Чех инженерлері қазақтарға тиімді жоба ұсынды

Чех инженерлері қазақтарға тиімді жоба ұсынды
Фото: massaget.kz

Еуропаның орталық аймағында орналасқан Чех Республикасы Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне дайын жобаларды таныстыру әрі жарнамалау мақсатымен келген. Олардың ішінде Қазақстанға тиімділері де бар. Сонымен, ең негізгі жобаларына тоқталып өтсек.

Мини ГЭС

Чех Республикасының делегациясы халықаралық көрмеге дайын коммерциялық өнімдерін алып келген. Солардың бірі – мини ГЭС. Бұл құрылғының құрылымы классикалық су электр станциясының  функционалдық принциптері негізінде жасалған.

"Бұл аппарат бүгінде өндірісте қолданылып жүр. Жақын Қырғыз елінің делегациясы Мини ГЭС-ке қызығушылық танытып, бір моделін сатып алды. Бағасы  1 миллион крон (34 000 еуро)",  дейді Чех павильоны комиссарының орынбасары Илона Короленко.

Короленко ханымның айтуынша, мини ГЭС-тің кез келген су арнасына бейімделген түрі сатылады. Мини ГЭС-тің ең кішкентай моделі 40 адамға арналған қонақ үй немесе жатақхананы электр энергиясымен қамтамасыз ету қуатына ие.

Мини ГЭС-ті Қазақстанның таулы аймақтарындағы орта көлемдегі өзендерге қондыруға болады. Мысалы, тау бөктерінде шоғырланған небәрі 30-40 үйі бар ауылдарға осы мини ГЭС аппараттарын орнату арқылы бірталай қаржыны үнемдей аламыз. Ал ондай ауылдар біздің елде көп.

Электрлі автобус

Чехияның Scoda Transportation компаниясы көрмеге электрлі автобус моделін алып келген. Бүгінде бұл қоғамдық транспорт Еуропаның бірнеше қалаларында қолданысқа берілген. Оның бір толық заряды 150 шақырымға дейін жетеді. Одан бөлек, транспортты әрбір аялдамада аз уақыт болса да қуаттап алу мүмкіндігі қарастырылған.

Короленко ханымның айтуынша, электрлі автобустар Прага көшелерінде 2014 жылдан бері жүреді. Бүгінде олар Чехия қоғамдық транспортының 3 пайызын құрайды.

Электрлі велосипед

Чех инженерлері қарапайым велосипедке электр жинақтағыш батареяларды қондырған. Оның салмағы  23 кг. Арнайы қондырылған мотор сіз жұмсайтын қуатпен салыстырғанда 70/30 принципі негізінде жұмыс істейді. Мысалы, велосипедтің қозғалысы үшін жұмсалатын қуаттың 30 пайызы сізден, ал 70 пайызы мотор есебінен кетіп отырады.

Велосипед қарапайым энергия көзі арқылы қуатталады. Сонымен қатар, ол оңай жиналады. "Бұл автономды құрылымға ие велосипед Чехияда өте танымал. Адамдар жиі қызығушылық танытуда. Бағасы – 1 000 еуро",– дейді Илона Короленко.

Қоқыс энергиясынан жанармай алатын зауыт

Чехия халқының тығыздығы өзге көрші елдермен салыстырғанда біршама жоғары болғандықтан күнделікті шығарылатын тұрмыстық қалдық көлемі де әлдеқайда көп. Үкімет тапсырысы бойынша чех инженерлері бұл мәселені шешу үшін әлемде аналогі жоқ қоқыстан жанармай алатын зауыт құрылымын жасаған.

Зауытта қоқысты жандыру арқылы үш түрлі өнім синтезделеді. Жанармай алу процесі 6 кезеңнен тұрады. Соңында дизелді жанармайдың аналогі (PTR), PTR газ бен PTR май алынады.

Бұл жобаның толық концептісін чехтер жасады. Ал ең алғашқы инвесторлар Ұлыбританиядан болғандықтан, бірінші зауыт құрылысы Тұманды Альбионда салынып жатыр. Жыл соңына дейін зауытты жұмысқа енгізу жоспарланған. 

Ж. Өрісбай