жеке
блог

Қабылдаған дұрыс шешімдерім- менің өмірлік ұстанымым

    Әуелі бұл тақырып біздің өмірлік бағыт-бағдарымыздың тағдырын айқындай ала ма? Өмірлік ұстанымды тұрақтандыру үшін біздің қазіргі көрген-түйгеніміз, жасымыздың шамасы, білім-жігер, ақыл-парасатымыз дұрыс шешім қабылдауға жеткілікті екенін кім дәлелдей алады? Пәлсапа заңдылықтары бойынша дүние құбылыстары үнемі қозғалыста, үнемі өзгерісте болады. Сол құбылыстардың құрамдас бір саласы - адам өмірі. Адамдық таным өз сырын жасыруға мүмкіндігі бола бермейтін өтпелі жеткіншек жасындағы біз арқылы ашық байқалады. Біз болашақ туралы көп ойланамыз. Әрине, бәрінің қалауы бір – ертеңгі күннің сәттілігі, бақытты ғұмыр мен үлкен жетістіктер. Мұның бәрі - адамның жеке мүддесіне негізделген тар шеңбер. Білімімізбен, сауапты істерімізбен, қысқасы ұядан алып шыққан бойдағы бар мүмкіндіктерімізбен болашақта халықтың, қоғамның қалаулысы да болғымыз келеді. Алайда, оған бәрі бірдей қол жеткізе ала ма? – Жоқ. Ал, оның басты себебі – болашақтың болмысы бүгінгі күннен байқалатынын жете түсінбеуімізде. Көптің мүддесіне лайықты адам болу үшін ұядан үлкен дүниені меңгеріп шығуымыз керек. Рухани күш - қуатымызды ауыр жүк көтеруге лайықтап шынығуымыз керек.

      Мен өмірді жоғарыға жол бастаған баспалдаққа теңер едім. Оның әр сатысы – біз өтуге арналған қилы да қиялы белестер. Белес сайын тағы да сан алуан өмірлік таңдаулар "мен мұндалап" алдыңнан шығады. Үлкен дүниеге үңілмей-ақ, қарапайым мысалды оқушылық өмірден-ақ алуға болады. Әрине, қоғамда да оқушының қабылдау мүмкіндігімен санаса да бермейтін әрекеттер жоқ деуге келмейді. Сондай-ақ, оқушылардың немқұрайлылығы да, сабақ түсіндіруге құлықсыз кейбір ұстаздардың ғаламтордан немесе қосалқы оқулықтардан өзің түсініп келуіңді міндеттейтін қиянаты да себепкер. Не болса соған күштейтін қаржылық және басқа да ауырпалықтар ата-анадан бұрын оқушының жүйкесіне де ықпал етеді. Ал, оқушының басты кемшілігі - жалқаулық пен болашаққа деген ұмтылыстың жоқтығында. Мектептегі сабақ, ҰБТ және басқа да қосалқы дайындықтарда оған төлеген ата-анасының маңдай терін де ақтамайды. Бұл жартылай жеке бастың кемшіліктері десек, жартылай заманауи электронды технологияның да тұншықтырып жатқанын ұмытпауымыз керек. Нақтырақ айтқанда, құралға пайдалануға жарайтын компьютерлер мен сенсорлы ұялы телефондарды баланы психологиялық ауруға ұшырататын құмар ойындар мен құйтырқы көріністер жаулап алды. Қаладағы оқушылардың үйден аттап шықса ішімдік пен нашаға ілініп кететіндері де таңғалдырмайды. " Бақыт - ләззат пен шала ес" деп, ұлы ойшыл - Эрнест Хэмунгуей айтқандай, олардың да болашақта сол "бақыттың" шеңгелінен шықпай қалатындығы қауіпті. Оқығысы келетіндердің қосымша оқуға жағдайының болмауы да - әлеуметтік теңсіздік. Осыған қарап уақытты жеп, денсаулыққа да әсер ететін артық ауыртпашылықтарды тоқтатып, бұрынғыша бәрін де мектептің стандарт бағдарламасына кіргізсе екен дейміз. Бұған қоса басқа әліппиге көшу, үш тұғырлы тіл дегендерді де ауыр да болса игермесең ғаламдық көштен қаласың. Рас, оқу – инемен құдық қазғандай. Десек те, данышпан Абай атамыз айтқандай, талаптанып, сүйіп оқу және сол сүйгенді көңілге түйіп оқу керек, сонда ғана адам өз дегеніне жетіп, өмір теңізінде білім қайығымен жүзе алады.
       Әйел баласы өсекке жақын келеді дейді, сол өсектің арасында баласының жағдайы жайлы сөз қозғалып, ҰБТ мәселесіне жеткенде «Жұрттың алғанын алды ғой» дегенінен гөрі «Менің балам жетістікке жетті, менің үмітімді ақтады» деген мақтан сөздер құлаққа жағымды емес пе?! Ұсақ-түйек әрнені қазбалай берсек, айтар сөз де көп.

