Ақ шешемнің иісі
жеке
блог

Ақ шешемнің иісі

Бүгін инстаграм желісінен "Анаңа қоңырау шалдың ба?" деген жазуға көзім түсті. Артынша алыстағы бала анасын сағынып жүрген болар, кейбіреулер өздерін тастап кеткендеріне қарамастан, шешелерін кешіруге әзір, ал мен қасында жүріп тауымның биіктігін сезіне алмай жүрген жоқпын ба деген ойға шомдым? Адам баласы қиналған, сағынған сәттерін тез-ақ ұмытып кете алады.

 Менің ойыма осыдан жеті жыл бұрын болған мына оқиға есіме түсті.Ол менің ешқашан ұмытылмайтын қиын кездерім еді...

Қызық болса әрі қарай да, менімен бірге жүріңіз! Ол мезетте мен анамның жүзін бір рет көруге зар болып, сағыныштан күздегі қураған жапырақтай үзілуге шақ қалған едім. Мен өзім бала кезден аурухана маңын көп жағалап өстім.Тоғыз жасар кезімде Алматыда жүрегіме ота жасатуға бардым. Елге қайтып келген соң, жағдайым күрт нашарлап қайта жансақтау бөліміне түсіп қалдым. Әрбір сәби сияқты менің де анамның қасынан шыққым келмейтін, тіпті осы кезге дейін одан аз уақытқа болсын жырақтап көрмегенмін.Дегенмен жансақтау бөлімінде бөгде адамдармен кездесуге рұқсат жоқ-тын. Шыны керек, «Шымкенттің дәрігерлері науқасқа салғырт қарайды» деген түсінік бар. Алайда мен олай айтпас едім, себебі мені қараған отыздан асқан жігіт ағасы маған өз қызындай қамқорлық  танытып, мейірімді жүзімен үнемі күлімсіреп жағдайымды бақылап отырды. Ал мен одан тек анамды сұраумен болдым, әсілі сұрай беріп мезі еттім бе ,әлде маған жігер сыйлағысы келді ме бір рет қатуланып: «Қызым анаңмен жазылғасын ғана кездесе аласың»-деді. Сол кезде бар даусыммен жылап, дәрігер ағайға ренжіп сөйлемей, медбикелер ұсынған тағамды да жемей қойғаным бар. Менің балалық қырсықтығымды түсіне қойған дәрігер ағай, артынан мені алдауға көшті. "Егер тамақ жесең тез жазылып, анаңмен де тезірек кездесетін боласың. Ол үшін сен көп тамақ жеуің керек" деп мені сендіре бастады.Қазір тамақ жегізу үшін кішкентайын алдап отырған ананы көрсем, дәрігер ағайымды есіме аламын. Сол сөзге иланып тамағымды тауыса жейтін болдым және ойымда ертерек жазылып анамды көремін деген мақсат болды. Жансақтау бөлімінде жатқан үш күнім, үш жылға тең болғандай еді.Жағдайым жақсарғанға дейін бөлімше терезесінің алдында жанарым жасаурап, келіп кеткендерді күзетуге көштім. «Арасында менің де ақ шешем көзіме ұшырасып қалар» деген қалауым ойымнан кетпейтін. Терезенің алдында отырып, үйдегі менің тілеуімді тілеп отырған, өмірдің қиындығына күліп қарап, Алладан ғана пана сұрайтын анамның халін ойладым. Оның мен үшін қиналып,мазасыз күй кешіп отырғанын талай рет көрдім емес пе? Ал қазір қандай күйде екен? Осылай отырғанымда медбике кіріп жанымдағы қызға жансақтау бөлімінен ауысатынын ескертіп,дайындалуын тапсырды. Мен де сонымен кететіндей қуанып едім, бірақ ол кеткен соң қайтадан сағыныш сарғайта бастады. Менің жаныма батып жатқаны қабылдап жатқан ащы антибиотик пен ине емес, анамды көрмеуім еді.

 Төртінші күн дегенде дәрігер ағай келіп тексеріп, қал жағдайымды сұрап бүгін басқа бөлімшеге ауысатынымды айтқан. Мен ағайдың ауысасың дегеніне мән берген жоқпын, өйткені барлық бөлімше бірдей деп ойлағанмын. Кардиология бөліміндегі мейірбике бөлімшенің режимімен таныстырғанда ғана жансақтау бөлімінен өзгеше екенін білдім. Мұнда еркін жүріп тұрасың, бастысы жақындарыңмен кездесуге болады. Енді тағатсыздана анашыммен кездесуді күтіп отырмын. Сол ойымды жинап  біткенше, анамда есіктен кіріп "Айкона, қызым жаным" деп көздері жасаурап тұр. Ал мен тұрған орнымда қаттым да қалдым... Әдетте зымырандай сырғитын сағат тілі бір сәт тоқтап қалғандай, сағыныш кернеп жүдеген жүрегім енді ғана еркін тыныс алғандай, жаным ләззатқа бөленіп жәннат бағына енгендей күй кештім. Шешемді қысып құшақтап, құшарлана иіскеп, өзін сағынғанымды жақсы көретінімді бірнеше рет қайталадым. Сенсеңіз, бар дертімнен айыққандай жүзім жайнап, анамның шаршағанын жасыру үшін күлімдеген жүзіне қарап жата бергім келді. Маған сездіргісі келмегенімен оныңда мен кешкен күйден де зор уайымға батқанын байқадым...