Кино&медиа мамандығының таныстыру кеші
жеке
блог

Кино&медиа мамандығының таныстыру кеші

Қылышын қынабынан суырған қыстың алғашқы айы - желтоқсан еліміз үшін қыс маусымның ғана емес, егемендігіміздің ескерткіші болмақ.

Әр қазақ жадында жатталуға тиісті 1986 жылғы көтеріліс - жөргегінде тұншыққан қазақ даласының бірегей бұлқынысы еді. Сол азаттық үшін күрескен батырларымызды еске алу үшін Журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының Кино& Медиа мамандығы арнайы шара ұйымдастырды. Факультет деканы Нұржан Қуантайұлы шараның шымылдығын ашып, мамандық логотипінің тұсауын кесті. Нұржан мырза өз сөзінде Кино&Медиа саласы жаңадан ғана ашылған мамандық болғанымен болашағының зор екендігін алға тартып, болашақта нағыз өнертанушыларды дайындау үшін барлық жағдайдың жасалатындығын айтты. Одан кейін, студенттер топтық және жеке өнер көрсетіп, сахнада желтоқсан құрбандарының ереуілге шыққан оқиғасын сомдап, құрбан болған жастарды көз алдымызға әкелді. Мемлекеттік әнұран орындалып, құрбандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алдық. 

Күй шертіліп, ән орындалып, би биленді. Арнау өлеңдер оқылды. Көрермендерден 8 студентті шығарып ойын ойынатылды. Ойында кинодан үзінді көрсетіліп, рөлді шеберлікпен сомдағаннан кейін, Қазақстан тарихына қатысты сұрақтар қойылды. Жеңімпаз 6 студентке кино, театр және Медеу мұз айдынына билеттер берілді. Шара соңында мамандықтың 2 жылдығына орай арнайы дайындалған тәтті торт кесіліп, студенттерге үлестірілді.

Журналистика факультеті

Кино&Медиа мамандығының 1 курс студенті Адалбек Шұғыла; 

Жетекшісі: аға оқытушы, куратор - Н.Б.Рушанова