Батысқа басқаша еліктеу керек

Батысқа басқаша еліктеу керек
жеке
блог

     Қазіргі қоршаған ортаның ластануы жайлы дабылқағыстарды естімеген жан жоқ шығар. Ғаламның жылынуы, ауаның ластануы, сулардың лайлануы, тағысын тағылары. Әрине, ес жиып, қолға алмаса болмайтынын түсінген жандар баршылық. Алайда, қалыпты жағдай ретінде қарап, қол сілтегендер де жоқ емес. Әсіресе, БІЗ. Елбасымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ғаламдық жылыну 200 жылда қайталанып тұратындықтан аса мән берудің қажеті жоқтығын айтып, халықты сабырға шақырғандай болды. Бірақ, қоршаған ортаны оған қарамастан таза ұстау керектігін ескертуді ұмытып кеткен шығар, сірә. "Құдыққа адам түспесе, қақпағын жаппайтын" әдетімізден арылу қиындау болып тұр. Міндетті түрде көзге көрініп, құлаққа қатты естілетін адам мен табиғат шығыны болмаса еліміздегі экологиялық проблемаларға халық пен биліктің назарын аударту қиын болып тұр. Табиғат тек ғалымдарға керек емес екенін қашан түсінеді екенбіз....

              "Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз" деп ұлы ақын Абайдың өзі жақсыдан үлгі алуды меңзеген. Қазіргі жайтта біз ұқсауға ұмтылу тиіс "ғалым" - экологиялық проблеманы дер кезінде шеше білген мемлекеттер. Ендеше, олардың қазіргі жағдайларына тоқталсақ. Әлем бойынша мемлекеттер арасындағы экологиялық жағдай бойынша индексті құрайтын ұйым, "Environmental Performance Index"-тің былтырғы жылғы статистикасына көз жүгіртейік.

 

 

 

Алдынғы 16 қатардағы мемлекеттердің бәрі - "батыстық менталитет" деп біз жақтырмайтын Европа құрлығының елдері. Мәдениетімен бірге табиғатқа деген құрметін іспен дәлелдеген батыстан үлгіні осы қырынан алу керек.

 Швейцарияның жеңіс жолындағы "құпиясы" неде?

     Саптың алдынғы қатарында орналасқан Швейцария мемлекетінде табиғи ресурстар бірқалыпты мінсіз болған емес. 1950 жылдары елде таза судың жоқ болғаны сонша, өзен-көлдің әр шетінде "суға түсуге болмайды" деген белгілер жайрап тұрған.  Ал, ол кезде ауыл шаруашылығының 14% ғана су тартуға мүмкіндігі болған. Жағада әжетхана қағаздары шашылып, көзге түйедей болып көрінетін қоқыстардың иісі шықса да халық мән бермеуге тырысқан. Алайда, төзім өз шегіне 1963 жылы тиф эпидемиясы жайлаған сәтте жетті. 450 адам осы дертке шалдығып, 3 адам қаза тапқан кезде ел суды тазартуды қолға ала бастады. 1967 жылы "Суды ластанудан қорғау" заңын енгізіп, өзен-көлдерге бөгде заттардың қалдығын құюға және тастауға қатаң тиым салды. 2005 жылы халықтың 97% су құбырларымен қамтамасыз етілді. Ал, қазір әлемдегі ең таза су көзі Швейцарияда. Заңды қатаң сақтай отырып, жеңіске жеткен мемлекеттен үлгі алатын ерекше бір тұсы бар: "Суды қаншалықты ластасаң, соншалықты салық төлейсің". Яғни, үйден шығатын қалдық судың ластану деңгейіне қарай, әр үй салық төлеуге міндетті.

     Алдыңғы шекке орналасуына жасыл желектері де әсер етті. Бұл елде ағаш кесу үшін тіпті ағаш өз аулаңда өсіп тұрса да мемлекеттің арнайы рұқсаты керек екен. Әйтпесе, көп мөлшерде айыппұл төлеу керек болады.

 Нағыз табиғат жанашырлары Швецияда

     Жақында болашақты жастарға сеніп тапсырғандары үшін әлем мемлекеттерінің басшыларын сөккен Грета Тунберг есімді жас экоактивист осы Швеция елінің жасөспірімі. Мектепке барудан бас тартып, ғаламдық жылу туралы дабыл қаққан оқушы өз әрекеттері мен тіке айтылған сөздері арқылы билікті өзіне қарата алды. Шындығында ғаламдық жылу жалғыз оны емес, оның әр үшінші қандасын алаңдататын көрінеді. Солтүстік Мұзды мұхит пен Атлант мұхитына жақын орналасқандықтан олар ғаламдық жылынуды аса қауіпті деп есептейді.

     Қоршаған ортаны таза ұстаудан Швеция 5 орынға жайғасқан. Себебі, бұл мемлекетте қоқыстың 99% қайта өңделеді. Ал, қалғаны арнайы полигондарға көміп тасталынады. "Тәрбие тал бесіктен" дегенге мән беретін шведтердің әр үйінде қоқыс сұрыптайтын жәшіктер бар. Иә, біздікіндей тек компания ғимараттарында ғана емес, әр үйде.

     Ауа тазалығы да жоғары деңгейдегі Швецияда кәдімгі бензин орнына тамақ және органикалық қалдықтарынан жасалған биобензинді қолданады. Осылайша, ғаламдық жылынудың алдын алуды бастап кетті.

Ал, температураның әдеттегіден жоғары болуын табиғи құбылыс санайтын біздің мемлекетті "Environmental Performance Index" ұйымы 180 мемлекет арасынан 101 орынға жайғастырды. 100 мемлекетті алға жіберіп, қоқыс сұрыптауды да, ес жиюды да енді бастадық. Әрине, шведтердей қоқысты толықтай қайта өңдеу біз үшін айға ұшқанмен бірдей. Алайда, суды тазарту үшін швецариялықтар сияқты ауру тарағаның күтіп отырмайтын шығармыз. Көшеге көл қылып түкіруді қатаң заңмен жазалаудан бастап, көліктен шығатын түтінге дейін дұрыс салық енгізсек, халықтың денсаулығы сәл де болсын жақсарады және экологиялық апаттан да бір қадам алыстай аламыз. Батыстан ән алғанша, осындай идея алатын жастар болса, қолдаушы басшы болса біз де саптын бірінші қатарына ілігерміз. Ал, қазір тек елге осы дабылды нықтап жеткізу ғана маңызды.

Таңатарова Бибігүл

Х.Досмұхамедов атындағы АтМУ 

2курс студенті