Уақыттың түрлері

Оқиғалардың тарихи мерзімдері, яғни тарихты құраушы адамзаттық құндылықтар – осының бәрі біз қарастырып отырған уақыт ұғымының, уақыт идеясының әртүрлі қырлары, аспектілері болып табылады. Уақыттың төменде биологиялық, экологиялық, психологиялық, тарихи, мифтік, әлеуметтік т.б. түрлері бар. Биологиялық уақыт – жанды тіршілік иелерінің уақыты. Биологиялық уақыттың табиғи негізіне адам мен жалпы тіршілік иелеріндегі өмір фазаларының тұйық түрде алмасуы жатады. Жалпы тіршілік циклы туу, өсу, ержету, гүлдену, қартаю, өлу кезеңдерінен тұрады. Биологиялық уақыт пен кеңістік әртүрлі тіршілік формаларының кеңістік пен уақыттың шеңберіндегі өмір сүру ерекшеліктерін, өсімдік пен жануарлар әлеміндегі түрлердің ауысуын т.б. сипатайды. Мысалы, иттің өмірінің ұзақтығы 20 жылға жуық болса, қарғаның өмірі 300 жылға дейін созылады. Дүниедегі ең ұзақ өмір сүретін қолтырауындар өзгерместен, сонау динозаврлар өмір сүрген уақыттан бері келе жатыр. Адамның биологиялық өмір сүру ұзақтығына әлеуметтік факторлардың да әсері бар. Биологиялық уақыт та организмнің өмір сүруінің әр сатысында соған сәйкес өзгеріп отырады. Адамның жас кезінде организмдегі «сағат» айнала қоршаған уақыттан гөрі тезірек өтеді де, психологиялық тұрғыдан келгенде, адам өмірі баяу өтіп жатқан тәрізді болады. Кәрілік келіп, организм қартайған кезде оның «сағаты» қоршаған ортадағы уақыт ритмінен қалыңқырап, психологиялық тұрғыдан алғанда, өмірдің зымырап тез өтіп бара жатқанындай әсер тигізеді. Биологиялық уақыт мәселесі алдағы тарауларда лексикалық уақыт бөлімінде адамның, малдың жас ерекшелігімен байланысты кеңінен қарастырылады. Жыл мезгілдеріне байланысты ұғымдарды А.Сейдімбек «экологиялық уақыт» деп атайды. Экологиялық уақыт бойынша жыл мезгілдері жаз, күз, қыс, көктем болып сараланады. Осы жыл мезгілдерімен байланысты қазақ тілінде мынадай тілдік қолданыстар бар: көктем шыға, күз түсе, жаздың соңына қарай, көк қылтия, көк шыға, қар бекіген кезде, шілдеде, өліарада т.б. Ал табиғат құбылыстарымен байланысты іс-шаралар мынадай уақыттық ұғымдарды тудырған: ел жайлауға көшерде, малды көктеуге шығарарда, күзекке көшіп қонарда, қыстауға қайтар кезде т.б. Экологиялық уақыт өлшемі болып табылатын тәулік кезеңдері атаулары Н.Уәлиев еңбектерінде кеңінен қарастырылған. Олар: таң, таң атқанда, таң құланиектене, таң бозарып атқанда, таң сімірі, ереуіл таң, көгалаң таң, рауан таң, сабах, сахар, құлқын сәрі, памдат уақытында, сәскемәл, сәске, ерте сәске, ұлы сәске, қан сәске, сиыр түс, қозы түс, түс әлеті, талма түс, талмау түс, таңдай тал түс, шалқар түс, талықсыған тал түс, түс қия, бесін, айна бесін, қожа бесін, екінді, намаздыгер, іңір, іңір қараңғысы, намазшам, құптан мезгіл, марқа туған, түннің бір ұйқысында, түннің екі ұйқысында, түн жарымда, түн ортасы ауған кез, жеті түнде, таңға бір ұйқы қалғанда, таң қараңғысы т.б.
