырды. Сонымен Сыздық сұлтан көшпелі ел арасына көшіп кетті.
(Мақала 1889 жылы Сырдария об. санақ комитетінің қолдауымен С.И.Лихтин типо-литографиясында жарық көрген «Кенесары және Сыздық сұлтан» атты жазбадан алынды).
Дайындаған Рүстем Нүркен