Жанкент қаласын неге "Жыландар шаһары" деп атайды?

Ертеректе бұл Жанкентті Санжар есімді хан билеген. Қаланың басшысы аңшылыққа, саятшылыққа жаны құмар кісі болған деседі. Бір күні нөкерлерін жиып, аң қуа шыққан Санжар қылышын сарайында қалдырып кетеді. Қаруын алып келмекке хан құлын жұмсайды. Басшысының тапсырмасысымен Санжардың әйеліне келіп, қылышты сұраған құл ханның әйелінің ақ білегін көргенде сұлулығына тамсанып, есінен танып қалады. Осындай сұлулыққа ие Санжардың жары әйгілі Қарабура әулиенің қызы еді. Біраз уақыт өте кешігіңкіреп келген қол астындағы қарашаға хан ашуланып, қаһарын төгеді. Айыбын жуып-шаймаққа әлгі құл «Сарайда Бегім сұлу білегімнен ұстап жібермеді» деп жалған айтады. Ашуға мінген хан қалаға оралып, оқиғаның ақ-қарасын анықтамастан әйелінің оң қолын, оң бұрымын шауып тастайды. Сөйтіп Бегім сұлудың әкесі осындай оқиға болып жатқанын сезіп, қызын ақтап алмаққа қарекет жасайды. Зынданға тасталған қызының бейкүнә екенін сезген әулие Санжарға егер Бегім сенің алдыңда таза болса ертең бұрынғы сау қолы ғажайыппен қалпына келеді. Ал, таза болмаса мәңгі бақи мүгедек боп өтеді деп кесіп айтады. Ертеңгі күн туып, хан зынданнан Бегімді алдырса, екі қолы, бұрымы қалпына келген екен. Бұдан кейін Қарабура әулие қызына жасаған қиянаты үшін Санжарға «Еліңді қара жылан жұтсын» деп қарғайды. Ертеңінде қалаға қара жылан жаңбырша жауып, халықтың бірін қалдырмай шағып өлтіреді. Осылайша, өркениетті Жанкент қаласында қас пен көздің арасында тірі жан қалмай, бұл аймақта мәңгілікке түтін түтемей қалды. Бүгінде Жанкент қаласында әлі күнге дейін қара жыланның қарасы көп. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл сыртында жылтырап, шұбалып жататын деп еске алады ауыл ақсақалдары. Ал, сол Бегім ана кесенесі бүгінде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында орналасқан.

Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/tehno/bilesiz-be/51024/