
блог
Сен бірінші қазақ емес, адамсың!
Сен бірінші қазақ емес, адамсың!
-Динара ханым, сіздің жұмыс өтіліміңіз, қызығушылықтарыңыз бен мақсаттарыңыз жайлы білдік. Әкім болсаңыз осы ауылды қалай дамытатыныңыз туралы бағдарламаңызбен де таныстырдыңыз. Енді сізге соңғы сұрақ қойсам, рұқсат етсеңіз - деді қара кастюм, ақ жейде мен қара юбка киген журналист қыз. Динара Сарматқызы, сіздің ойыңызды түпкілікті өзгерткен оқиға жайлы айтып бере аласыз ба?
-Ондай оқиғалар көп. Бірақ жадымда мәңгі сақталған, жылы бір естелігіммен бөлісейін – деді Динара журналистке қарап.
Динара мемлекеттік органдарда ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен тұлғалардың бірі. Биыл ол Дархан ауылына әкімдікке үміткерлердің қатарында. Қалада 30 жылдан аса тұрып, соңғы он жылда ауылға көшіп келді. Ауылды көркейтіп, тұрғындардың жағдайын жақсартуға, қаладан мықты мамандарды тартып, мектептегі балалардың білімінің жоғары болуы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Әйел болса да, ауылдағы ең сыйлы адамдардың біріне айналған. Биыл әкімдерді тағайындау жоғарыдан емес, ауыл тұрғындарына өз әкімдерін сайлайтын құқық берілді.
Динара КТК телеарнасының журналистіне қарап, демін жұтып, кішкене аялдап, әңгімесін бастады.
-Мен үйдің төртіншісі болып туылдым. Менен бөлек тағы 9 бауырым бар. Әкем – мұғалім, анам колхозда жұмыс істейді. Әкемнің анасы, яғни апам Жайнагүл шешеміз жұмысқа кеткенде бізге қарап қалатын еді. Әжем өте кербез болатын, қартайып қалса да ақ орамалы еш мыжылып немесе кірлемейтін. Киген киімі де тап-таза, өзіне жарасып-ақ тұратын. Ал анамыз колхоздан шаршап келіп, бірден бәрімізге кешкі ас дайындауға кірісетін еді. Үлкен ошақтың астына ағашты сала салып, пиязын ашып, сәбізін қуырады. Бұл менің сол уақыттағы ең жылы естеліктерімнің бірі. Демалыс күндері тандырға нан жауып, үйдегі 13 адамның кірін жуатын.
Үйіміз үш бөлмелі, жер үй. Асханамыз бөлек, екі бөлмелі. Кіре берісте қазан-ошақ орналасқан, келесі бөлме азық-түлік сақтайтын қойма еді. Ауылымызда адамдар базарға бармайтын, себебі өздерінің ауласына керектінің барлығын өсіріп алатын. Біздің үйде наурыз айы басталғанда қызанақ, жүгері егуші едік. Қысқа арнап асқабақ, картоп, сәбіз, пияз тіпті қарбызымызға дейін қоймаға салып, сақтайтын едік. Жаңа жылда сол қара қарбызды қазіргі лимонадтың орнына жеуші едік.
Мен мектепке 7 жасымда бардым. Сабақ оқып, көзге түскенді қатты жақсы көрдім. Тақтаға шығып, тақылдап сабақ айтсам, мұғалім мені мақтаса деп түн демей сабақ оқитын едім. Үйдің төртіншісі болғандықтан, менен кейін тағы 6 бауырыма қарау, үйдің барлық шаруасы менің мойнымда болды. Осы естеліктердің ішіндегі ең жылысы – бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім еді.
Біздің ауылда бір неміс отбасы тұрды. Ол отбасы туралы мен көп білмейтінмін. Білетінім тек Қайрат деген ағамыз соғысқа барған. Ұлы Отан соғысы біткеннен соң өзімен бірге Мария деген әйелді алып келіпті. Сол Марияның өзімен бірге еріп келген екі қызы бар еді. Бірінің аты – Сафия, екіншісі – Лена. Кейін ол отбасында тағы 6 бала дүниеге келді.
