Жүйкесі «тозғандар» саны өсіп барады

Ақпан айының аяғында Оңтүс­тік Қазақстан облысы Балықшы ауы­лының 43 жастағы тұрғыны 6 көршісін атып, ауыл сыртына шығып, соңғы оқты өзіне арнаған еді. АҚШ-та мұғаліміне ренжіген мектеп оқушыларының сыныптас­тарына оқ жаудырып, жайратып салуы дағдыға айналып барады. Кейбір азаматтар, тіпті, болма­шы нәрсенің өзіне түтігіп, бір-бірі­не жұ­дырығын ала жүгіреді. Ақ­төбе қаласындағы үш тілде оқы­та­тын №21 гимназияға балаларын тасы­ған ата-ананың бір-біріне жол бермей, білек сыбанып төбе­лес­ке­ніне жақында өзіміз куә болдық. Осы­ның бәрі неден?

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының болжамы бойынша 2020 жылға қарай депрессияға шалдыққан «нервныйлар», жүйкесі бұзылған жандар көбейеді екен. Бұл аздай, мамандар тарапынан депрессияға ұшы­раған адамдардың басқа аурулармен са­лыстырғанда 2 есеге дейін көп көз жұматыны да айтылған.
Қазақстанда қазір жаны күйзеліс­ке ұшыраған адамдар саны 300 мың­дай. Жұртшылық арасында «жындыхана» немесе «дурдом» аталатын психоневрологиялық диспансерге дені сау адамның да түсуі оп-оңай. Ауру­дың бүгін күліп жүрген жанды алып ұруы қиын емес.

