Мен кіммін?

Мен кіммін?
жеке
блог

              Бірде Америкадағы «Кеннеди» аэропортында бір журналист: «Сіздің ойыңызша,бұл өмірде ең жиіркенішті нәрсе не болып табылады?» деген сұраққа сауалнама жүргізген. Адамдар: соғыс, аштық, аурулар, сатып кету сынды әртүрлі жауаптар қайтарған. Сол кезде аэропортта монах Сунг Санға кезіккен журналист осы сұрақты қойғанда, монах оған қарсы сұрақ қояды:
-Сен кімсің?
-Мен-Джон Смитпін.
-Жоқ, бұл сенің есімің. Сен кімсің?
-Мен-журналистпін.
-Жоқ, бұл сенің мамандығың. Сен кімсің?
-Мен-адаммын.
-Жоқ, бұл сенің биологиялық түрің. Сен кімсің?
Журналист ешбір жауап таба алмай, таң болып қалады.Сонда монах: «Өзіңнің кім екеніңді білмеу өмірдегі ең жиіркенішті зат»,-деп жауап қайтарыпты.
             Осы әңгімені оқыған мен ұзақ ойланып қалдым. «Мен кіммін?» деген сұрақ санамды шарлады. Іштей өзіміздің кім екенімізді біліп тұрсақ та, мардымды жауап бере алмайды екенбіз кейде. Сол сәттен бастап осы сауалды өзіме қойып, жауап іздеп көруді шештім. Тоссынан қойылған сұраққа бірден жауабымды ашып жаза алмауым мүмкін. Бірақ мен тырыстым.
Ең бірінші, Жаратушы иеміздің қалауымен осы фәни жалғанға тап болдым. Алдамшы өмірдің шырмауына түсуімнің өзіндік себеп-салдары бар шығар бәлкім... Ендеше өзге емес, өз жайымда сөз қозғайын.
Мен-өзімді қалыптастырып келе жатқан, өмірлік бағытымды адаспай тауып, сол жолды жарқын болашаққа негіздеп жүрген жеке тұлғамын!
Мен-армандаудан, қиялдаудан әсте шаршауды білмейтін және еңбекеткенді, әр жетер жетістігіме өз күшіммен жетуді қолдайтын жанмын!
Мен-жауапкершілікті жаныма сіңірген,тазалық пен адалдықты насихаттайтын, бұрынғы қазақ қыздарының қағидасын ескере жүретін естілердің бірімін!
Мен-көңілі пәк, жасандылықты емес қарапайымдылықты ұстанып, өзгелерге үлгі ететін жанмын!
Мен-тым ақкөңілділігімнің кесірінен кейде өмірден таяқ жейтін сәттердің куәгерімін!
Мен-жығылғанды жұбатып, күдігіңді сейілтіп, сенімін арттырып, желі шыққан шаңды үрлеп, арманыңа қанат бітіре алатын шабыттандырушымын!
Ең бастысы,ата-ана бақытын бәрінен биік қойып, әке мен ананың разылығын алуға ұмтылып жүрген саналы перзентпін!
Мен әрдайым ізденіс үстінде жүріп, қалауымды таба алмай, шөл басқан жанымды қалай сусындатамын деп жүрген шағымда Жаратушы жол көрсетті. Сол жолдың жолаушысына айналып, көздеген мақсат-мұратыма жетуге мен де аттандым. Қазір мен студентпін. Өз бағытымды адаспай табуыма өзім және жаратушы иеміз себепші болды. Бойыма ерекше дарын берді. Сол қасиетімді одан әрмен жетілдіру мақсатында ізденіс үстінде жүрмін. Өзімді түрлі салада елестетіп те көрдім. Бірақ, жанымның саясы, жүрегімнің қалауы «Журналистика» саласы екеніне көзім анық жетті. Шүкір, өзімді таптым. Көзімнің жеткені: бізді тек сенімділік, ізденіс, білім, рухани құндылықтар алға жетелейді екен. Әр адам өз болмысын ұғынбайынша, өзін қабылдай алмайды. Өзін қабылдамаған жан, өзгелерді мүлдем, тіптен өзін тани алмайды. Міне, бұл 19 жасар Динараның «Мен кіммін?» сынды сауалына тауып айтқан жауаптары. Осы сұрақ арқылы аз да болса өзімді тани алдым. Көптен ішіме жиналып қалған, миымда шоғырланған жауабы жоқ сұрақтарға бүгін нүктесі қойылған секілді. Бұл айтылған дүниелер бәлкім тағы да өзгеріске түсер бірер жылдан кейін. Қарапайым тіл орамдары қолданылған бұл жазбада он тоғыз жылдық түсінік қана,тарының қауызындай ғана жазылған пікір! Бұл жазбамды айшықты тіл байлығымен, болашақ журналист маманы ретіндегі көзқараспен жазуым керек пе еді деп қоямын. Бірақ, олай жазуды жөн көрмедім. Қарапайым ғана жасөспірімнің ойы жинақталған.
              Ал, оқырман, сіз осы сауалды өзіңізге қоясыз ба? Мен сауалды өзімізге жиі қойып отыруымыз керек пе деп те ойландым. Расында да, өзімізді жете тани алу үшін кейде жүрекке де, ішкі дүниемізге үңілуіміз керек. Сол арқылы өмірлік құндылықтарымызды нақтылап, өзімізге не керегін біле аламыз. Өзін тани алмаған, қоғамнан өзін таба алмаған адам өзгелерге не бере алады?

Боранбай Динара Сағатбекқызы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универститеті.

Журналистика факультеті, 2-курс.