Уақыт не себепті әмбебап

Барлық халыққа ортақ ұғымдық категорияларды әмбебап категориялар деп атайды. Адамзат баласына ортақ әмбебап категориялар туралы ойлау сонау Аристотель еңбектерінде көрініс тапқан және ойшыл әмбебап категорияның онға жуық түрін айтады. Олар : 1) субстанция
2) мөлшер 3)сапа 4) қарым-қатынас 5) кеңістік 6) уақыт 7) жағдай 8) қозғалыс 9) сырт көз көрінісі, мысалы: киім киген 10) претерпевание. Осындай жалпыадамзаттық мәндегі негізгі әмбебап катеориялардың бірі-уақыт ұғымы. Адам қоғамда биологиялық, әлеумпеттік, қоғамдық, тарихи, мәдени т.б. тұлға ретінде белгілі бір уақыт пен кеңістікте өмір сүреді. Уақыттан тыс тұратын материалдық дүние жоқ. Антропоөзектік парадигмада уақыт ұғымы мына тұрғыдан көрініс табады. Біріншіден, уақыт-адам санасынан тыс шынайы уақыт ретінде материяның өмір сүру шарттарының бірі. Бірақ шынайы уақытты тану адамның сана қызметінің нәтижесі болып табылады, яғни адам уақытты қалай таниды, қалай түсінеді-мұны адамдардың уақыт туралы философиялық пайымдауларынан, ежелгі дүниетанымдық көзқарастарынан көруге болады. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде де уақыт ұғымының халықтық танымдық жүйесі бар. Қазақ дүниетанымында уақыт ұғымы аспан денелерінің қозғалысымен байланысты қалыптасқан. Екіншіден, адам танымындағы уақыт ұғымы тілдің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі лексика-семантикалықтоптарда әртүрлі семантикалық құрылымдарда көрініс тауып отырады және шақты білдіретін атауларда, тіпті тамақ, өсімдік, салт-дәстүр атауларының мағыналық құрамында да болады. Үшіншіден, адам осы сана арқылы қорытқан уақыи ұғымын коммуникативтік мақсатта қолданады, және қарым-қатынас, яғни сөйлеу кезінде адам міндетті түрде қандай да бір коммуникативтік уақыт ішінде тұрады. Себебі адам коммуникативтік актіде уақыт ұғымын мақсатты түрде қолданбаса да, сөйленім міндетті түрде шақтық қатынасты білдіреді. Уақыт-әмбебап категория, сол себепті де уақыт тілдік уақыт шеңберінде ғана қаралмайды. Дүниеде уақыт пен кеңістіктен тыс тұратын нәрсе жоқ. Осы тұрғыдан уақытты мифтік уақыт, экологиялық уақыт, биологиялық уақыт, әлеуметтік уақыт, психологиялық уақыт т.б. түрінде әр қырынан танып-білуге болады.