Берік Әбдірахманов Олимпиада жолдамасына таласады

О Сансызбай Корреспондент
Берік Әбдірахманов Олимпиада жолдамасына таласады

Бокстан осыған дейін AIBA-ның APB жобасы аясындағы електік және рейтингтік кезеңіндегі жекпе-жектер аяқталған еді. Бүгін сол додада бақ сынап жатқан отандастарымыздың қарсыластары белгілі болды.

БӨЛІСУ

AIBA Pro Boxing (APB) – АІВА-ның олимпиадалық бокс және WSB жобасынан кейін қолға алған үшінші жобасы. АРВ-ның бірінші маусымына қатысатын былғары қолғап шеберлері қомақты қаржы тауып қана қоймай, алғашқы екі орынға ие болған спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады. Бірақ, финалдық жұдырықтасулар нақты қандай жүйеде өтетіні құпия қалып келеді.

60 келіде бақ сынаған отандасымыз Берік Әбдірахманов үш кезеңдегі кездесулерінде де жеңіске жетіп, финалға шыққаны даусыз болған еді. Ол енді Олимпиада жолдамасы үшін өзбекстандық Хуршид Тожибаевпен жұдырықтасатын болды. Жекпе-жек 30 қаңтар күні Астана қаласында өтеді. Осыған дейінгі бұл салмақтағы барлық кездесулер елордада өткен болатын. Жаңа жобаның алғашқы үш айналымында боксшылар алты раунд айқасса, финалдық кездесуде сегіз раунд жұдырықтасады.

52 келіде APB жобасына қатысқан Ілияс Сүлейменов қайтадан алжирлік боксшы Мұхаммед Флиссимен жекпе-жек өткізетін болды. Қайтадан дегеніміз, отандасымыз осыған дейін бұл боксшыны дәл осы доданың іріктеу кезеңінде нокаутпен жеңген. Сол жеңісін Ілияс қайталап жатса, рейтингтік ұпай нәтижесінде Рио жолдамасын иеленіп қалуы бек мүмкін. Бұл кездесу де 30 қаңтар күні Ресейдің Новосібір қаласында өтеді.

49 келіде жұдырықтасатын Біржан Жақыпов шаршы алаңға 5 ақпан күні көтеріледі. Ол да қайтадан бразилиялық Шагас Валерио Лоуренспен кездескелі отыр. Біржан оны екінші кездесуінде ұпай айырмашылығымен жеңген болатын.

Бұл жобада 91 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан Антон Пинчуктың қарсыласы әлі анықталмады. Оның да жолдама үшін жұдырықтасуға мүмкіндігі бар.

AIBA Pro Boxing жобасына 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов та қатысқан болатын. Бірақ, отандасымыз бірінші жекпе-жегінде ұтылып қалып, одан соң жарақатына байланысты бұл жобадан тыс қалған.

Сурет: confederation.kz