"Жақсы әйел жаман ерін хан қылады"

"Жақсы әйел жаман ерін хан қылады"

Әйел заты ерінің бетке ұстары деп неліктен айтылған? Нағыз әйелдің қасында ер адам өзгере ме?

Қыз-келіншектердің ер адам туралы әңгімесінің ортасына түссеңіз, мынадай қорытынды шығатынын байқайсыз: «ер адамның сымбаттылығы маңызды емес, ең бастысы, жарың мейірімді, ақылды және қорған бола алатын адам болуы керек». Алайда, бұл қасиеттер ер адамның табиғатына байланысты ма? Әлде ондай болуға бір нәрсе әсер етуі керек пе?

Ер адамның нағыз еркектік қасиеттерінің болуы әйел адамға байланысты. Негізінде, ер адам үшін асыл жарының көріктілігі, ақылдылығы, сымбаттылығы, табысы маңызды емес. Оның қасында ол өзін қалай сезінеді, сол маңызды. Расында да, өміріңізде бір жұпқа қарап «бұлар қалай жұп болды? Екеуі бір-біріне мүлде жараспайды ғой!» дегеніңіз болды емес пе?

Яғни, өзінің қасында жүріп өзін бақытты, нағыз ер сезінетін ер адам әйелін мәңгі бақи сүйіп өтеді.

Бұған қалай қол жеткізу керек?

Еріңізге мақтанышпен, құрметпен қарауыңыз керек. Бұл сезім шынайы, жүректен шығатын болса, жарыңыз да сізді құрметтеп, үнемі сізді көруге асығатын болады.

Ал осындай әйелдің қасында ер адам қалай өзгеретінін білесіз бе?

1. Сөйлеу мәдениеті. Әйел адам еріне әдепті, сыпайы сөйлесе, ер адамның да сөйлеуі соған сәйкес болады. Егер сіз оған дөрекі, ренжи сөйлесеңіз, оның да сөйлеуі қатал, қысқа әрі дөрекі болады. Ер адам сіздің сөйлеу мәнеріңізді өзіне сіңіреді.

2. Жұмыс істеу қабілеті. Егер әйел заты үйін таза ұстап, еріне жұмыстан кейін демалуға қолайлы жағдай жасаса, ер адамның есте сақтау, ойлау қабілеті, психикасының қызметі, тіпті, қоғамдағы рөлі де жақсара түседі. Егер әйел күйеуіне үй шаруасымен маза бермесе, ер адамның жұмысында проблемалар туындауы мүмкін екен.

3. Даналық. Әйел ерінің сөзін тыңдап, айтқанын істесе – ер адамның даналығы артады. Егер әйел ерін өзіне бағындыруға тырысып, сөзіне қарсы жүрсе, ер адам да қырсығып, сол істі қайталайды.

4. Мақсатқа талпынушылық. Егер әйел адам ерінің өміріне қызығушылық танытып, ісіне оң көзбен қараса, ер адам мақсатына жету үшін, деңгейін жоғарылату үшін жаңа мүмкіндіктер іздеуді бастайды. Егер сіз оның ісіне немқұрайлы қарап, «жай бір іс» деген көзқарас танытсаңыз, ол мақсатына жете алмай қалуы ықтимал.

5. Сабырлық. Егер сіз еріңіздің кемшіліктеріне, қателіктеріне сабырлық танытып, түсінуге тырыссаңыз, ол да, өз кезегінде, сіздің эмоцияларыңыз бен еркелігіңізге шыдамды болады.

Өмірлік сыңарыңызбен бақытты ғұмыр кешу өз қолыңызда. Жоғарыда аталған шындық – аса ауыр жауапкершілікке меңземейді. Жүрекпен қабылдап, өзіңіздің рөліңізді түсінсеңіз, барлығы да ойдан асады!

Бақытты болыңыздар!

Сурет: Ери Дюсупов

Оқи отырыңыз:

Жаңа жылда қандай жігіттер көп болсын? (Қыздардың арманы)

Жаңа жылда қандай қыздар көп болсын? (Жігіттің арманы)

Ер адамға ойыңызды дұрыс жеткізе біліңіз

Бақытты болу үшін

Жігіттерге қандай қыздар ұнайды?

Ф. Абилова