Халықтық тәрбие

Ұлттық білім беру ұлттық ерекшеліктерді, ұлттық болмысты, ұлттық психологияны, ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, дінін, тілі мен материалдық және рухани мәдениетін жақсы түсінуден тұрады. Халықтың ұлттық ерекшеліктерін қабылдаған адам сол халықтың өзге халықтан өзгешелігін анықтайды, сол ерекшеліктерді өз бойына сіңіреді, оның нақты көріністерімен дараланады. Халықтық педагогика мен халықтық тәрбиедегі даналық, ондағы ерекше тәрбие белгілері ғалымдардың қызығушылығын туғызып, ал осыдан барып халықтық педагогиканың әлеуметтік талапқа деген ерекше қатынасы туындайды.
Барлық халықтың рухани байлығы мен эстетикалық құндылығын еңбек қалыптастырады және ол сол халықтың өмірі мен берекесін қамтамасыз етеді. Сондықтан халықтық педагогика жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, жеке тұлғаның адамгершілік және ойлау қабілетінің, физикалық тұрғыда өсуіне сонымен бірге оның эстетикалық талғамының қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Әсіресе халықтың рухани мәдениетінің негізгі бір бөлігі болып табылатын діни ұғымның бұл тұрғыда маңызы зор. Халықтың қалыптасу үрдісінде оның діни наным-сенімі қалыптасады. Ал сол наным-сенім діни тәрбиенің базалық категорияларын толықтырады. Осы екі бағыттағы тәрбие үрдісінің белгілері бірін-бірі толықтырып, жандандырып отырады.

Көп ұлтты Қазақстан Республикасында мемлекеттік саясат тұрғындардың құрамын ескере отырып жүргізіледі. Қазақстан Республикасының Елбасы Н.Ә.Назарбаев біздің мемлекетімізде «барлық халықтардың бір-біріне сіңісіп кетуіне және бір-біріне қысымшылық жасауына, ұлттық құндылықтарға, тілге, жалпы адамзаттық ұлттық байлықтарға, құрметпен қарамаушылыққа жол жоқ» - деп көрсетеді.

Қазақ халқының педагогикалық, психологиялық ой-пікірін, соған сай отбасылық тәрбие дәстүрін қарастырғанда тұлғаны қалыптастыру бағытының басымдығын аңғарамыз. Өйткені, қазақ отбасы тәрбиесінде өскелең ұрпаққа жеке дербес тұлға деп қарау, оған құрмет көрсету жастарды қоғамдық - әлеуметтік мәні үлкен істерге араластыру орын алған. Сонымен бірге, баланың жеке басының дамуы мен мінез-құлқында кездесетін ауытқуларды түзетуде қоғамдық және отбасылық тәрбиенің бірлігін қамтамасыз ету көзделген. Баланың максималды дәрежеде өзін-өзі тануы, өзін-өзі жетілдіру мен әлеуметтік белсенділігін арттыруға шексіз мүмкіндік жасау мақсатында әр түрлі іс-әрекет түрлерін, формаларын жетілдіріп отырған.

Сөйтіп, қоғамдық және отбасылық рухани құндылықтарды байыта отырып, әрбір баланы тек қоғамдық білім қорын жинақтаушы ғана емес, бойында жоғары мәдениеттілігі мен мінез-құлқы, өзіндік идеясы мен қызығушылығы жоғары азамат етіп қалыптастырған.

Кезінде қазақтың ақыны Абай Құнанбаев та «Адам» ұғымына сипаттама беріп, оның қалыптасу және даму сатыларына тоқталған болатын. Онда ақын өзінің 11 қара сөзінде «Қашан бір бала ғылым білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деп сипаттама береді. Сонымен қатар адамдық сипаттар немесе қасиеттер ретінде өзі үшін емес халық мүддесі үшін өмір сүрудің маңызын «өзі үшін өмір сүрген адам өз бетінше оттаған хайуанмен тең, ал көпшілік үшін тіршілік ететін адам «нағыз адам» дегенді келтіреді.

Жоғарыда келтірілген бұл анықтамалардан біз, тұлғалық сапалар қашанда оның өз бетінше ізденушілік іс-әрекеті нәтижесінде қалыптасып, адамзат қоғамына пайдалы әрекет көрсетуі арқылы сипатталатынына көзіміз жетеді.

Адам бақыты — қоғамдық өмірде қалыптасатын, қол жететін абсолютті, әркімге тиесілі игілігі. Өзгелермен қарым-қатынаста болу — бақытқа жетудің басты шарты. Өйткені, бір-біріне қол ұшын берген, біріне-бірі жәрдем беретін адамдар ғана бақытқа жете алады. Бақытты жан бас қосуға, қауымдасуға бейім, бақытсыздар өз басын алып жүре алмайды, бас қосып бірлесуге ынжық. Олар адамгершілік пен әділеттілік тәртібін негізге алмайды.

Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі салт-дәстүрлері мен ондағы сенім-түсініктерінің мәні ислам дінінің қабылдануына дейінгі халықтың наным сенімдерінің бүгінге дейін сақталғандығынан дерек береді. Олар бір мезгілде қабаттаса қолданылып, бірін-бірі толықтыра түседі. Мұсылман діні, басқа халықтар секілді, қазақтарда да ислам дінінің әдет-ғұрыптары пайда болғанға дейінгі жергілікті діни әдет-ғұрыптармен астасып жатады. Бұл қазақ халқының ұлттық болмысының қалыптасуына ықпал етіп, олардың көзқарастары мен дүниетанымының, ұлттық менталитетінің қалыптасуына көмектеседі.

Ғалым Б.Кiшiбеков қазақ халқының мінез-құлқы оны қоршаған ортаға — кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты, - деп тұжырым жасайды. Ғасырлап ен далада мал бағып, қысы-жазы тек мал соңында асықпай көшіп-қону арқылы қалыптасқан қазақтың мінез-құлқын ғалым төмендегідей етіп сиаттап көрсетеді.

Қазақ халқы табиғатынан қарапайым. Киген киімі қашан да мол, етек-жеңі кең болып келеді. Бұл оның көшпелі тұрмысына, атқа мініп, түсуіне, жерге малдас құрып отыруына ыңғайлы. Шапанының, тонының етегі отырған орнына төсек, ердің үстіндегі көпшігі жастық, шапанын көрпе етіп, кез келген жерге, төсек таңдамай керек болса жата кететін. Мінезі де ен даласындай кең, жазық, ашық, жайдары. Қазақ ешқашан қысылып, қымтырылмаған. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, қазақ не айтса да қисынын тауып айтуға тырысқан. Сөзге мән берген. Сөзіне қарай кісіге құрмет көрсеткен. Уәжге тұрған. Бұл оның ерекше қимыл-қасиеті.

Қазақ кекшіл емес. Іштарлық та басқа халықтарға қарағанда, қазақта бәсеңдеу. Көп ішінде біреу мінеп, мінезінің кемістіктерін, шыққан тегін кемсітіп, бетіне басып, өлеңге қосса, шамасы келсе ол табанда жауап қайтарған. Уәжі күшті болса жеңген болып есептелген. Жеңіліп қалса кек сақтамаған. Сыртқа шығып, айналаға көз салып, көңілі жадырап кететін болған.

Қазақ кімнің кім екенін бір ауыз айтқан сөзінен, былайша айтқанда «сөз саптауынан» байқаған. Кісінің ақылын бірден байқау қиын. Ол тереңде жатады. Бірақ оны байқау үшін көп сөйлеудің керегі жоқ. Оны қазақ бір ауыз сөзден байқаған.

Қазақтың түсі суық емес, жайдары, беті ашық, бас киімін көзіне түсіріп кимеген. Қазақтың ішкі кең табиғи ақылдылығы, жайдарылығы оның бетінен байқалған. Қазақта бас кесу, дарға асу, зынданға салу деген жаза болмаған. Қазақтағы барлық жаза — айып төлету. Қазақ пейілі кең халық. «Өле жегенше, бөле же», - деген сияқты ол барын басқалармен бөлісіп отырған. Ерулік, сыбаға, сарқыт деген кәделер соның көрінісі. Өзі сондай болған соң, өзгелерден де соны күткен, қазақ сараңдықты ұнатпаған. Қазақтың барлық байлығы, оның алдындағы айдаған малы болған, оны ешкімнен де жасыра алмаған.

Сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық болмысына тарихшылар да өзіндік сипат беріп, оның қалыптасу факторлары мен ұлттық, халықтық, азаматтық парыздарын айқындап берген. Нақтылап айтар болсақ, М.Молдабеков өзінің «Қазақтану» деген еңбегінде қазақ халқының өзіндік тыныс тіршілігіндегі түркі тілдес, дала үндес, рухы бірлік, өз тегіне үйлес тәжірибелер мен жарғыларға орайлас жеті ерекшелігін былай көрсетеді:

1. Ел жұртының қамын ойлау, халқын асырау.

2. Жері кеңнің өрісі де, өресі де кең екенін ұқтыру.

3. Кісілікті құрметтеу, қасиетімен жұғысу, дәстүр - салтпен табысу.

4. Көркем сезім серіктігі, тура сөздің мәнділігі, бүтін ой тереңдігі.

5. Ердің еңбек пен намыста есеюі, белсенді әрекетте бірлесуі.

6. Өткенді әділет тұрғысынан таразылау, елдік бітіммен көгеру.

7. Көк Тәңірге табыну, иман сақтау.

Осы мәселелер мен мақсат-міндеттер аясында ес пен зерденің нысаны анықталды, тұлғалық және тарихи тәжірибенің тоғысқан шептері қалыптасты, - деп ой түйіндейді.

Ғалия Абилбакиева