"Сіз үшін..." Ақмарал Леубаева кітап шығарды
жеке
блог

"Сіз үшін..." Ақмарал Леубаева кітап шығарды

«Сіз үшін...» жинағы әрбір оқырманыма арналады

Сен маған сүюді үйреттің, ұмытып кеткен едім.

Басымды июді үйреттің, тәкаппар өктем едім ... 

Шынайы күлуді үйреттің, нөсерлі көктем едім.

Өмірді сүруді үйреттің, ұстазсыз мектеп едім.

         Бәрімізге таныс өлең жолдары, солай ма? Ал осы танымал өлең жолдарының авторын білесіңдер ме? Ол – айтыстың аузы дуалы ақыны Ақмарал Пернебекқызы Леубаева. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед «Айтыстың аруы» деп алқа таққан ақын апамыз жақында «Сіз үшін...» атты жаңа жыр жинағын жарыққа шығарды. Жыр жинағының тұсаукесері Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында өтті. Кездесу кешіне актер Бекжан Тұрыс ағамыз арнайы келіп, құрметін білдірді. Жас ақындар қауымы өлең оқып, әдемі әндер мен аламан айтыс та орын алды бұл кеште. Ақмарал Пернебекқызына көкейде жүрген сауалдарымызды да қойып үлгердік.

Дана: Жаңа кітабыңыз құтты болсын! Білуімізше, бұл – тұңғыш жинағыңыз.  «Сіз үшін...» деген ат беріпсіз. Сонда бұл кітап кімге арналады?

Ақмарал  Леубаева: Сізге арналады (күліп). Бұл кітаптағы өлеңдерді оқи отырып әрбір оқырман өзін көре алады деген ойдамын. Алғашқы жинағым барша оқырмандарға арналады. Өлеңдерімді жинап, кітап етіп шығару бүгінгі күннің еншісіне бұйырыпты. Ауылдағы жеңешем айтатын еді «Ақмарал айтыстан алған бір көлігіне кітап шығарса болар еді-ау» деп. Раысымен-ақ, кітап шығаратын мүмкіндік болды. Алғашқы кітапты анамның атынан шығарған едім. Анамның қолжазба-естеліктерін жинақтап бастырған едім. Ал «Сіз үшін...» кітабы өзімнің алғашқы жинағым.

Дана: Айтыстан көргіміз келеді сізді. Неге шықпай жүрсіз, әпке?

Ақмарал  Леубаева: Рахмет пейілдеріңізге. Мені жастар қауымы танымайтын шығар, іздемейтін шығар деп ойлаушы едім. Мұным – қате пікір екен. Ризамын. Соған қарағанда, әлі де болса айтысқа шығатын шамамыз бар сияқты ғой (күліп). Айтыс әлемінен алшақ кеткенім жоқ. Жалпы, осы сауалды маған соңғы уақытта жиі қояды. Өлеңмен жауап берейін, оқырмандарым өздері түсінер...

– Қойып кеттің бе…

Талабымды тасқа қайрап таным деген,

Бұл өлеңді анам маған «бағың» деген.

Өлең деген әдемі әлемімді,

Содан бері қорғап келем арымменен.

Құдай берген өлеңді қалай қоям,

Жақсы көріп жазатын жанымменен.

Қойған жоқпын,

Өлеңіме сыр ашып шағынуды,

Өткен күннің парағын сағынуды.

Қойған жоқпын тарқатып өкпе, реніш,

Өлең жазып өкініштен арылуды.

Осы өлең, көрсеткен құламауды,

Өксіп- өксіп алып, бірақ жыламауды.

Өз жолымды табу үшін күрестіріп,

Өзгелерді үйретті сынамауды.

Ия, солай…

Қойып кеттім біреуге өкпелеуді,

Қойып кеттім, біреуді кінәлауды.

Қойып кеттім дүние жинағанды,

Өз өзімді біреу үшін қинағанды.

Қойып кеттім өтірік күле салып,

Көңілі үшін дұшпанды сыйлағанды.

Қойып кеттім жалған намыс әрекетті,

Мені босқа ол мінез дөрекі етті.

Қойып кеттім сырымды шашуды да,

Пайдаланып соны дос келеке етті.

Қойып кеттім біреуді жазалауды,

Шорт кесуді, берместен соза дауды.

Қойып кеттім өздері іздемесе,

Өзім деген досты да мазалауды.

Ел сұраса сырымды баяндаймын,

Сабыр етіп, биікке аяңдаймын.

Бәрін қоя салуым мүмкін, бірақ,

Өлең сені ешқашан қоя алмаймын.

Дана: Айтыстың ахуалына қандай баға бересіз?

Ақмарал  Леубаева: Жалпы, әрбір тыңдарманның айтыста өз фавориті болады ғой. Тіпті, «айтысқа билетті осы ақынның айтқанын тыңдау үшін ғана сатып алдым» дейтіндер де бар. Алғаш рет айтысқа 1988 жылы шықтым. Аллаға шүкір, аламан бәйгеде өз атым қалыптасты. Бір айтыста үлкен әже әрең басып сахнаға шықты да, менің маңдайымнан иіскеп: «Сөзіңді естіп, бейнеңді көргім келді, бейнеңді көріп шашыңнан иіскегім келді. Айналайын, Ақмарал, өркенің қссін!» дегені әлі есімде. Соған қарағанда, ұлттық өнерді халық ұлықтайды деуге әбден болады.

        «Жақсыменен өткізген жарты сағат – жаманмен өтіп кеткен ғұмырыңдай» дегендей, Ақмарал апамызбен аз уақыт болса да әңгімелесу, дауысын естіп, жырын тыңдау мен үшін үлкен әсер қалдырды. Салмақты сөздері мен әдемі әзілдері, қазақ қыздарына үлгі боларлықтай етіп таққан орамалы мен орнықты мінезі мені таңқалдырды. Ақмарал ақынның айтыстарын ауылда әжеммен бірге сүйіп тыңдайтын едім. Ақын апамызбен сұхбаттасудың сәтін салғанына қуанып қайттым.

                            Дана Маратова