Ел премьер-лигасы жанкүйерлер саны бойынша Еуропада нешінші орында?

 Ел премьер-лигасы жанкүйерлер саны бойынша Еуропада нешінші орында?

Футболдан Еуропа елдері арасында көрермендер саны бойынша көш бастап тұрған ішкі чемпионаттар рейтингі жарияланды. Қазақстан премьер-лигасы бұл тізімнің 20-шы сатысына орналасыпты.

Қазіргі таңда Еуропалық футбол қауымдастықтары одағына 54 ел кіреді. Қазақстан құрамасы бұл елдер арасындағы коэфициенттер кестесінде 32-ші орынға жайғасқан. Ал стадиондарға жанкүйерлердің жиналуы бойынша, ел премьер-лигасы төменгі сатыда емес екенін байқауға болады.

2014 жылғы стадиондарға жиналған жанкүйерлер саны бойынша неміс бундеслигасы көш бастады. Германия чемпионатына орта есеппен алғанда бір ойынға 43 596 жанкүйерден келген. Соңғы жылдары бундеслига бұл көште еш чемпионатты алға оздырмай келеді.

Екінші орынға ағылшын премьер-лигасы орналасқан. Англиядағы әр ойынға орта есеппен 35 895 жанкүйерден келген. Үштікті Испания ла-лигасы қорытындылап тұр. Бұл елдің ішкі біріншілігіне орта есеппен 27 236 футболсүйер қауым жиналған екен.

Өткен маусыммен салыстырғанда Қазақстан премьер-лигасына қолдау білдіруші жанкүйерлер аз жиналған. Барлығы 192 ресми кездесуді 747 550 көрермен тамашалаған. Бұл әр ойынға шаққанда 3 893 жанкүйерден келеді. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш аздап болса да жоғары болған. Ол кезде футбол тамашалауға 802 800 жанкүйер жиналған екен. Әр ойынға бөлгенде 4181 жанкүйерден келеді.

2014 жылғы маусымдағы ең көп жанкүйерлер жиналған команда - «Ақтөбе». Футбол клубының өз алаңында және түзде өткізген барлық ойындарына 185 700 көрермен жиналған. Бұл әр ойынға шаққанда 5 803 жанкүйерден келеді екен. Нәтижесінде «Ақтөбе» ел премьер-лигасындағы жанкүйерлері ең көп ұжым атағын 9-шы рет иеленді.

2014 жылы жанкүйерлер көп жиналған ұжымдардың ішінде екінші орыннан алматылық «Қайрат» көрінді. Команда ойынына барлығы 180 650 жанкүйер жиналған. Ал өз алаңында ең көп көрермен жинаған клубтар арасында «Қайрат» көш бастап тұр. Сонымен қатар, осы маусымда алматылық команданың Еуропа лигасы аясындағы «Эсбьергке» қарсы ойынына 19 000 көрермен жиналған. Нәтижесінде премьер-лигадағы рекордты орнатты. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері командалардың өз алаңында өткізген ойындарына мұншалықты жанкүйер жиналып көрмеген екен.

Үштікті ел чемпионы атанған «Астана» қорытындылап тұр. Станимир Стойлов жаттықтыратын команданың ойынына осы маусымда барлығы 133 600 жанкүйер жиналған.

Ел клубтарының 2014 жылғы жанкүйерлер саны бойынша рейтингі:

1. «Ақтөбе» — 185 700 жанкүйер (орта есеппен әр ойынға - 5 803 жанкүйер);
2. «
Қайрат» — 180 650 (5 645);
3. «Астана» — 133 600 (4 175);
4. «Ордабасы» — 131 700 (4 116);
5. «
Қайсар» — 130 100 (4 066);
6. «Шахт
ер» — 122 700 (3 834);
7. «Тоб
ыл» — 113 900 (3 559);
8. «Атырау» — 112 200 (3 506);
9. «Тараз» — 102 750 (3 211);
10. «Спартак» — 99 600 (3 113);
11. «Жет
ісу» — 92 300 (2 884);
12. «
Ертіс» — 89 900 (2 809);

Сонымен ел премьер-лигасының 2014 жылғы жанкүйерлер санына қатысты статистикасына көз жүгіртіп шықтық. Әр ойынға бөлгенде 3 893 жанкүйерден келген көрсеткіш премьер-лиганының Еуропа елдері чемпионаттары арасында 20-шы орыннан көрінуіне сеп болды.

Футболдан Еуропа елдері чемпионаттарының стадионға келген жанкүйерлері саны бойынша рейтингі (орташа есебі, бір ойында):

1. Германия – 43 596 жанкүйер

2. Англия – 35 895

3. Испания – 27 236

4. Франция – 21 707

5. Италия – 20 596

6. Нидерланды – 18 296

7. Швейцария – 10 881

8. Ресей -10 793

9. Бельгия – 10 665

10. Португалия – 9 889

11. Шотландия – 8 542

12. Польша – 7 344

13. Швеция – 7 137

14. Дания – 7 099

15. Норвегия – 6 953

16. Австрия – 6 874

17. Украина – 6 867

18. Түркия – 6 427

19. Чехия – 4 203

20. Қазақстан – 3 893

Cурет: centralasiaonline.com, sports.kz

О. Сансызбай