Қазығұрттың басында кеме қалған

Қазығұрттың басында кеме қалған
жеке
блог

     

     Қазығұрттың басында кеме қалған... Осынау ұзыннан созылған дастан Қазығұрттың бар атағын асқақтатып тұрғандай-ақ! Аңыз бойынша дүниені топан су басып, тартылар тұста бір таудың басына қайырлайды.Нұх кемесі тоқтаған тау - Қазығұрт. Ия, армян халқы Арарат тауына қайырылған деп есептейді. Дегенмен біздің де аңыз жай айтылмаса керек. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамасы да жасырын емес. Басқа тауға емес дәл осы Қазығұрттың басына қайырылуында да мән бар. Өйткені Қазығұрт басқа тау сілемдерімен жалғаспай, өз алдына жеке орналасқан.Кеменің, Нұх пайғамбардың, оның қасындағы адамдардың Қазығұртта тұрақтауы жайлы да дәйектемелер бар.

    Қазығұрт тауының басында күн батыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер «кеме қалған» деп аталады, «Нұх пайғамбарының кемесінің ізі», топансу тасқыны қайтқаннан кейін «Нұх пайғамбардың және оның жанындағы адамдар мекендеген үңгірі», «Пайғамбардың намаз оқыған жері», үңгірдегі «бес саусағының ізі», «су ішкен бұлағы» деп аталатын топонимдер бар. Қазақ мифінде «Құдай баста жерді көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған», – дейді. «Нұх кемесі» қайырлағанға дейін де Қазығұртқа әулиелер аяқ басқан, сондықтан «киелі тау» деп түсіндіріледі. Жырдың «Ол әулие болмаса неге қалған?» деген жолдары Қазығұрттың әуелден қасиетті, Әулиелі тау екенің көрсетіп тұр. Сондай-ақ, бақсылар сарынында Қазығұрт ата әулиелер қатарында айтылған.

     С.Сейфуллин келтірген деректе «Қазығұрттың басындағы үңгір – Қазығұрт атаның моласы. Оның белгісі – шаншулы ағаш көпке шейін тұрып келіпті. Жұрт Қазығұртқа шығып, сол молаға зиярат қылатын еді. Басқа жерлерді бұлт басса, Қазығұрт басын бұлт баспайды. Егер де Қазығұрттың басына бұлт шығып, басы көрінбей қалса, қариялар: «Қазығұрт қарасын киді» деп, қатындар күпарасын киеді дейді екен, Қазығұрттың басындағы бұлт жаумай кетпейді деп, малдарын жинап, шашылған дүниелері болса, үйлеріне кіргізетін еді», – дейді.

    Өзім де осы киелі өңірдің қызы болғандақтан, жастайымнан аңыз-әңгімелерге қанығып, үлкендер айтқан әңгімелер әлі күнге санамда жаңғырып тұр. Тіршіліктің бастауын қазақ жерінен алғаны біз үшін ұлы мақтаныш!