Кетем!

Кетем!
жеке
блог

Кетем мен!
Шаршап кеттім шар ішінен,
Сыр айтып қай тұсымда шалысып ем?!
Шар әлем!
Ауа екенсің үрлеп қойған,
Дөңгелеп ал, күрескен ар үшін МЕН.

Кетем мен!
Тауға, шыңға биіктерге,
Қайтейін, күйіп біттім күйіктерге.
Жанымды жалғыздығым жұбатып жүр,
Тәнімді сатып кеттім кейіпкерге.

Кетейін, жібер мені мұңлықтарым,
Бірді ұғып мыңға татыр... мыңды ұқпадым.
Еркіндік ертіп кетші мен өзіңмен,
Көтеріп жүре алмаймын құлдық қабын.

Кетем мен, кетіп қайтып оралмаспын,
Күдік көп көзі жеткен оған рас кім?!
Тірі жан таба алмайтын өмірзая
болармын, жоғаламын,жоғалмаспын.

Ғайып боп келмей қоям кетемінде,
Болмаспын шар дүние жетегіңде.
Өлмейтін өлең жазам бір күні мен,
Жатсам да ажалымның етегінде...