Қайрат ағаның үйі өзге ауыл үйлерінен ерекшеленетін. Себебі біздің және өзге де көршілеріміздің үйлерінің әйтеуір бір жері сынып, ол ұзақ уақыт қаңырап тұратын. Ал Қайрат ағаның үйінің алды да, іші де тап-таза. Далада раушан гүлдер жайқалып өсіп тұратын. Арам шөпті олардың ауласынан көрген емеспіз. Мария апамыз өте пысық еді. Жазда барлық өсіп тұрған жемістерден джем, варенье жасайтын. Балаларға арнап джем қосылған бәліш пісіріп, бізге тарататын. Күзде көкөністерден банка жауып алатын. Біз қазақ отбасылар ондай жабылған банка көп жемейтіндіктен бе, әлде басқа себеп пе білмеймін, ол отбасының не істесе де бәрі көзге айрықша көрініп тұратын еді. Сафия менен төрт жасқа үлкен болды, оны тек мектеп кезінде көретін едім. Ал, Лена менімен жасты еді, бірақ ол жылдың басы болғандықтан мектепке менен ерте барып, бір сынып жоғары оқыды. Ленаның да, әпкесі Сафияның да киіну стилдері ерекше еді. Анасы Мария өзі екі қызына киім тігетін, бәріміз дүкенде сатылатын бірдей киім кисек, олар әдемі болып ерекшеленетін.
Қашан және қандай себеппен білмедім, бірақ біз сол отбасын ұнатпай, кейіннен жаман көретін болдық. Сол кезде менің жасым 10-да. Мектепте болсын, көшеде болсын бәріміз «Неміс – бір жерің семіз» деп Ленаны көрсек мазақ ететін едік. Ал, Сафиядан қорқамыз, себебі ол бізден төрт жасқа үлкен болатын. Ол сөзді кім ойлап тапты, неге басқаларды олай мазақтамайтынымыз туралы ешқайсысымыз ойламағанбыз. Мария апамыз да, Сафия мен Лена да біздің ауылдың тұрғындарына мүлде ұқсамайтын. Шаштары сарылау, терілері де біздер секілді қара емес, ақ болатын. Көздері болса ашық қоңыр, мұрындары да ерекше үлкендеу еді, әрі бойлары да ұзын болатын. Ал Қайрат ағадан туылған 6 бала кішкене қазақтарға ұқсады, сондықтан шығар біз оларға тиіспейтінбіз. Немістер десе бәріміз түрлерімізді тыржитамыз. Себебі жыл сайын мамыр айынан бастап, теледидарда соғыс туралы фильмдерді көрсетеді. Ол кезде кімнің жақсы, кімнің жаман екенін еш түсінбейміз. Тек әкеміздің, кейде үйге келіп қалатын көршілеріміздің аузынан естіген сөздерден соң олардың жаман екендерін түсінеміз.
Бір күні құрбым екеуіміз мектептен қайтып бара жатып, Майра әңгімесін бастады:
-Сен білесің бе, немістер өте жаман. Бізді өлтірмекші болған.
-Сен оны қайдан білесің?
-Кеше үйге қонақтар келді. Онша танымадым, бірақ мамам біздің алыс туыстарымыз деді. Келген қонақтармен шәй ішіп отырып, олардың әңгімелерін естідім. Қартай деген семіз туысымыз бар, сол немістер туралы көп нәрсе айтты. Енді сен Ленамен ешқашан сөйлеспе. Оларды бұл ауылдан қуу керек.
-Олай емес шығар. Мүмкін сен дұрыс түсінбей қалғансың?
-Жоқ, мен өз құлағыммен естідім. Мария апаны және оның екі қызын осы ауылдан кетіру керек. Әйтпесе тағы бізді өлтіруі мүмкін.
-Майра, бірақ олар бізбен бірге көп уақыт тұрады ғой. Қазақша сөйлейді, қазақ болып кетті ғой.
-Қайдағы қазақ? Таза неміс. Немістер жаман, олар соғыс ашты.
-Бірақ Майра апайдың тағы 6 баласы бар, олар қазақ қой.
