Джеки Чан ЭКСПО-2017-ге қатысу үшін Астанаға келеді

Джеки Чан ЭКСПО-2017-ге қатысу үшін Астанаға келеді
Фото: http://psyont.livejournal.com

Әлемдік кино жұлдызы Джеки Чан Астана қаласына ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу үшін келеді, деп хабарлайды bnews.kz сайты ecns.cn ақпарат көзіне сілтеме жасап. 

2017 жылдың 7-18 маусымында Астанада Қазақстандағы Қытай фильмдерінің көрмесі өтеді. Көрме ЭКСПО-2017 аясында ұйымдастырылады. "Қытай фильмі тобы" корпорациясының президенті Цзао Хунфэннің айтуынша, көрменің мақсаты заманауи Қытайдың мәдениетін Қазақстанда таныстыру болып табылады. Көрме аясында Қытайда танымал болған алты толықметражды фильм экраннан көрсетіледі. Бұл шараға әлемге танымал атақты актер, беделді "Оскар" сыйлығының иегері Джеки Чан келеді деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Джеки Чан қазақ әншісі Димаш Құдайбергенді Қытайдағы "Мен әншімін" байқауында қолдаған болатын. Өз кезегінде Димаш Құдайберген Джеки Чанды "үлкен ағам" деп жазған еді. 

М. Оңғарова