МҰЗБАЛАҚ ЖҮРЕК ЖЫЛАЙДЫ...

МҰЗБАЛАҚ ЖҮРЕК ЖЫЛАЙДЫ...
жеке
блог

Қуат алып Абайдың тіл күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен,

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден,- деп жырлап өткен, туған халқының арман-мақсатын терең түсінген, толғай жазған, сөйтіп жанының жыршысы болған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа биыл көзі тірі болғанда 90 жасқа толар еді.

Мұқағали Мақатаев... Бұл қазақ халқы үшін жай ғана есім немесе көп ақынның бірі емес. Қандай туындысын алып қарасаң да, шындықтың желі есіп, ақиқаттың ауылы көрініп тұрады. Батыр бабалардың қаны мен тері төгілген, ғашықтардың сырлы сезімдері мен мұңды махаббаттарының сәулесі қалған, жүйрік тұлпардың дүбірінің ізі сақталған, киелі де қасиетті қазақ жері суреттелген өлеңдері, үміттің құлан иек құла таңының тағы ататынын, шыдамдыны мына өмірдің ұнататынын жеткізген жауһар жырлары, қағазға өмірі арқылы емес, өлеңі арқылы түскен мұңдары, аққудың адалдығы мен батырдың адамдығы бейнеленген поэмалары, бір сөзбен айтқанда, жүрек пен жырдың үндестігінен туған Мұқағали туындылары кімді де болмасын бей-жай қалдырмасы анық.

Халқымыздың ақиық ақынына айналған Мұқағали Мақатаевтың 90 жасқа толуына арнап, 2021 жылдың наурыз айының 4-ші жұлдызында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих, археология және этнология факультеті, Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы құрамындағы Кітапхана ісі мамандығының 3 курс студенттерімен онлайн форматта «Мұзбалақ жүрек жылайды» атты тақырыпта әдеби-сазды кеш өткізілді.

Кештің мақсаты: Жастардың рухани байлығын арттырып, өнеріміздің көсегесін көгерткен тұлғалардың бірегейі, қазақ классикалық поэзиясының марқасқасы - Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттап, жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру.

«Поэзия – махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс», деген Мұқағали ақынның өлеңдері ең әуелі адамдарды адалдыққа, тазалыққа, мейірімді болуға, жас ұрпақты Отанды сүюге, туған жерді құрметтеуге, ана тілімізді ардақтауға, қарттарымызды қадірлеуге және дәл осындай бейбіт күннің қадірін білуге шақырады.

Онлайн форматта өткізілген әдеби-сазды кеш аясында студенттер ақынның өмірімен таныстырып, бірі ақынға арнап Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев атындағы қалалық кітапханада түсірген тікелей бейнероликтерін (видео) көрсетіп, енді бірі әдеби сазды кеште тұнғиыққа терең көңілмен жазылған ақынның өлеңдері, поэзиялары, поэмаларын оқып, шабытты жырларын арнады.

Әдеби-сазды кеш барысында кафедраның профессор-оқытушы құрамы мен Кітапханалық ақпарттық жүйелер мамандығының 1 - 2 курс студенттері қатысып, өз ой-пікірлермен бөлісіп, қызықты ойындар, сұрақтар қойылып жеңімпаздарға 300 дана электронды кітаптар сыйға таратылды.

Ақиық ақынымыздың жазған кез-келген туындысы аспандағы қол жетпестей көрінетін, жарқыраған жұлдызбен тең! Нағыз сарқылмас, асыл байлығымыз, басты құндылығымыз мен жәдігеріміз болып табылады.

Жылдар өтер...әлі небір ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлеңнің құдіретін аспанға көтерген Мұқағали есімі қашанда биіктен көрінер. Мұқағали поэзиясы әрбір мезгілмен, әр ұрпақпен бірге.

  «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім», деп өзі айтып кеткендей ақың мұрасы мәңгілік жасай бермек! Ақынның ой айтудағы өткірлігі, батылдығы болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім, сабақ берері сөзсіз.

Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, - деп ақынның өзі айтқандай, Мұқағали мен халықтың арасында рухани-табиғи байланыс ерекше.

Барша қауымға бағыт сілтеп, ақыл айтып, ақылшы болған, нағыз шабыт пен шыншылдықты, көңілден сөз, жүректен жыр төгуді үйреткен ақын өлеңдеріне алғыс айтып, халыққа рухани қазына қалдырған Мұқағали Мақатаевты ұлы бабаның ұрпағы ретінде, ұлы жүректерде сақтай білейік!

                                                   Б.С. Асанова, т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының доцент м.а.,

Р. Д. Даутанова, Тарих,археология және этнология факультетінің 3 курс студенті