Журналистика мәшинесінің рөлінде "курсант"

Журналистика мәшинесінің рөлінде "курсант"
жеке
блог

Cәлем, «Массегеттік» дос! Менің есімім, Әйкерім. Есімімнің мағынасын түсіндіріп тұрудың қажеті жоқ шығар. Бірақ блог ашуымның себебін түсіндіріп көрейін.

Алдымен сізбен жақынырақ танысып алайық..?  

Өзім қазіргі таңда мектептің соңғы жылын оқып жүрмін. Бос уақытымда сурет салғанды, тамақ дайындағанды, сосын сериал көргенді қатты ұнатамын. Кейде үшеуі таласқа түссе, соңғысына басымдылық беріледі. Алдағы жылы журналистика мамандығына оқуға тапсырмақпын. Болашақта медия саласының қалыптасқан сарбаздарының бірі болғым келеді. Әдетте «Генерал болуды армандамаған солдат-солдат емес» дейді, ойымды түсіндіңіз деп есептейік. 

Сүйікті массагетті бірнеше уақыттан бері оқып жүрмін. Әсіресе Ақан Марғұланның, Әсел Асанованың, Ербол Жұмабайұлының, Бота Бизақтың қолтаңбалары қатты ұнайды. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерді жастардың тіліне сай жеңіл әрі өтімді етіп жеткізеді.

Жақында Марғұлан Ақанның «1.1.1 теориясы: Сіз сатылмаңыз, сізді сатып алсын!» деген кеңесін оқып шықтым. Өзіңе ұнайтын жұмыс істеу ішкі мәселең болса, жалақысы мен рахаты қатар сезілетін жұмыс табу қоғамның проблемасы болып отыр. Марғұлан ағаның сөзінен ұққаным, өз бағаңды ұсына білу үшін талмай еңбектену керек. Мен де ендігі кезекте журналистік жолымдағы «мәшинемді» осы сайтқа блог жазып жүргізе бастамақпын. Әзірге рөлде «курсант» екенін ұмытпаңыздар!

Әрине көптеген әйгілі блогерлер тектен текке аудитория жинамайтынын жақсы түсінемін. Олардың нақты бір мақсаттары мен миссиялары бар. Сонымен қатар, меніңше блогердің ешкімге ұқсамайтын өзіндік стилі болуы қажет. Сонда ғана сен жұрт назарын аударып, аудитория тарта аласың. 

Менің пайымымда, блогерлік тек бір ғана бағытта қатып қалған емес, керісінше түрлері өте көп қызық кәсіп. Бірі психологиялық-мативациялық посттар арқылы, енді бірі әлеуметтің роликтер түсіріп, үшіншілері саясат жайында айтса, келесі бір топ өз білген-тергенімен бөлісіп отырады. Ендігі кезекте мен де сіздермен білгенімді бөліскім келеді. Келесі бейсенбі де еңбектеріммен таныстыруды бастаймын! Әзірге, танысып алайық!