-Қайрат көкені 6 баласымен қалдырамыз, ал анау екеуі мен анасын қуып жіберу керек. Кетсін өз Немістанына.
-Немістан емес, Германия де.
-Қайда болса да, біздің ауылдан кетсін.
Мүмкін осы диалогтан кейін, бәлкім басқа жағдайдан соң әйтеуір біздің жастағы балалар Сафия мен Ленаны көрсе мазақтайтын. Олар бізге жауап бермейтін, әрдайым өзімен-өзі жүретін.
1973 жыл, 7 мамыр. Теледидарда тағы сол жыл сайын көрсететін бір-екі соғыс туралы фильмдер жүріп жатты. Мен де әкемнің қасында отырып, кино қарап отыр едім. Даладан Динара деген дауысты естідім. Майраның даусы екенін бірден біліп, далаға тез жүгіріп шықтым. Майраның қабағы қатулы екен.
-Бері келші, тез – деді қатқал дауыспен Майра.
-Не болды, Майра. Сонша айғайлағаның не? Білесің ғой әкем шуды жақтырмайды.
-Маңызды шаруа бар.
-Қандай шаруа?
-Ешкім естімеуі керек. Тыңда – деді де құлағыма сыбырлай бастады.
Майраның айтқандарын толық естімедім бе, әлде сене алмадым ба қайтадан айтуын сұрадым. Майра бір бұлқынып алды да, қайта құлағыма сыбырлай бастады.
Мен қате естімеппін. Көзім шарасына шыға жаздап:
-Майра жындысыңдар ма? Біліп қойса не болады? Милиция әкетіп қалады ғой – деп айғайлап жіберіппін.
-Айғайлама! Ешкім білмейді. Біз оны осы түнде жасаймыз – деді.
-Болмайды, Майра. Сен қыз баласың ғой. Мама-папаң біліп қойса ұрсады - дедім мен.
-Ешкім білмейді. Сен бізбен біргесің бе?
-Жоқ, мен олай жасай алмаймын. Мені әкем ұрсады.
-Қорқақсың сен! Мен сені жан құрбым деп жүрсем. Сен пианер емессің!
-Майра, тоқташы. Біреуге олай жамандық жасауға болмайды. Апам айтқан, кімге ор қазсаң, өзің түсесің деп.
-Біз емес, немістер бізге бірінші ор қазған. Енді соған өздері түседі – деді Майра қабағын түйіп. Бұл сенің соңғы жауабың ба?
-Майра, сендермен тағы кім бар?
-Санат, Қуаныш және Марат бар. Қалима да келісіп отыр.
-Майра, олар ауылдың бұзықтары ғой. Оларға қосылмашы, жүр одан да үйге кір. Шәй ішейік, лагерьге биыл барамыз. Сол жерде не істейтінімізді ақылдасайық. Оқудың бітуіне де аз қалды, тоқсандық шығады. Грамота аламыз – деп Майраны ойынан қайтармақшы болдым. Бірақ құрбым қырсық еді, бір нәрсе ойласа оны райынан қайтару өте қиын болатын.
-Менің уақытым жоқ, онда сау бол! – деді де құрбым дарбазадан шығып кетті.
Майра кеткеннен соң, сыртта біраз тұрып қалыппын. Әкем мені шақырып, құрбымның не шаруамен келгенін сұрады. Айтуға қатты қорықтым. Баламын ғой, әкемнің ашуынан үйдегі тіпті апам да қорқатын.
-Жәй сабақ сұрауға келіпті – дедім.
-Майра сабаққа бармай жүр ме?
-Жоқ барып жүр.
-Сонда апайларың үй тапсырмасын бергенде құрбың қайда қарап отырады?
-Ұмытып қалған шығар, әке.
-Сол құрбың маған ұнамайды – деді әкем теледидардан көзін алмай.
Сол күні өзімді нашар сезіндім. Анама айтуға бірнеше рет талпындым, бірақ қорықтым. Анам да бәрін әкеме айтып береді. Түнді асыға күттім. Майра райынан қайтып қалар деген үміт болды. Кешкі сағат 10-нан асқан еді. Біздің үйде тамақты ерте жеп, кешкі 9-дан аса жатып қаламыз. Ол жылдары свет өлшеніп беріледі, әрі қымбат болғандықтан көп қолданбауға тырысатын едік. Әр түрлі ойларды ойлап жатып көзім ілініп кетіпті.
