Айтарым бар, замандас!
жеке
блог

Айтарым бар, замандас!

Ұлттың білімін таптау

Тыныштық… Бақылаушының туфлиінің тықылдаған дауысы, дір-дір еткен жүректер, құдды бір өміріңнің шешуші сәті секілді. Он бір жыл бойы мектепте оқып-тоқығаныңды саралап, екі сағат ішінде өміріңді мүлде басқа арнаға бұратын, бұл – ҰБТ. Әйгілі әзілкеш – Тұрсынбек Қабатов айтпақшы «ҰБТ – Ұлы Біркүндік Төңкеріс секілді…». Оған келіспекке болмайды. Дөп тауып айтылған. ҰБТ өтті,кетті… Нағыз білімді балалардың бағы жанбай, бай-бағландардың балаларының айы оңынан туды. Одан кейін елге қызмет ететін, өз ісінің мамандары қайдан шықсын?

Кейде үлкен кісілер «...Еее, балам біздің кезде емтиханға кіріп, қалаған билетті таңдап, жауабымызды беріп, тиісті бағамызды алып шығатынбыз» деп, сананы сан толғандырып қоятыны тағы бар. Осы ҰБТ-ның бізге керегі мен берері бар ма?

ҰБТ меніңше «Ұлттың білімін таптау». Неге дейсіз бе? Өйткені, ҰБТ оқушының білімнің көрінісі емес, оқушының «бақ пен дәулетінің көрсеткіші». Бастауыш сыныптан әліппені алып тастап, жоғары сыныпта «ТЖБ, БЖБ» деп, қан қақсатқан, реформа жасағыш Білім және ғылым министрлігіндегі шенді-шекпендер қалталарының қалыңдығын емес, ұлттың білімін таптап жатқандарын естен шығармағаны жөн!