ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІНЕ АЙНАЛҒАН АТА ЗАҢ

Тәуелсіз елдігімізді танытып, мызғымас мемлекеттігімізді бекіткен Бас құндылығымыз – Ата заңымыз. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда дауыс беріп, Конституция қабылданған күн. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзіне назар аударсақ: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ» деген еді.
Қазақстан деп аталатын осынау ұлан-байтақ даланы ата-бабаларымыз ежелден мекендеген. Тарихта сақтар, ғұндар, үйсіндер, түріктер, қыпшақтар болып бір-біріне сабақтаса жалғасқан дәстүрлі далалық мемлекет нышандары ХҮІ ғасырда орда көтерген Қазақ Ұлысына ұласқанды. Шыңғыс ханның жарты әлемге ықпал еткен алып империясын «Яса» немесе «Ясак» (Ұлы жасақ заңдары) деп аталатын әскери-құқықтық заңдар жинағынан, бастау алған «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты құқықтық құжаттар – дала жұртының жосықтық жұлынға мойынсұна тіршілік кешкендігін айғақтайтын төл мұралар. Қырық кісінің ақылы бар хандардың жарлық-шешімдері, аузын айға білеген билердің бітім-кесімдері қазақтың төл бітім-болмысына сай жарасымды құқық жүйесін қалыптастырды.
Дегенменде Елбасының «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», – деген болатын.
Мысалы: 1787 жылғы Америка мен 1791 жылғы Франция конституциялары конституциялық үрдістің (конституционализм) алғашқы үлгілері саналады. Тәуелсіздік үшін күрес нәтижесінде Дж.Вашингтон, Дж.Мэдисон, А.Гамильтон, Дж.Джей және т.б. ел азаматтарының араласуымен жасалған Америка Конституциясы елімізге аян. Буржуазиялық төңкеріс барысында Ж.Мунье, Э.Сиейес, Ш.Талейран, И.Ле Шапелье сынды депутаттардың белсенді қатысуымен өрнектелген Франция Конституциясы – бұл екі жарғы да Ш.Монтескье, Г.Гроций, Т.Гоббс, Ж.Руссо мен Дж.Локктардың шынайы жүзеге асуы екіұдай көрінген: жеке меншіктің қорғалуы, биліктің жүйелене жүргізілуі, заңның үстемдігі, халық пікірімен санасу сияқты «билікті халыққа қызмет еткізсем» деген тілектен туындаған теориялық тұжырымдарын жеке-жеке бапқып бекітіп, елге таныта алды.
Осы күні әлемдегі әрбір елдің мемлекеттігін танытатын өз Ата Заңы бар. Қандай да болмасын мемлекеттің құқықтық, демократиялық жолмен жүруі – қазіргі әлемдік өркениет талабы. Ал кезкелген мемлекеттің осы талапқа сай бет-бейнесін айшықтайтын бірден-бір құжат оның Конституциясы. Еліміз Қазақстанның да саяси ұстанымы мен билік мазмұны Негізгі Заңда көрсетілген. Сондықтанда Қазақстан Конституциясына үлес қосқан С.Зиманов, М.Баймақанов, Ғ.Сапарғалиев, С.Сартаев, С.Өзбекұлы, марқұм Н.Шәйкенов және басқада елімізге мәшһүр құқықтанушы ғалымдардың қажырлы еңбегінің жемісі. Заңгер ағалар шетелдік озық конституционализм үлгілерін Қазақстанның саяси жағдайына орайластыра пайдалана отырып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған, жаңаша мазмұндағы Конституция мәтінін жасап шықты. Ата заңымызда мемлекеттің билік шегі мен халықтың құқық көлемі көрсетілген. Онда билік органдарының қызмет ауқымы қарапайым халыққа тізесін батыра алмайтындай қылып реттелген. Ата Заңда жеке-жеке бап болып, тәптіштеле тізілген адамның саяси, әлеуметтік һәм жеке басына қатысты құқық мүмкіндіктері Қазақстанның әрбір азаматына тиесілі.
Алайда Ата заң осы құқықтардың жүзеге асуының кепілдігі болып табылады. Қазақстан азаматтарына құқықтар берілуімен бірге, оларға бірқатар міндеттер жүктелген. Айталық, Отанды қорғау, заңдарды бұлжытпау, қоршаған орта мен тарихи ескерткіштерді қорғау және салық төлеу. Құқық пен міндет – егіз. Бұл екеуі әр адамның (және кез келген құқық субъектісінің) құқықтық жағдайынан хабардар етеді. Ата заңда жарияланған құқыларын толық пайдалану үшін әр адам белсенді құқықтық мінез-құлық танытуы қажет. Ол үшін әрқайсымыз құқықтық сауатты болуымыз керек.

Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-нің
аға оқытушысы Ж.М. Арынов
1- курс студенті Е.Д.Биғалиев



Бөлісу: