Халық қалаулысына айналған «Халық кеңесі» газеті
жеке
блог

Халық қалаулысына айналған «Халық кеңесі» газеті

Жылдар бойы езгіден есеңгіреп қалған қазақ халқы үшін тәуелсіздік Тәңірден келген үлкен сый болатын. Бірақ ата-бабамыз арман еткен бұл егемендік те өз қиындықтарымен бізді ұзақ тосып отырған екен. Егемендік деген атқа ие болу үшін қазақ елін алда талай белестер күтіп тұрған еді. Сондай кезеңде халыққа дұрыс бағыт көрсетіп, оларды тәуелсіз жолға салу - баспасөздің атқарар міндеттерінің қатарына кірді. Себебі нақты шешімдер қабылдап, оған халықты икемдеу үшін баспасөз елеулі еңбек ететіне мәлім.

Сондай мақсатта тәуелсіздікті одан әрі жандандыру үшін «Халық кеңесі» деп аталатын газет 1990 жылы оқырманға жол тартты. Бұл басылым тәуелсіздік жолында адалдықтың ақ туын көтеріп, өз оқырмандарына керекті кеңес, орамды ой айта білген. Халық сол кезеңдерде биліктің кем-кетігін түзеп отыратын мақалаларды сүйіп оқитын. «Халық кеңесі де» атына заты сай болып, сондай мақалаларды жиі жариялап отырған. Сол уақытта газеттің жауапты хатшысы болған Марат Тоқашбаевтың айтуынша, депутаттардың өзі «Халық кеңесіне» шыққан материалармен санасатын.

Бұл газет жайлы сөз болғанда Жұмабек Кенжалиннің есімі де қосақталып жүреді және бұл заңды! Себебі газеттің шарықтап дамуына елеулі еңбек етіп, тер төккен бірде бір кісі осы болатын. Ж. Кенжалиннің басқарып отырған кезінде газет Республика бойынша алдыңғы қатардағы басылымға айналды, оқырман едәуір көбейді. Редакцияға меншікті тілші болып орналасуға келген жас буынды Ж. Кенжалин кеудесінен итермей, керісінше арқасынан қағып жігерлендіріп отырған. Ол кісі әрқашан ұлт мәселесін жиі қозғап халық қалаулысы бола білген.

Жоғарғы кеңестің органы атанған «Халық кеңесі» газетінде жарияланған мақалалар билік өкілдерінің маңызды шешімдерін қабылдауға ықпал еткен. Газетін бетіне жарияланған мақалалардан-ақ оқырманның талғамы биік, өрісі кең екенін де байқай аламыз. Басылым өткір тақырыптары арқылы демократияға жол бастай білді. Әрқашан да батыл ой қозғап, жемқорлық тақырыбына да арнап өзекті мақалаларын халыққа ұсынды. Жаңа заманда бой көтеріп келе жатқан басылымдар «Халық кеңесінің» салып кеткен ізіне түсіп, сол газеттен үлгі алғанын да жақсы білеміз.

 Саяси жүйенің қайнай бастаған шағында ел тірегі бола білген «Халық кеңесінің» ғұмыры ұзаққа бармады. Бірақ аз уақыттың ішінде бұл басылым өзінің жол бастаушы көсем екенін дәлелдей білді, оқырманның көзайымына айналып үлгеріп, қазақ тарихында өзіне лайықты орын ала білді. Тәуелсіздік жолында мақсаты енді айқындалып келе жатқан ел үшін бұл басылымның алар орны ерекше екендігін айта кеткен жөн.