72 сағатта өзгерген өмір

72 сағатта өзгерген өмір
жеке
блог

Салем массагеттік оқырман! Бұл жазбам өзін өзгелерден төмен санап жүретін жанның, 99%-ға өзгергені туралы болмақ...

Мен 16 жастағы арманы мен мақсатының тізімі бойынан ұзын Шымкент қаласының тұрғынымын. Әрине оларға жету үшін үлкен талпыныс қажет екенін түсінемін. Қазір журналист болудағы ынтам күн өткен сайын өршіп жатыр. Оған себеп <<Esenbai'>> медиа орталығындағы журналистика курсы болды. Соңғы екі айда ол курста журналистика әлемімен танысып, алғашқы сұхбаттарым мен мақалаларымды жазып, сайттарда жариялай бастадым. Сол курста оқып жүріп, ұстазымнан журналистерге арналған қысқы мектептің болатынын естідім. Анамның рұқсатымен алғаш рет Шым қаладан Ару Алматыға жол тарттым. "Түсетін жеріңді ұмытпа", "Пойызда байқап жүр" деген сияқты анамның ескертпелерімен өзімде қорқа-қорқа жолға шықтым. Өзімнің сенгім келмегенімен, сәттіліктің үнемі жанымнан табылатынын сеземін. Себебі пойызда көпті көрген, көреген ата мен әже жолықты. Ерте тұрайын деп, тез ұйқыға жатқанмын. Оянған соң жуынып келіп, заттарымды түгендеп қойдым. Күндіз-түні уайымдап жатқан анама қоңырау шалып амандығымды айттым. Алматыда апкемнің үйінде болдым. Біз Гүлмира ханымның айтуы бойынша Студенттер сарайына бардық. Қысқы мектепке алып баратын автобус келіп,  Тау-Тұран кешеніне қарай бет алдық. Автобустың жылыту құрылғысы істемей,  үн-түнсіз отырып жеттік. Біздің бөлмеде Малика мен Айкөркем және Қырғызстаннан келген Аида 4 қыз болып тұрдық. Олар мұғалімдерімен келген екен және менің жалғыз келгенімді естіп "қандай ақылды қызсың" деп мақтау сөздерін де арнауды ұмытпады.

Ⅴ Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебінің алғашқы күні жоғары деңгейдегі тәлімгерлермен кездестік. Сол дәріскерлермен кереметтей фуршетке шығып, тәтті тортқа куә болдық. Гүлмира ханым  қатысушыларға арналған тортты кесу мәртебесіне Бақыт Жағыппарұлы мен мені лайық көріпті. Асылында Гүлмира ханымның "Айгерім мен Бақыт ағай, екеуіңіз кесіңіздер.?! " дегеніне мән бермегенмін, қолымнан ұстап, "Кел, Айгерім!" деп ортаға тұрғызғанында таңырқап қалдым. 30-ға жуық қатысушылардың арасынан менің атымды атап, сол мәртебеге ие еткендеріне әлі де қуаныш сезімінде жүрмін!

zimni shkola

Қатысушылармен  көптен бері араласатын достарым сияқты, тез тіл табысып кеттім.  Келесі күнгі сабақтарда "Медиа сауаттылық пен спорт журналистикасы" жайлы сөз қозғап, сұрақтар қойып, мен үшін беймәлім әлеммен қызықтыра бастады. Арасында мен "Esenbai" медиа орталығындағы журналистика курсында өткен біраз тақырыптарды да еске алып салыстырып отырдым. Спорт журналистикасы сабағын өту аясында достарым сырғанауға барды. Өкінішке орай таулы өлкенің суығынан барған жоқпын. Достарым келгеннен кейін Мейіржан Жылқыбай SportPortal.kz-тегі 1 жылдық тәжірибесімен және ол уақыттағы қателіктерімен бөлісті. Сайтта материалды қашан және қалай жіберу керек екенін түсіндірді. Кешке тағы да жиналып дискотека ұйымдастырдық. Дискотекада конкурс жарияланып, Олжас дейтін жігітпен жұп болып биге шықтық. Маған ортада қысылмай билегенімнің өзі жеңіс еді. Өйткені шыны керек, менің сыныптас достарымнан аздап болсын шеттетуді іштей сезетін едім. Ал қысқы мектептегі достарым біздің биімізге жоғары баға бергенде, олар сенің байлығыңа, келбетіңе қарап танымай, керісінше, адалдығыңа, ақылың мен айтар сөзіңе мән беретініне көзім жетті.Сыныптағы үндемей қалған, билей алмайтын өзімді жаңа қырымнан тани бастадым...

zimni shkola

Қысқы мектептің соңғы күні ұйқым қанбады, сонда да болса сабақ өтетін залға бардым. Мен сабаққа дайындалып отырғанымда, Ерқанат Көпжасарұлы келді. Бөлмеде екеумізден басқа ешкім жоқ-тын, "Мені танисың ба?" деп сұрағанда, танымағандықтан ұяла "Жоқ!" деп шынымды айттым. Кейіннен ол кісінің "31 арнадағы" информбюро тілшісі екенін біліп, ол арнаны мүлде көрмейтінім есіме түсті...

Негізі сол жерде ойымды жинай алмасам керек, өйткені бір күн бұрын Дастан Қастай ағамның  "Ертең Ерқанат есімді өте мықты ағаң келеді. Ол жаңылтпаш айтады!" деген сөзі есіме түсті. Қызықты қараңызшы, күн сайын таңғы 7 де жаңылпаш айтып журналистика курсындағы апайыма жіберетінмін, ол жаңылпашты Ерқанат аға айтатынын да білетінмін. Бірақ өмірде көргенімде тосылып қалыппын.... 

Сабақ соңында Гүлмира Сұлтанбаева куәлік пен алғыс хаттарды өзінің ізге лебізімен табыстады. 3 күн ішінде бауыр басып, достасып кеткен жандармен қоштасарда көңіл-күйдің бұзылғаны-ай!

... Мен Шымға шығатын күні анамның құрбысы,  Рабиға апке хабарласып мені алып кетті. Рабиға апкемен 10 жыл бұрын көрші болғанбыз. Бүгінде анам екеуі апкелі-сіңілідей. Мені "Mega Park"-қа апарып, қызындай қалағанымды алып беріп жүрді. Уақыттың аздығына қарамастан, үйіне де апарып қонақ етті. Асыға-аптығы Алматының уақытымен 20:30 жүретін пойыздың 8 вагоннындағы өз орныма да жеттім. Тағы бір ғажайып осы жерде болды, қысқы мектепте бір бөлмеде тұрған Малика мен Айкөркем менің купемде отыр. Үшеуміздің орнымыздың бір жерден болуы да кездейсоқ емес шығар?!  Жол бойы бірге шай ішіп, әңгіме дүкен құрдық. Батысқа кетіп бара жатқан екі қыз мені Шым қаладан түсіріп, ауылдарына аттанды. Бұл оқиғаның бәрі өмірдің ғажайыпқа толы екенін айқындап кеткендей...  Нәтижесінде өзіме деген сенімім артып, ойым өзгерді...

Ал сіздің өміріңізді өзгерткен қандай оқиға есіңізде бар?