-Ойбай, Сармат тұр! Жанып жатыр! Тұр деймін! – деген анамның ащы даусынан оянып кеттім. Қарасам бәрі тұрып алған. Ұйқылы-ояулы кім жанып жатыр, не жанып жатыр түсінбедім.
-Әкеңнің! – деп әкеміз орнынан атып тұрды. Әкем ашуланғанда осы сөзді айтады.
-Қайраттың үйі жанып жатыр. Тез отты сөндіруге көмек бер. Абайлашы, өзің оттың ішінде қалып қалма! – деп анам азар да безер болып жатыр.
Жүрегім дүрсілдей бастады. Майра таңертең маған айтқанын ақыры істепті. Енді оларды милиция ұстап алса, қамайтын болды – деп ішімнен қорқып тұрмын.
Сол түні ауылымыздың үлкендері ұйықтамады. Барлық еркек атаулылары өрт сөндірушілер келгенше Қайрат ағаның үйін өздері бірігіп өшірген. Өкінішке орай, ағамыздың бесінші ұлының үстіне жанып жатқан ағаш құлап, қайтыс болды.
Апамыз да, әкеміз де, анамыз да сол жерде жүргендіктен бізде үйде қалмай, шұбырып өрт жаққа барған едік. Сол оқиғаны еске алсам, әлі жүрегім ауырады.
-Мақаным, шыдашы. Балапаным, қазір дәрігерлер келеді, сені емдеп аламыз. Ауруханадан шыққаннан соң саған үлкен ойыншық сатып алып беремін. Балапаным, ұлым менің. Батырсың ғой.
-Мама, денем ашып жатыр. Мама, дәрі берші – деген кішкентай Мақанның даусы жылап шығып жатыр.
-Дәрі беремін, балапаным. Сен жігітсің ғой. Кішкене шыдай тұр жаным – деп Майра апамыз көзінің жасын жеңімен сүртіп жатыр.
Өкінішке орай Мақан сол жерде көз жұмды. Ол кезде ауылдың бір тұрғынында да көлік болмаған. Дәрігерді шақыртсаң бір-екі сағатта ғана келетін. Мария апамыздың айғайлап жылағаны бәріміздің сүйегімізден өтіп кетті. Баласын құшақтап, сілкілеп, оятуға тырысады.
-Мақаным, көзіңді аш. Қалаған ойыншығыңды әперемін. Ташкентке апарамыз, әдемі киімдер әперемін. Тек көзіңді аша ғой балапыным – Майра апамыз бір егіліп жылады. Ол сөздерді тыңдап тұрған бәріміз қосылып жыладық.
Мақан менің інім Асанмен түйдей жасты еді. Екеуі біздің үйге келіп, жиі ойнайтын. Үйдің артына барып, жер қазып, өздеріне түрлі ойындар тауып алатын. Кейде біздің үйде ұйықтап қалатын да кездері жиі болды. Қайрат ағаның басқа балаларына қарағанда осы Мақан өзіне қатты ұқсаған еді. Қастары қалың, көзі бақырайып, мұрны пұштиған, әрі мінезі де әкесіне ұқсаған жуас еді.
Қайрат ағалардың үйін бәрі жүгіріп жүріп өшірді. Кейін милиция келіп, ол үйдің өртке оралау себебін анықтауға кірісті. Үйді қасақана өртелгенін бірден анықтады. Енді қылмыскерлерді табу ғана қалды. Өрт болған жерде қыз баланың аяқ киімі табылды. Милиция Майра апайлардан сұрағанда ол аяқ киім қыздарының аяқ-киімі емес екендігін айтқан. Кейін олар үйме-үй жүріп, ол аяқ-киімнің кімге тиесілі екені анықтады, Қанипа милицияларды көргенде жылап жіберген. Себебі табыған туплидің егесі өзі еді. Үйді өртегендердің барлығының аттарын бүкпей жайып салған. Майрадан бастап, қылмыс жасаған тағы үш ұлды айтып берді. Милиция аталғандардың барлығын ата-аналарымен бөлімшеге алып кетті.
Қайрат аға, Майра апай да бөлімшеге үш күннен кейін барған. Бірақ кейін олардың арыз жазудан бас тартқандарын білдік. Балаларды «бұзықтық жасады, кешірдік» деп милицияда кешірім беріпті. Жанған үйлерін барлық ауыл болып, қаражат жинап, жаңадан 2 айда тұрғызып берді. Мақанның жерлеуін де барлық ауыл болып көтерді. Көрші ауылдардан да адамдар келіп, кәдімгідей үлкен ас болды.
Мен сол оқиғадан кейін, апама жылап келдім. Апам мені құшағына алып, басымды сипап отырып, не болғанын сұрады:
-Жылама, қызым. Өлімнен басқаның барлығын шешуге болады – деді апам.
-Апау, мен Майраларадың не істейін деп жатқанын білдім. Бірақ ешкімге ештеңе айтпадым. Егер әкеме айтқанымда мүмкін оларды тоқтатар ма еді? Менің кесірімнен кішкентай Мақан қайтыс болды. Апау, мен жаман адаммын ғой. Әкемнің айғайлап беруінен қорқып, қылмысты жасырып қалдым.
-Қызым сен ол қылмыс туралы білген сәтіңде бірден үлкендерге айтуың керек еді. Өкінішке орай осындай қайғылы жағдай болды, бұл саған үлкен сабақ болсын. Қылмысты біліп тұрып, оны тоқтатпасаң, онда оның қатысуышына айналасың. Өзіңді айыптай берме. Одан да бұл мәселенің тағы қайталанбауы үшін күресейік – деді апам басымнан иіскеп.
-Не істесек болады?
-Ертең ауылда жиналыс өткізейік. Сол жерге барлығы жиналсын, кішкентайлар да, үлкендер де.
Әжем сол ауылдың ең құрметті қарттарының бірі еді. Үлкендер айтса, кішілер бірден істейтін ауылда жиналыс тез-ақ ұйымдастырылды. Жиналыс ретінде мектептің спорт залы таңдалды. Жиналысқа Қайрат аға мен Майра апайда қатысты. Сөзді менің апам бастады:
-Уа, осы ауылдың барша тұрғындары! Жақсылап тыңдаңыздар! Ауылымызда үлкен қайғылы жағдай болды. Періштеміз Мақаннан айырылып қалдық. Оқушылар қылмыс жасап, оның арты осындай жағдайға алып келді. Осы оқиғада тек оларды кінәлауға болмайды. Біздің де кінәміз бар. Оқушылар Майраның терезесіне тас атып сынндырғанда, осы жиналысты ұйымдастыру керек еді –деп әжем алдында тұрған бір пиала суды ішті.
Апамның жаңағы Қайрат ағаның үйіне тас атып, терезелерін сындырғанды айтқанда, есіме сол оқиға да түсті.
Негізі мамыр айы басталса, Мария апамыз үйінен шықпайтын, Сафия мен Ленаны да көрмейміз. Тіпті мектепте де көрмейтін едік. Оның себебін кейін білдім. Ұлы Отан соғысына арнап, өлең жаттайтынбыз. Мектепте немістерді қалай жеңгендеріміз туралы мақтанып көріністер қоямыз. 9-шы мамырда бәріміз әскери нақышта тігілген жейде киеміз. Қыздар юбкада, ұлдарымыз шалбармен келеді. Мойнымызда қызыл галстук, басымызда беретка болатын. Соғысқа барып келген кейбір ауылдың тұрғындары сол күні ішіп алып, Қайрат ағаның үйіне барып, өнер көрсетеді екен. Майра апамызға тіл тигізіп, оның неміс екенін бетіне басып, оны айыптап, сол түн тыныштықсыз өтетін көрінеді. Сондай көріністерден шаршаған Майра апамыз үйінен шықпайды екен, сұрағандарға Қайрат ағамыз қыдырып кетті деп жауап береді екен. Терезелеріне қарап перде жауып, үйде ешкім жоқ етіп көрсетеді. Кейін оны үлкендерден соң, кішкентайлар жалғастыра бастапты. Тас атып, тыныштықтарын бұзады екен.
Жайнагүл апам бір ентігіп алып, сөзін қайта жалғастырды. Бұл ауылдың ерекшелігі – үлкендерді қатты сыйлайтын. Әсіресе осы ауылдың үлкен он қарты бар. Олардың сөздері әкімдерден де жоғары еді. Ауылда қандай да бір оқиға болса, бірінші милицияға емес. Осы қарттардың алдына баратын. Ал апам солардың ішіндегі ең үлкені еді. Апам:
-Анау телебизрдан көрсететін соғыс туралы фильмдерді балаларымыз көреді. Оларға біз ешқандай түсініктеме бермегенбіз. Неміс деп бір отбасына үлкен қауіп келтірді. Үй ішінде бала бар демей, сол киноларды көріп алып үлкендер ауыздарына келгендерін оттағандарды өзім де білемін. Айтпағым, мына өсіп келе жатқан балаларға дұрыс түсіндіруіміз керек. Болашақта қайда жүрсе де, немістерді көрсе ата жауындай көрмей, соғыстың біткеніне жиырма бес жылдан асқанын, енді ол қайталанбайтынын түсіндіру керек – деді апам шекесіндегі терісін бет орамалмен сүртіп жатып.
-Иә, дұрыс айтасыз, апа. Балаларымыз білместік жасады. Қайрат ағамыз бен Майра апайымызға алғыс айтамыз. Бес отбасын аман алып қалды. Кешірім берді – деді Сәлиқа жеңгемізде көз жасын сүртіп.
-Балалар жақсылап тыңдаңдар! Соғысты ашқан Гитлер деген пашист! Ол ешқандай халықтарды аямады. Әлемді жаулап алып, бәрімізді құл еткісі келді. Бірақ сол соғысты қаламаған немістер де болды. Гитлер жаман болса, немістер де жаман деген сөз емес! «Ұлт жаман болмайды, сол ұлттан шыққан адам жаман болуы мүмкін!». Сондай жаман адам үшін бүкіл ұлтқа зиян келтіруге болмайды. Майра апайларың біздің ауылда тұратын, қазақ болып кеткен апайларың. Туысқандарымыздан да жақын болып кетті. Майра апайларың осы ауылда тұратын барлық үйге көмек берген. Біздің қазақтың да арасынан үлкен қылмыскерлер шыққан. Анау қанша ма үйді тонап, бірнеше адамның өліміне себепші болған Камал деген осы ауылдың бір кісісі бар. Енді сол Камал қазақ болғандықтан, барлық қазақты ұры деп, бау кеспе деп, қылмыскер деп ойлауға болады ма? Естеріңде болсын, адамды ұлтына қарай, тіліне қарай бөліп, ешқашан шеттетпеңдер! Бәріміз Алланың жаратқан пендесіміз. Майра апайларыңның неміс болып туғанына оның кінәсі жоқ. Адамды кім болса да сыйлаңдар! Сендерді де қазақсың деп менсінбей, шеттетсе, өмірлеріңе қазақ болғандарың үшін қауіп төндірсе қалай болады? Біз көршімізді Құдайдан кейін қойған қазақпыз. Арғы өмірде де көршіңнің ақысы сұралады. «Алыстағы ағайыннан, жанындағы көршің артық» дейді атам қазақ. Көршіңмен тату бол, береке болады. Естеріңе жақсылап сақтап алыңдар! Неміс болсын, өзбек болсын, татар болсын – бәріміз бірінші кезекте адамбыз! Оларды дініне, келбетіне, тұрмыстық жағдайына қарап бөліп, мазақтап, оларға ешқашан жәбір көрсетпеңдер! Соғыс ашқан қылмыскерлердің барлығы жазаланды! – деді апам тағы шекесіндегі терісін сүртіп жатып.
