Ойшылдық пен философияның көркем шығармашылықта алдыңғы планға шығуы

Көркем шығарманың кішкене бөлшегі – сөз. Шығарма шаңырағы сол арқылы көтеріледі. Әр түрлі бояуды үндестіре пайдаланып сурет салған қылқалам шеберіндей жазушы да сөзді кәдеге жаратып, көркем туынды түндігін көтереді. Расында да, айшықты сөз көркем туынды құрылымына енгенде жаңа бір сырлар шертеді, жаңа рең алады. Сөзбен портрет өріледі, адам мінезі беріледі, сол адамды жазушы алуан оқиғаға киліктіреді, тартысқа түсіреді, қоғам ортасымен байланыстыра бейнелейді. Сөз, адамды әрекет-қимыл үстінде көрсетеді, ал әрекет-қимыл сөзді дүниеге әкеледі. Ой – түрткі, шабыт көзі болса, сөз жүзеге асырушы. Көркем әдебиетті, сол сияқты өнер туындысының кез келген саласын философия ғылымдарының заңдылықтарына сүйінбейінше танып-білу мүмкін емес. Философия әр ғылымның өсу өрісін, даму болашағын айқындайды. Табиғаттану, қоғамтану ғылымдары да философиялық ой-тұжырымдарынсыз дәрменсіз, онсыз ол құлашын кең жая алмайды, өмір ақиқатына терең бара алмайды. Әдебиеттану ғылымы философиялық эстетика заңына сүйенеді, сол арқылы көркем туындының мән-мазмұнын ашады. Көркем әдебиет шынайы өмірді танудың ерекше формасы. Өйткені, көркем шығарма – ақиқат өмірдің көрінісі. Онда нақтылы өмірдің ізі, сәулесі, шындығы барынша көрінбек. Көркем әдебиеттегі ақиқат тек қиял дүниесінің жемісі емес, оның туған топырағы бар, ол – шындық өмір. Сонымен қатар әдебиетте даралық сипат та бар. Ол жазушының өз дүниетанымынан туған. Онда оның өз жүрек лүпілі, өз ой-сезімі бар, көргені, тоқығаны бар. «Мені» жоқ суреткер сирек. Шығармада жазушының бүкіл жан дүниесі ашылады, сүйініш-күйініші көрінеді. Әдебиет зерттеушісі белгілі ғалым В.Новиков: «Суреткер өзінің ерекше әлемін жасайды. Ол әлем өз бойына шындықтың барлық қасиетін сиғызған, ол жарылуға әзір буырқана қайнаған құштарлыққа, қайшылыққа толы. Оларда қайталанбас бейнесімен сомдалған адамдар әрекет етеді. Оның үстіне, бұл әлем суреткердің жан жарығымен сәулеленген, оның жан сезімімен суарылған және де шындық туралы жай тарихи баяндаудан гөрі әлдеқайда жарқын әсер етеді», - деп, әдебиеттің шындықпен үйлесімділігіне баға берген. Әр суреткер – жан-сезім дүниесінің адамы. Жазушының өз бейнесін көргіміз келсе, біз оның шығармаларына үңілуіміз қажет. Оның өмірі, дүниеге көзқарасы, адамгершілігі сол өзі жазған шығармаларында елес береді.

Эмоциясыз көркем шығарма жоқ. Эмоция – өнер жаны. Адамға отты қуат берер, әсер етер де сол. Әдеби шығармаға талдау жасағанда, мұны әсте естен шығармасақ керек. Әдебиет сезім мен ойдың тоғысуының жемісі. Сезім жоқ жерде ой жоқ, ал ой жоқ жерде сезім дәрменсіз, бос қиял. Өзекті ой болған жерде сезім қанаттанады, жазушы дүниеге терең бойлайды, объективті өмірдің сырына сүңгиді, өмір ақиқатына үңіле көз жібереді. Көркем шығарманың арқауы ой бола білсе, мұндай шығармаларда құдірет, қуат көп, әсер мол болады. Шынайы өнер туындысында ізгілік, жақсылық, сұлулық егіз дүниелер. Соның бәрі бір тамырдан өрілгендей, сол шығарманың бүкіл қан тамырынан жаралғандай. Адалдық, асылдық, адамгершілік, арлылық секілді абзал қасиеттер болмаған жерде, әдебиет жоқ, жалғандыққа, адамға берері жоқ дүниеге айналады.

Сурет: forums.marvelheroes.com

Оқи отырыңыз:

Образды жинақтау мен даралау тәсілдері

Сұраншы батыр жырына арқау болған сюжеттік желі

Мағжан Жұмабаев шығармаларының жанрлық ерекшелігі

Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі туралы