Дзюдошы Ертуған Төрен қазір қайда жүр?
жеке
блог

Дзюдошы Ертуған Төрен қазір қайда жүр?

Ертуған Төрен Серікұлы — 1992 жылы 6 желтоқсанда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жетібай ауылында дүниеге келген. 7-сыныптан кейін Тараз қаласындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатына түскен. Спорт мектебінде жүріп түрлі жарыстарға қатысқан. 03840 әскери бөлімінде қызмет етеді. Үш баланың әкесі.

«Алты ағайындымыз, 4 ұл, екі қыз. Мен үйдің үлкенімін. Менен кейінгі інім Төрен Нұрсұлтан да спортшы, Әлем чемпионы, Азия чемпионы болған. Туған нағашым Тамбиев Досан 2006 жылы қаладағы спорт мектебіне алып келді. Қазір Құдайға шүкір, Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. 2010 жылы жастар арасында, 2011 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы болдым. 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстанның дзюдо құрамасында 73 келі салмақта өнер көрсеттім. 2010 жылы Бразилияда өткен әлем біріншілігінде команда құрамында күрестім. 2012 жылы Тбилисиде, сосын Алматыда өткен Гран-при жарыстарында екінші орын алдым. 2014 жылы Ресейдің Челябі қаласындағы әлем біріншілігінде бесінші орын алдым. 2019 жылы шілдеде әскери бөлімге арнайы мақсаттағы шабуыл ротасында аға маман — аға барлау эфрейторы болып жұмысқа орналастым. 2019 жылы ересектер арасында самбодан Қазақстан біріншілігінде үшінші орын, 2020 жылы екінші орынды жеңіп алдым. 2021-2022 жылдары екі жыл қатарынан Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында әскер барысында ұтып, республикалық Әскери барыс сайысында үшінші орын алдым. Жыл сайын Қазақстан барысы Ерасыл Қажыбаевқа есе жіберіп жүрмін. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым. Спорттағы тәртіп қатал, ал әскерде екі есе дер едім. Әскерге алғаш келгенде оқ атудан 70 ұпай жинадым, қазір біраз машықтанып, 90-96 ұпай жинап жүрмін. Әскери адам болған соң қай өңірге жіберсе де қызмет етуге дайынмын!», — дейді Ертуған.

Әскери медиа жобасы аясында әскери салада жүрген сарбаздар, сержанттар және офицерлердің қызметтік борышынан бөлек қарапайым өмірдегі қызығушылықтары, өмірлік ұстанымдары және елдің дамуына қосып жатқан үлесі жазылады.

Бұл іс-шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-ның қолдауымен «Алматы» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастырып жатқан «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу» жобасы аясындағы «Әскери медиа» шағын грант негізінде жүзеге асырылып отыр.