Абай рухымен сырласу

Абай рухымен сырласу
жеке
блог

Түлкі- заман, мың құбылып өзгерді,

Естімеген сұмдықтарды көз көрді. 

Қатал қоғам ортамызға бүгінде

Алып келді ар ұяттан безгенді. 

 

Билік құрып азғындық пен тағылық,

Өзгелерге тəңіріндей табынып.

О, жан баба, азған кейбір ұрпағың

Кетіп жатыр өзге дінге ағылып. 

 

Дәстүріме жат қылықтан шошынып,

Торығамын ақыл таппай тосылып. 

Жайлап алды жемқорлық пен алаяқ,

Нашақорлық, жезөкшелік қосылып. 

 

Нашарлардың тартып жейтін ақысын,

Тоғышар жүр жат санайтын жақынын. 

Осыларға өтпей тұр-ау бүгінде

Баба, сенің ұлы дана ақылың. 

 

Кешір, ата, сырымды айттым шыдамай,

Бəз біреуге қалар бәлкім ұнамай.

Жын ғасырда жөнге салар ұрпағын

Алашыма керек боп тұр бір Абай!

                       Қазыбек Аймақұлы.