Жас тігіншілерге кеңес

Тігін машинасын жөндеу жұмыстары көп уақытты алады және ол қызмет өте қымбат. Сондықтан бұзылудың алдын алған жөн.
– Жабдық дұрыс әрі ұзақ уақыт жұмыс жасауы үшін тазалыққа назар аудару керек. Егер тазалық сақталмаса, оның бөлшектері шаңға толып, тігіске кедергісін келтіреді. Тіпті матаға зақым келіп, шығынға батуың да ғажап емес. Оның алдын алу үшін жабдық бөлшектерін жұмсақ сулықпен сүрту керек. Ал саусақ сыймайтын бөлшектерді қатты кистпен тазалауға болады. Тек есте сақтарлығы машинаны тазаларда инені бөлек алу керек.
– Машина жұмысы бірқалыпты болуы үшін арнайы май жағып отырған жөн. Тігін машинаңыздың қай бөліктерін майлау керектігін нұсқаулығынан оқып алыңыз. Алайда, барлық тігін машиналарына бірдей бір ереже бар: мүмкін болса, машинаның жоғары бөлшегінің қабын ашасыз. Барлық қозғалатын, айналатын бөлшектерін майлау керек. Кейбір машиналардың қабын ашып керек емес, майлау үшін арнайы тесіктері болады.
– Майлап болғаннан кейін табанына мата тілімін тастауды ұмытпа. Инесін түсіріп, бірнеше сағатқа қою қажет. Артық май матаға ағады.

800Тігіс тігерде есіңде болсын!
– Қандай да бір дүние тігіп жатқанда жіп қатты тартылып тұрғанын байқасаң, жіп салынған қайықтың сырт жағындағы серіппенің реттеу бұрамасын (винт) босату керек.
– Егер тігіс дұрыс түспесе, иненің дұрыс орналасуын тексерген жөн. Айта кетейік, қалыпты жағдайда иненің жылтыр беті теріс, ал өзекше тұсы тігінші отырған бетке қарап тұруы тиіс.
– Ине мен жіптің нөмірі бір-біріне сәйкес келуі керек. Егер ине сынып қала беретін болса, демек жіп сәйкес келмейді деген сөз. Бірақ көп жағдайда 40-шы нөмірлі жіп қолданылады.
– Тігіс барысында матаның жылжуы нашарлап кетсе, мата тартқыш тісін ретке келтірген абзал. Оны реттеуіш бұрама арқылы жүзеге асыруға болады.
– Айналдыру таспасы босап, айналып кете берсе, онда белдікті қысқарту қажет.
– Ине тот баспас үшін сабынға қадап қойған жөн.
– Қораптағы инелер шашылмас үшін оның астына магнит жабыстырып қою керек.
– Қалың матаны тігу қиынға соқса, инеге сабын жағуды ұмытпа.

Техникалық қауіпсіздік ережесі
– тігіс тігерде жарық сол жақтан немесе алдыңғы жақтан түсу керек;
– тігінші денесін тік ұстап, басты сәл ілгері еңкейтіп отырғаны абзал;
– машинаның айналатын бөлшектеріне тым жақындамау қажет;
– тігінші отырған орындық пен машинаның арақашықтығы кемінде 10-15 см болған дұрыс;

Тігін машинасының үш түрі бар
1. Қол машина
2. Аяқ машина
3. Электрлі машина