Фрэнсис Бэконның философиялық ойлары

Фрэнсис Бэконның философиялық ойлары
жеке
блог

Қайта өрлеу дәуірінде өмір сүрген ағылшын философы, тарихшы, саясаткер Фрэнсис Бэкон эмпиризм мен ағылшын материализмінің негізін қалаушы ретінде белгілі. Ол нақты негізделген, дәлелді ғылыми көзқарастың жақтаушысы болды. Ол сол кезеңдегі басқа философтар сияқты әлі де қолданыстан шықпаған схоластика тілі белгілеген шектеуден шығуға тырысып, ғылыми білімнің антисхоластикалық әдісін жасады. Фрэнсис Бэкон философия тарихында эмпиризмнің негізін қалаушы, тірі табиғатты зерттеудің инновациялық әдістерін дамытушы ғалым ретінде қалды. Бұл тақырыпқа ол көптеген ғылыми еңбектерін арнаған. К.Маркс Бэкон туралы былай деп жазады: «Бэкон ағылшын материализмінің және жалпы қазіргі заманғы эксперименталды ғылымдардың нағыз негізін қалаушысы болды. Жаратылыстану оның көз алдында шынайы ғылым, ал сыртқы сезімдер дәлелдеріне негізделген физика жаратылыстанудың ең маңызды бөлігі болып табылады». Бэкон философиясы қазіргі заманғы ғалымдар мен ойшылдар үшін де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. 

Фрэнсис Бэкон өз заманының алғашқы ірі философы болып, Парасат дәуірін ашты. Ол антика және орта ғасыр заманында өмір сүрген ойшылдардың ілімін жақсы білгеніне қарамастан, олар көрсеткен жолдың жалған екеніне сенімді болды. Өткен ғасырлардағы философтар білімнің адамдарға практикалық пайда әкелуі керек екенін ұмытып, моральдық және метафизикалық шындықтарға ден қойды. Фрэнсис Бэкон осы уақытқа дейін философия қызмет етіп келген бос қызығушылықты материалдық игіліктер өндірісіне қарсы қояды.

Практикалық англо-саксондық рухтың ұстанушысы бола тұра, Ф. Бэкон білімді шындыққа ұмтылу үшін іздемеді. Ол философияға діни схоластикалық жол арқылы жету керектігін мойындамады. Адам жануарлар әлемінде үстемдік етуге және әлемді рационалды-тұтынушылық жолмен зерттеуге тиіс деп есептеді. 

Фрэнсис Бэконның пұт жайлы ойы

Фрэнсис Бэкон адамдардың санасында үстемдік ететін нанымдар жайлы өзіндік теориясын жасады. Оның айтып отырған нанымы - «пұттар». Ойшыл оны шындықты бұрмалау қабілеті үшін «елес» деп те атаған. Заттар мен құбылыстарды танып білуге ​​ұмтылмас бұрын, бұл пұттардан арылу керек деп есептеген.

Барлығы болып Бэкон пұттардың төрт түрін ажыратады:

- «Тұқым» пұттары;

- «Үңгір» пұттары;

- «Тайпа» пұттары;

- «Театр» пұттары.

Бірінші санатқа елес пұттары кіреді және олар әр адамға тән. Себебі адамдардың ақыл-ойы мен сезімдері жетілмеген. Бұл пұттар адамды табиғатты өзімен салыстыруға және оны сол қасиеттермен дарытуға мәжбүр етеді. Осы орайда Ф. Бекон Протагордың «адам барлық нәрсенің өлшемі» деген тезисіне қарсы шығады. Адамның ақыл-ойы «жаман айна» секілді әлемді дұрыс емес бейнеде көрсетеді деп мәлімдейді. Нәтижесінде теологиялық дүниетаным мен антропоморфизм пайда болады. 

«Үңгірдің» елес-пұттары адамның өзінің өмір сүру жағдайының, тәрбиесі мен білімі ерекшеліктерінің әсерінен туады. Адам әлемге өзінің «үңгірінен», яғни жеке тәжірибесі тұрғысынан қарайды. Мұндай пұттарды жеңу жеке адамдардың, қоғамның жинақталған тәжірибесі мен үнемі бақылауды қамтамасыз етуден тұрады.

Адамдар бір-бірімен үнемі байланыста болғандықтан және жақын өмір сүретіндіктен, «тайпа» пұттары пайда болады. Оларды байланыстыратын нәрселер – сөйлеу мен ескі ұғымдарды қолдану, заттар мен ойлаудың мәнін бұрмалайтын сөздерге жүгіну. Бұған жол бермеу үшін Бэкон сол кезде Орта ғасырлардан қалған ауызша ғылымнан бас тартуды ұсынады. Оның пайымдауынша, негізгі идея – ойлау категорияларын өзгерту.

«Театр» пұттарының белгісі – билікке деген соқыр сенімнің болуы. Ойшыл осындай билікке ескі философиялық жүйені жатқызады. Егер көне затқа сенетін болсақ, заттарға деген көзқарастар өзгереді, қате және теріс түсінік қалыптасады. Мұндай елестерді жеңу үшін заманауи тәжірибеге жүгініп, табиғатты зерттеу керек.

Барлық сипатталған «елестер» ғылыми білім алуға кедергі болып табылады, өйткені олардың кесірінен әлемді толық түсінуге мүмкіндік бермейтін жалған идеялар пайда болады. Бэконның айтуынша, жоғарыда айтылғандардан бас тартпайынша ғылымды түбегейлі өзгерту жүзеге аспайды және ежелгі адамдардың ойларына сүйенбей, тәжірибе мен экспериментті білімнің бір бөлігі деп қарау керек. 

Бэкон философия тарихында жеке ғылымдардың дамуына бастама берген адам ретінде ғана емес, сонымен бірге таным қозғалысын өзгерту қажеттілігін айтқан ойшыл ретінде де қалды. Ол адамдардың теориялық және практикалық іс-әрекетінің дұрыс бағытын анықтайтын тәжірибелі ғылымның бастауына жол ашты. Философтың мына бір қанатты сөзін келтіре кетейік: «Айлалылар бiлiмді жек көредi, ақкөңiлдер оған таңырқайды, ақылдылар оны пайдаланады». Бұл сөздерден білім алудың маңыздылығын түсінеміз және ойшылдың бұл қанатты сөзі қазіргі заманда да құндылығын жоғалтқан жоқ.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Алтаев Ж.А. Ғылым тарихы мен философиясы. Толықтырылып, өңделген. – Эверо 2011. – 468 б. 

2. Хасанов М.Ш., Петрова В.Ф., Б.А. Джамабева Ғылым тарихы мен философиясы, Алматы, Қазақ университеті, 2015.

3.https://zen.yandex.ru/media/id/5de688e77cccba00b1c2f6ac/filosofiia-fbekonaosnovnye-idei-5de6961f3642b600afe5304c

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің профессоры Данат Жанатайұлы Жанатаев

Филология және әлем тілдері факультетінің «Аударма ісі» мамандығының 1-курс магистранттары Карабаева Баян, Көшербай Асылай, Мұхтарқызы Айгерім, Тастанбекова Айкүміс