Генеалогиялық уақытқа адамдардың шыққан тегі, ру шежіресі меже болып отырады. Әдетте, генеалогиялық уақыт межесін «жеті ата», «ұлы баба», «баба», «ата», «әке», «бала», «немере», «шөбере», «немене», «шөпшек», «туажат» т.б. туыстық атаулармен түсіндіруге болады. Генеалогиялық деректер неғұрлым байырғы болған сайын, соғұрлым уақыт межесі көмескіленіп, болжалдық сипат алады. Көшпелі қоғамда генеалогиялық уақыт көп жағдайда кеңістікпен шектесіп жатқан, мысалы: Арқада Сағынайдың асы болғанда, Жетісуға даңқы жайылған Медеубайдың тұсында, Маңғыстаудың Жетіқайқысы серілік құрған заманда т.б.Жағдаяттық (ситуациялық) уақыт межесі ел есінде қалған белгілі бір оқиғалармен немесе шаруашылық ыңғайымен, өмір салтымен сабақтасып жатады. Мысалы, Ақтабан шұбырынды кезінде, Ақ тышқан жылғы жұтта, Абылайды хан көтергенде, Аңырайқайда қалмақтар қирай жеңілгенде т.б. Бұл тіркестердегі уақыт халық жадында қалған оқиғалармен байланысты анықталады. Яғни уақыт межесін жағдаяттар (ситуациялар), оқиғалар көрсетеді. Жағдаяттық уақыт межесі қазақ тіліндегі ұлттық дүниетанымдық қолданыстардан да айқын көрінеді. Мысалы: жылқы күзерде, күзем жүнінің қырқымында, бие байларда, қозы жамыратқанда, ел орынға отыра, қан сонарға шығарда, баланы бесікке саларда, балаға тоқымқағар жасағанда, сірге жиярда, биенің бас сауымында т. б. Жағдаяттық уақыт межелері тікелей өмірде болған оқиғалармен, шаруашылық ыңғайымен, салт-дәстүрмен орайласып жатады.. Тарихи уақытта уақыт межесі календарлық есеп, жыл қайыру, мүшел есебі арқылы пайымдалады. Әдетте, тарихи уақыт межесі күн, түн, тәулік, апта, ай, тоқсан, жыл, мүшел, ғасыр, заман, дәуір сияқты ұғымдар арқылы анықталады. Мысалы, өткен заманда, есте жоқ ескі заманда, ежелгі дәуірде, ХХ ғасырда, мың тоғыз жүз он жетінші жылдың қазан айында т.б.Кеңістік категориясына қарағанда уақыт категориясы тарихи процестермен тығыз байланысты. «Өткен дәуір, яғни аталар дәуірі, ол – алтын ғасыр, ол – өмірдің айнымас эталоны, үлгісі». Психологиялық уақыт, негізінен алғанда, тек адамдарға тән. Ол адамның дүниені адами қабылдау мүмкіндіктерімен, және оның іс-әрекетімен тығыз байланысты. Мысалы, бір іспен қызу айналысып жатқан адам уақыттың қалай тез өтіп кеткенін білмей қалады, немесе бір істі қолға алған адамның іс жоспары бойынша белгілі бір уақыт мөлшері жеткіліксіз, ол адам үшін әрбір уақыт санаулы. Бұған керісінше, еш нәрсемен айналыспай бос отырған адам үшін уақыт мүлде өтпей қоюы мүмкін. Сол сияқты, белгілі бір ауыр жағдайда қалған адамға сол бір қас қағым сәт жылдай сезінілуі мүмкін, немесе біреуді, бірнәрсені күткен жағдайда да сол уақыт өтіп болмайды.
Психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралушылығы бола береді. Мұндай уақытқа қатысты психологиялық сезім көбінесе адамның бейсаналық, транспсихикалық ахуалдарында болады. Мысалы, егер сіз жас кезіңізде болған жерге қайта оралып, алғашқы махаббат оянған қайыңның жанында тұрсаңыз, өзіңіздің көңіл-күйіңізге байланысты сол балауса кезіңізге қайта оралғандай боласыз. Олай болса, психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралғандай әсері адам өміріндегі жан дүниесінде терең із қалдырған бейнелі оқиғалармен байланысты.Этномәдени уақыт жылнамамен өлшенбейді. Өйткені мәдениет сатылы қозғалысқа жатады, оның пайда болу, өркендеу, даму, құлдырау, жойылу, жаңа мәдениетке орын беріп, ығысуы не қайта жаңғыру кезеңдері болады. Мәдениеттанушы Т.Ғабитов этномәдени уақыттың мынадай түрлерін көрсетеді: мифологиялық уақыт, архетиптік уақыт, өркениеттік уақыт, дәстүрлік уақыт, инновациялық уақыт.