Адал жар бола ала ма?

Мен ол адаммен 2011 жылы таныстым... Ал қазір ол маған тұрмысқа шығуға ұсыныс білдіріп жүр, менен басқа ешкім керек емес екенін айтып сендіргісі келеді. Бірақ осы 2011-2016 жыл аралығында қанша оқиғалар болды. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайын.

2011 жылы құрбылар болып жиналып отырғанбыз, ол көрші столда бір досының туған күнін тойлап жатты. Біздің таныстығымыз осылай басталды. 1-2 айдай қыз бен жігіт болып жүрдік. Қарым-қатынасымыз басынан- ақ дұрыс болмады. Себебі ол өз-өзінен «жоқ» болып кететін. Хабарласам деп хабарласпай кететін, келем деп келмей қалатын. Екі көзім төрт болып, талай кешті күтумен өткізетінмін. Өзім болып жігітке ешқашан хабарласпайтыным бар, бұрыннан сондаймын. Өзі қайта хабарласпаса, жүре беретінмін. Ол кезде агент деген бар еді, көбіне тек агентпен ғана сөйлесетінбіз. Осылай жүрмей кеттік. Бірақ менен ешқашан хабарын үзбей келеді. Ең ұзақ дегенде 1 айда хабарласып, жағдайымды біліп тұратын. Арасында жай дос ретінде үй жаққа достарымен келіп, әңгімелісіп отырып қайтатынбыз.

Жасыратыны жоқ оны жақсы көрдім. Бірақ қазір ол сезім бар деп айта алмаймын. Тек үйреніп қалғандықтан шығар, әлі де қоңырауларына жауап беремін. Менің сенімімнен мүлдем шығып кеткен, сене алмаймын оған. Қанша рет көңілімді қалдырды, қанша рет сол адам үшін жыладым да. Соның бәрі қазір ойыма түссе оны ұрып тастағым келеді.

Қазір ол бар ма, жоқ па, айтқан сөзінде тұра ма, тұрмай ма бәрібір. Хабарласам десе де, келем десе де күтпеймін. Айтқан әңгімелерінің бәрі өтірік сияқты көрінеді де тұрады, әр сөзінің астарынан өтірік іздеп тұрамын. Сенгім ақ келеді. Өкпе-ренішімнің бәрін ысырып қойып оған мүмкіндік бергім келеді. Бірақ кеудемде бірнәрсе жібермей тұрады. Ол реніш пе басқа ма ол жағын білмедім.

Қазір ол сенің айтқаның болады деп отыр. «Жаңа өмір бастаймын. Сенен басқа ешкімге үйленбеймін, сені ешкімге бермеймін, біреу алып қашқанның өзінде тауып алып, өзіммен алып кетем. Саған өзіңе лайықты ұсыныс жасаймын. Қашан үйленейік дейсің сол кезде үйленеміз, бір жылдан кейін десең бір жылдан кейін, қазір десең қазір. Алып қаш десең де, ұзатып ал десең де айтқаның болады» - дейді. Мені сен ғана жақсы түсінесің дейтіні бар. «Сүйемін» дейді ғой, бірақ сенбеймін. Есегі судан өтіп алған соң, өзеріп шыға келетіндей көрінеді.

Майысып жүретін 18 жаста емеспін, бұйырса, жазда 25-ке толамын. Кейде күйеуге шықпай қалатындай қорқатыным тағы бар. Ешкімді оңайлықпен ұнатпайтыным тағы бар. Ал мына жігітке тұрмысқа шығайын десем, қатты қорқамын. Қателесуден қорқамын. Сенгім келеді, бірақ белгісіз бірнәрсе ұстап тұрады. Толығымен бас тартып, талай нөмірімді ауыстыруға тырыстым, бірақ олай да істей алмадым. Өзі сымбатты жігіт, содан ба екен, әлде сенбегендіктен бе жанымда болса да ешқашан менікі болмайтындай көрінеді.

Тұрмысқа шығу үлкен қадам екенін түсінем. Кейде 5-6 жыл таныспыз. 5 жылдың ішінде қарым-қатынасымызды бір жақты ете алмаған адамнан не күтемін деп ойлаймын. Кейде отбасы болғанда мүлдем басқаша болатын шығар деп ойлаймын.

Өзім Алладан тілеп жүрем Жарды адалынан жолықтыршы, маған қайырлысын қыла көр деп. Өмірлік жар алдын ала белгілі дейді ғой. Кім білсін?!

Қандай ақыл-кеңес бере аласыздар? Не істесем екен? Сіздердің кеңестеріңізді асыға күтем. Алдын ала рақмет!

Автор: Құпия қыз
Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com