   Қысқасы, менің өмірлік басты ұстанымым - ұлтқа, адамзатқа және жалпы жаратылысқа парасатты қызмет ету. Ол үшін жаман әрекеттің бәрінен сақтанып, Жаратушы "қимылдасын, ысырапқа салмай игі іс жасасын" деп берген денсаулықты сақтау керек. Біліміңді, іс-тәжірибеңді жетілдіру керек. Өзіңді шындық пен әділет жолында қаймықпайтын батырлыққа шыңдау керек. Ұлт пен ұлттық мемлекетке қорған болуды үйрену керек. Ұлтты сақтау үшін - ұлттық тіл мен ділді, зиянсыз дәстүр-салтты сақтау керек. Мұның бәрі өскелең ұрпақты рухани жаңғыруға үйретеді. Рухани жаңғырудың тағы бір басты қажеттілігі - тәуелсіздігіміздің болашағына қауіпті сан алуан дни ағымдардан сақтану. Айта берсек, өмірлік ұстанымға татитын мәселе қазірдің өзінде жеткілікті. Уақыт пен тарихқа догма үстемдік құра алмайтын болғандықтан патриот кешегі пікірінен бүгін де айнып шыға келуі мүмкін. Сондықтан болашақта қандай өзгерістер күтіп тұрғанын біз де білмейміз. Бірақ, ел басы Нұрсұлтан Назарбаев пайымдаған Мәңгілік ел болуға ат салысу - әр адамның азаматтық парызы ғана емес, міндеті! Ал, бұдан кейігі жіктеген сатыларым басты ұстанымға жеткізетін алғышарттар десем де болады.

     Келесі саты – мамандық таңдау. Шыны керек, жаңа заман талабына байланысты жастар «сүйікті ісіммен айналыссам екен» деп емес, «ақша тауып, бай болсам» деген ниетпен таңдау жасайды немесе өзінің сүйікті ісімен айналысқысы келетін баланы ата-анасы, қабілеті келсін-келмесін, басқа арнаға бұрып жіберетін кездер де болады. Ұлы француз ойшылы «Адамның ең бақытты сәті – таңертең оянып, өз арманындағы жұмысына бара жатуы» деген екен. Сол себепті, мамандық таңдау барысында сол мамандық бізді бақытты ете ала ма, жоқ па, соны ойлауымыз керек. «Ел маған не бере алады» деп емес, «Мен елге не бере аламын» деп қызмет етуіміз қажет. Ұстанымды қалыптастыра білудің өзі де – өмірлік ұстаным немесе өнер. Бұны қалыптастыруда көп жағдайда ұяда көргеніміз, қоршаған ортадан ілгеніміз әсер етеді. Ұлы ойшыл Омар Хайям «Өмір сүрудің екі заңын білген адам бақытты болар. Бірі - не болса соны жей бермей, азығына талғаммен қарайтын жан; бірі - кім болса, сонымен дос болмай, айналысындағы достарын жөнімен таңдай білетін адам.» дегендей, достарымызды, өмірлік жарымызды дұрыс таңдай білу қажет. "Шын дос болу үшін, әуелі, олардың пікірі дос болуы керек" – деп айтқандай, достар ортақ парасатты мүддеге қызмет етуі керек.

Тағы бір келелі шарт – рухани кеңістікті қамтитын санамызды қалыптастыру. Жалпы руханият – тамыры жүректен бастау алатын алтын діңгек болса, діл, өнер және ғылым – оның бұтақтары. Ғылым – ұлттық сана мен ұстанымның өміршеңдігін қалыптастыратын кірпіш. Өнер – ұлттық бедеріміздің айнасы. Жаратылыс - біз, қоғам және шегі жоқ ғарыштық табиғат. Жаратушы - бәрінің қозғаушы күші. Сондықтан Жаратушыны әркімнің келімсек дінімен емес, зайырлы өмірлік ұстаныммен, азаматтық көзқараспен таныған абзал. Бәріміз - құдайдың құлымыз. Сондықтан әр минутымызды қолдан келсе сауапты істерге жұмсап үлгірейік. Соған "мүмкіндік берсін!" деп тілейік.  Бірақ, өкінішке орай, бүгінгі таңда дін мәселесі – ұлттық алауыздыққа, ел тұтастығының құлдырауына әкеп соқтыратын қауіпті проблемаға айналып отыр. Оған басты себеп – әртүрлі дінді бұрмалаушы ағымдардың көбеюі және сол ағымдардың жетегінде кетіп, жастар санасы уланып жатқандықтан діни ұстанымға сақтықпен қарайық. Кезінде сыншы Сағат Әшімбаев әр сөзін парасат ұғымымен байланыстыратын еді. Сондықтан Рухани жаңғыруымыз парасат шыңына шығара берсін демекпін!

      Қазір мен бар болғаны 1-курс студентімін, бірақ, менің алдыға қойған үлкен мақсатым бар. Ол – өмір баспалдақтарымен бұйыртқан сынақтардан сүрінбей,  тек қана алдыға жылжи отырып,  арман шыңына жету. Бұл жолда өз бойымнан  Ғабит Мүсірепов айтқан парықсыз паңды емес, өз өнерімнің күшіне сенетін мығымдықты тауып, тек қана дұрыс шешімдер қабылдаймын деген үміттемін. Жаратушы соған нәсіп етсін.



Жұлдызды блогтар