Сырқатқа кез келген маман­дық иесінің, әртүрлі жастағы азаматтардың шалдығуы мүм­кін. Қоғамның алмасуы, өтпелі кезең, нарықтық қарым-қатынастың қалыптасу сәті, елдің экономикалық жағ­дайына ғана емес, адамдардың психологиясына, жүйкесіне де ерекше әсер етті. 90-шы жылдардағы кәсіпорындардың тұралап қалуы, жаппай жұмыссыздық, қылмыстың көбеюі, бұрынғы адами құндылықтардың адыра болуы, әсіре қымбатшылық адамдар санасына ауыр салмақ салды. Қазір соның салдарын жер шарының 450 миллионға жуық тұрғыны тартуда. Тіпті, 2007 жылдардағы ғаламдық қаржы дағдары­сы кезіндегі Жапонияның бан­кротқа ұшыраған бірқатар биз­несмендерінің өздерін-өздері өлтіруі әлі ұмытылған жоқ. Дүниежүзінің әрбір төртінші отбасының бір мүшесі жүйкесі бұзылу дертінен айыға алмай келеді. Сол кезеңнің санаға салған салмағы одан әрі ауыр­лай түсуде. ДДСҰ (ВОЗ) әлем халқының 12 пайызының жүйкесі жұқарған деп есептесе, 2020 жылға қарай олардың саны 15 пайызға жететіндігін жорамалдап отыр. Жүйке бұзылуы науқасы арасында депрессия, невроздар бірінші орынға шығады деген болжам осы дерекке сүйеніп жасалынған.
2005 жылғы «Психикалық денсаулық және қоғамдағы қауіпсіздік» тақырыбымен өткен 1-ұлттық конгресінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде 1 млн адам өмірлерін өздеріне қол жұмсап аяқтайды екен. 20 млн. адам өздерін-өздері өлтіруге әрекет жасайды. Бұл көрсеткіштердің бүгінде өсе түскені анық. Ақтөбе облыстық психоневрологиялық диспансерінің бас дәрігері Рауза Құбаеваның айтуынша, қалада жүйке ауруларына әртүрлі дәре­жеде шалдыққан 2 мыңдай адам есепте тұрады. Аталған диспансер туралы адам сенгісіз қауесет көп. Прокуратура тара­пынан тексеру болып тұрады. Олардың іздейтіні – абақтыға ұқсас бөлме екен. Бас дәрігер мұндай күштеп ұстайтын арнаулы бөлме атымен жоқ екенін айтады. Кейбір сырқаты асқынған «тентектер» дәрінің уытымен қалыпқа түсіріледі.
Жүйкесі «тозғандар» қандай әлеу­меттік топ арасында жиі кездеседі десек, депрессияның асқыну қаупі отба­­сыларымен салыстырғанда, жал­ғызі­лікті және ажырасқандар арасында 2-4 есе жоғары болады екен. Ал, әйе­лінен ажырасқан және жалғызбасты еркектердің жүйкесі жалғызілікті әйел­дермен салыстырғанда, әл­сіз. Депрессияға жұмыс­сыздар, үмітсіз науқасты күту­шілер, дәрігерлер мен қоғамдық тамақ­тандыру саласының қыз­меткерлері көбірек ұшырай­ды.
Психолог, мұғалім Шолпан Құрма­шеваның айтуынша, балалардың агрес­сиялық ұрын­шақ мінез-құлқына теле­арна және интернет қана кінәлі емес, оларға ата-аналарының көңіл-күйлері де әсер етеді. Мәселен, бір оқушы қыздың қызмет істейтін анасына бастығы «күн көрсетпейді» екен. Үйіне келген анасы ішіндегі мұңын қызымен бөлісетін көрі­неді. Оқушы жасөспірімге бұл мәселе айрықша ауыр тиіп, үнемі ашуланып жүретін болған.
Бүгінгі жүгірмектер қандай ойын ойнайды? «Терроршы» ойыны «ермекке» айналыпты. Бұрынғы «соғыс» ойынының орнын сол баса бастаған. Екі команда: «террористер» және «спецназ» болып ойнайтындар «қолға түсірген» «лаңкесті» көпқабатты үйдің жертөлесіне қамап, босатуды сол күні ұмытып кетеді. Қол-аяғы бай­лаулы «тұтқынның» сол түнде жүйкесі бұзылып шығады. Бүгінгі таңда мұндай мысалдар баршылық.
Адам өзінің психикалық жағдайын дер кезінде сезінеді ме? Көңіл-күй неге жиі бұзылады? Дәрігер, медици­налық психолог Айнұр Мәндібаева­ның пікірінше, адамның тез шаршауы, сел­қостық, өмірдің мәнін жоғал­туы, тамаққа тәбетсіздік, өзін күтпей салдыр-салақ киінуі, жақындарына жаны ашы­мауы – жүйке жұқаруының белгі­лері. «Кейбіреулер психо­неврологиялық диспансерге қаралудан қашқақтайды. Пси­хиатрға көрінбесең де, пси­хологтар кеңесінен үрікпеу қажет», – дейді, дәрігер А. Мәнді­баева. Соңғы уақытта оқушылар, жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау деректері көбейіп, Қазақстан ТМД елдері арасынан алдыңғы қатарға шықты. Рес­публикалық психиатрия-психо­терапия және наркомания ғылыми-тәжірибелік орталығы ел азаматтарының психикалық денсаулығына талдау жасайды. Мәселе – үкімет бақылауында.
Орталық 1990-2000 жыл­дар аралы­ғында санаға түскен салмақтың енді жеңіл­дей бастағанын айтады. Дәрігер-психиатрлар әлемдік психи­калық ауру­ларды екіге бөледі. Бір топқа – психоз, шизофрения, депрессиялық психоз, жарақатқа және инсульт­қа ұшыраған­дар кіреді. 90-шы жылдары халықтың 25 пайызы психикасы бұзылу зардаптарын шекті. Қазір де жұмыстан қысқарту, әртүрлі аттестациялар қарсаңында пси­хологтар көмегіне жүгіну қажет. Маман психологтар пікірінше, адамның мінез-құлқы психологияға байланысты. Мәсе­лен, сыбайлас жемқорлық, коррупция әлеуметтік құбылыс ретінде әлеуметтік сала пси­хологиясына қатысты. Ал, әлеу­меттік психология мен медициналық психологияның ара жігін қалай ажыратуға болады? Орталық мамандары оның арасы өте жақын екенін айтады. Әлеуметтік психология қоғамдағы өзгерістерге бай­­­ланысты. Ал, жұмыстан қыс­қару – әлеу­меттік фактор. Егер одан кейін адамда депрессия байқалса, ол медици­налық қыз­метке жатады.
Дәрігерлер қазіргі қылмыс­керлер «жын­ды» болып көрінуге ұмтылмайтынын да айтады. Ақтөбе облысындағы сот меди­циналық сараптамасына заң бұзғандар жиі жолдама алады. Олардың ішінен 5 пайызының ғана ақылы аумалы-төкпелі болып шығады. Ондайлар Алматы қаласының түбіндегі «Талғар» түрмесінде жазасын өтейді.