Жиналыстағы барлығы қол шапалақтап кетті. Қайрат аға мен Майра апаның беттерінен сүйіп, соншалықты жүректерінің кең екендіктеріне риза болды. Ал қылмыс жасаған балаларды қайта тәрбиелеу курсына жіберді. Сонымен қатар милиция оларды тізімге алғандарын, болашақта әрдайым олардың артынан қадағалап жүретінін айтты. Осы оқиғадан кейін Майра апамызды тойларда жиі көретін болдық. Лена мен Сафия әпшені көргенде бәріміз жамырап сәлем береміз. Жыл сайын Мақанның қайтыс болған күнінде шелпек пісіріп, құран оқытатынбыз. Әр жылы бір үй таңдалып, барлық ауыл тұрғындары 9 мамырда үлкен үстел жасап, қарттардың қасына төрге Қайрат аға мен Майра апамызды отырғызатын едік. Енді 9-шы мамыр бізге Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен күн ғана емес, бірлік күніне айналды. Бұл оқиға менің жадымда өшпестей етіп сақталды. Қайрат ағалардың жаңа салынған үйлерінің алдынан өтіп жатқанда, Мақанның өзі елестейтін. Ол кішкентай баланың еш кінәсі жоқ екенін, білімсіздіктің арты- үлкен қауіпке әкелетінін апамыз күнде қайталап айта беретін. Әжем "Сен бірінші ретте қазақ емес, адамсың!" деген сөздерін өле-өлгенше қайталап айтып кетті. Динара сөзін аяқтап, қолындағы бет орамалмен көзін сүртіп, журналист Жайнаға қарады. Сөйтсе Жайна да көз жасқа ерік беріп, мұқият тыңдап отыр екен.
-Кешіріңіз, профессионалдық этикетті ұмытып кеттім. Айтқан оқиғаңыз жүректі ауыртты – деді Жайна көз жасын сүртіп жатып.
-Иә, бұл оқиға бәрімізге сабақ болды. Кішкентай Мұқан өзінің өлімімен біздің татулығымызды одан бетер нығайтып кетті.
-Қазір Мария апамыз бен Қайрат ағамыз бар ма?
-Өкінішке орай, олар бұл өмірде жоқ.
-Ал балалары ше?
-Сафия өзінің сыныптасы Жандосқа тұрмысқа шықты. Екеуі үлгілі отбасы, 5 баланы тәрбиелеп, жетілдірді. Ал, Лена Алматыда тұрады. Ол да қазаққа тұрмысқа шықты, 3 баласы бар. Қайрат ағаның қалған 5 балалары да өсіп-өніп, жетіліп, барлығы үлгілі отбасы. Солардың ішінде ең соңғы Гүлжаны Германияға көшіп кетті. Қазір сол жерде өмір сүреді, ауылымызға жылда келіп тұрады. Күйеуі неміс ұлтынан, екі баласы бар. 90-шы жылдары Мария апамызға Германияға көшіп кетуге ұсыныс жасалған еді. Бірақ Сафия да, Лена да бас тартты. «Туған жер емес, өсіп-өнген жер ыстық» деп жауап берген екен.
-9-шы мамырда жиналатын дәстүрлеріңіз сақталды ма?
-Иә, сақталды. Қазір ауыл дамыған, кафелеріміз бар. Енді біздер үйге емес, сол кафелердің біріне жиналамыз. Түрлі конкурстар болады, жақсы тілектер айтылады. Бұл күн біз үшін ыстық.
-Әлі де қарттарға жүгініп, мәселені шешесіздер ме?
-Қарттарымызды сыйлап, төрімізді береміз. Бірақ қандай да бір мәселе шықса, әкімдік бар. Мәселені шешетін заң бар. Егер екі көрші арызданып қалса, татуластыруға тырысамыз. Даудың өршіп кетпеуінің алдын аламыз.
Осындай қызықты әрі мұңды әңгімеңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздің осы Дархан ауылына әкім болып сайланып, ауылдың дамуы үшін аянбай еңбек ететініңізге сенімім мол. Жұмысыңызда сәттілік тілеймін! – деді Жайна.
-Рақмет. Сонау Алматыдан келіп, сұхбат алып отырсыз. Сізге де тек табыс тілеймін!
Автор: Назирова Эльмира