Жұбайлар бар әңгімесі таусылған

Болмашы әрекеттермен бірін-бірі мезі еткен ғашықтар кездеседі. Ал еш себепсіз жұбымнан жалықтым дейтін адам жөнінде не деуге болады? Адам бір күні жалығамын-ау, жалығып кетпес пе екем, басқаға көзім түсіп кетпес пе екен деген сенімсіздікпен жүргенде ғана мұндайға ұрынады. Сезіміне сенімді адам теріс әрекетке жол бермеуі өз қолында, өз санасында. Өзінің ойына өзі сенсе болды.

Гүл секілді нәзік сезім қос тараптан да суарылып тұрмаса, солып қалары анық. Ал сезімнің семіп бара жатқанын қайдан білеміз?

Күлімсіреген келбетін сирек байқайсыз. Бұрын ашық жарқын жүріп, күліп, күлдіріп отыратын болса, енді қабағын шытып алатын болған.

Сөзіңізді мән беріп тыңдамайды. Басталған әңгіменің тез бітуін қалайды. Араларыңыздағы сөз жай уақыт өткізіп, тек қарапайым нәрселерді сұрау түрінде жүреді.

Тырнақ астынан кір іздеп, сәл нәрсеге жүйкесі жұқарып, дауыс ырғағы бірден өзгереді.

Пікіріңізге келіспей, үнемі қарсы пікір айтады не жағымсыздық сезімін үнсіздікпен жеткізеді. Онымен сөйлесу, араласу еш мәні қалмағандай болады.

Қамқорлық сезінбеген соң, жиі торығып мұңға батасыз. Айналаны қою қараңғылық басқандай болады.

Бұрын жақсы көрген әтірінің иісі де енді жек көрініш тудырады.

Осындай оғаш қылықтар байқалса, қарым-қатынасыңыз бұзылуын қаламасаңыз, бірден ашық әңгімеге тартқан жөн. Арақатынасты тоқтататын жағдайда да сергелдеңге салынып жүре бергенше, бірден мәселенің басын ашып алған артық.