Абай: ашылмаған ақтаңдақтар

Соңғы 60 жылдың ішінде халқымыздың рухани абызы саналатын хакім Абай ата­мыздың еңбектерін әртүрлі баспалар шы­ғарған кітаптарда оның кейбір сөз­дері­нің бұрмаланғандығын және қате басылғандығын айтуды жөн көрдім. Атап айтқанда, сол кітаптарда аса көп қайталанған қателіктердің біріне 1890 жылы жазылған «Кейде есер көңіл құрғырың» деп басталатын өлеңнің үшінші шумағындағы бірінші өлең жолының соңғы сөзі жатады. Бұл шумақ осы жолдар авторының жеке кітапханасында тұрған, 1957 жылы Алматыда Мұхтар Әуе­зовтің редакциялауымен жарық көрген Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының 1-томының 121-бетінде:

«Махаббатсыз – дүние дос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар», – деп жазылған.

Осы шумақтың 1-жолы « Махаббатсыз – дүние дос», – деп жазылса, ал кейбір жи­нақ­тарда «махаббатсыз – дүние бос» болып өз­гереді. Мұндай өзгерген мәтінді, мысалы, төмендегі кітаптардан оқуға болады:

Абай. Өлеңдер. Алматы. «Жазушы», 1976, 101-бет.
Абай Құнанбаев. Қалың елім қазағым. Шығармалары. Алматы, «Жалын», 1995, 93-бет.
Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлең – сөздің патшасы. Шығармаларының бір том­дық толық жинағы. Халықаралық Абай клубы. Жидебай. 2008, 130-бет.
Абай Құнанбаев. Шығармалар жинағы. 2-басылым. Алматы, «Өлке», 2014, 179-бет.