Қазақтарда расымен де ажырасушылар саны күрт көбейіп кетті.

Бұл мәселе бүгінгі күнтәртібіндегі өткір де күрделі мәселелердің бірі де, бірегейі. Талай әңгімеге арқау болды, талай мінберлерден таласқа да түсті. Әлі де талай сөз болары хақ. Қазіргі қазақ қауымында ажырасу неге көп? Осы сауал сан қазақтың санасын сансыратып отыр. Бірінші кезекте дер едім, халқымыздың сонау бағзы замандардан ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан киелі де қастерлі қасиеттерінің бойымыздан біртіндеп жоғала бастауы. Санамызға «жаңа қазақ» деген ұғыммен сіңе бастаған бұл сорақылық маңдайымыздың сорын бес елі етті. Мысалы, «жаңа қазақ» азаматтық неке дегенді қанына сіңіре бастады, «жаңа қазақ» ана тілін білмейді, «жаңа қазақ» ұлттық санадан ажырады, «жаңа қазақ» гендерлік саясатты дәріптей бастады, «жаңа қазақ» орысша білмегендерді адам құрлы санамайды, т.б.
Азаматтық неке демекші, жастардың көбісі осы жолды дұрыс деп ойлап, бұрыс екеніне соңында ғана өкініп жатады. Аз уақыт бұрын қателеспесем Айтуға оңай ток шоуы осы тақырыпты талқылады. Азаматтық некедеміз деген кейіпкерлердің дәлелі мен дәйектеріне қарап, бір қызардым, бір бозардым. Ең сорақысы сол, азаматтық неке дегеніміз болашақ жарың болатын адаммен бір үйде, бір төсекте бір неше ай немесе бір неше жыл бірге тұрып көру керек екен де, ұнаса үйленіп (заңды некеге тұрып), ұнамаса басқа біреумен экспериментті әрі қарай жалғастыру қажет екен. Өкінішті-ақ! Ол аз десеңіз көрермендердің біреуі азаматтық некедегі жігітке: - егер сіздің қарындасыңыздың басынан осындай жағдай өткенін қалар ма едіңіз дегенге саятындай сұрақ қойып еді, міңгірлеп тұщымды ештеме айта алмады.
Бейресми деректерге сүйенсек, жылына үй болушылардың отыз пайызы ажырасады екен. Бізден басқа мұсылман мемлекеттерінде бұл көрсеткіш тіптен төмен. Ал Түркияда мүлдем ажырасу деген болмайтын көрінеді. Ал бізге жоқ?

Автор мырза өте өзекті тақырыпты қозғаған екен. Қара көз қарындастарымыз бен қарадомалақ қазақ бауырларымыздың отбасын құру мәселесі, олардың ажырасуына қабырғаңыз қайысып қатты уайымдайтыныңыз көрініп тур. Алайда мен азаматтық некені қолдаймын. себебі Алла алдында некеге тұрып, бала сүйіп, ағаттық жасағанша, сондай қателікті болдырмау үшін жастардың бір-бірін жақынырақ танып білгендері дұрыс шығар деп ойлаймын. Адам мінезін өзгерту мүмкін емес. Сүйекке біткен, ана сүтімен қанына біткен мінез кесірінен қаншама адамдар ажырасуда, егер бірге біраз уақыт тұрып, мінездері бір-біріне сәйкес келген адамдар болашақта отау құрғандары дұрыс шығар. Бұны қанша дұрыс емес десек те, табиғатымызда да "сұрыпталу" заңы бар емес пе?! Үйленіп - ап бала-шағасын шұбыртып ажырасқанша бір-бірінің сырына қанығып, семьясын баға алатын жағдайы бар ма, материалдық қажеттіліктерді қаншалықты қанағаттандыра алады, адамгершілік қасеттері қандай, және т.б. бір-бірінің кемшіліктері мен артықшылықтарын білгені дұрыс қой. Себебі кейбіреулер үйленгенге дейін керремет адам боп жүреді, ал үйленгеннен кейін бетіндегі "маскасын " шешіп айдахардай ақырып, арақ ішіп, қол көтеріп , жарына жәбір көрсететін жағдайлар аз емес қой. Ұлы сөзде ұяттық жоқ, кейбіреулер жарына қанағаттанбағандықтан да, отбасын тастап, басқан адамға кетіп қалатын жағдайлар аз емес қой. Бұл тек менің ғана пікірім, егер бұны дурыс емес десеңіздер өздеріңіз біліңіздер. Алайда адам өмірі бәрінен қымбат! Бірақ рет өмірге келеміз, осы өмірді сүйгеніңмен тату-тәтті куліп ойнап, бақытты өткізгенге не жетсін шіркін!