Ақан Сатаевтің "Районы" фильміне менің пікірім және біраз қазақ киносы жайлы.

Ақан Сатаевтің "Районы" фильміне менің пікірім және біраз қазақ киносы жайлы.
жеке
блог

Бұл сайтқа салғалы тұрған алғашқы постым. Мен бұл сәтті ұзақ күттім, алайда дәл қазір бойымда үлкен қорқыныш бар. Тіпті қандай бағытта, не туралы жазарымды білмеймін. Сонда да алғашқы тұсаукесерлік шығармам ретінде Пікір, яғни Рецензия жазуды ұйғардым. Бұл тұста тағы да ұзақ ойлануға тура келді.  Барлығына бірдей түсінікті болуы үшін Елімізде таңымалдылыққа ие деген топтамаларды (кітаптар, фильмдер, саяси маңызы тар нәрселер және тағы сол сияқтылар) тізіп қойып ойымда 1000рет сүзгі жасап ақыры кино саласының майталманы, талай тамаша туындылардың Жаратушысына айналған Ақан Сатаевті шығармамның басты кейіпкеріне айналдыруға ұйғардым. Дәлірек айтқанда сол кісінің тура бір жыл бұрын жарық көрген "Районы" атты фильмі туралы, өзімнің алған әсерім жайлы сіздермен ой бөліспекпін.

- Неге дәл осы фильм?

- Жауабы қарапайым, себебі бұл фильм  жаныма өте жақын туындылардың бірі әрі бірегейі. Мен өзім жай көрермен ретінде өте сыңшыл, әр нәрсеге қатаң талап қоятын жанмын. Әсіресе осы кино саласына келгенде менің ойымнан шығатын дүниелер тек саусақпен санарлықтай. Ал бұл фильм өзінің ойға тез қонымдылығымен, түсініктілігем көңілімнен шығып, Қазақстанда осыған дейін болмаған тын туынды болғандығымен-ақ баурап алды.

- Фильм несімен ұнады?

- Өзге фильмдердегідей тым жалықтырып жіберетін сахналар жоқ. Барлық бөліктері құрақ көрпеге салған ою-өрнектердей әдемі үйлескен. Қалыс қалған не артық кеткен тұстары болған жоқ мен үшін. Ақан ағанын кино саласындағы асқан табыстылығының құпиясының бірі - Актерлер құрамын дұрыс таңдай білуі екенін ескерсек "Районыдағы" әсем бояуларды дәл осы артықшылық айшықтай түскендей көрінеді. Алысқа бармай-ақ, шетелдердің бұл саладағы дарежелеріне тіл тигізбей-ақ өзіміздің отандық кино саласындағы өзге де шығармалармен салыстырып көрейікші. Біздегі жиі ұшырасатын, көп режиссерлер маңыздылығын білсе де  елей бермейтін үлкен минустардың бірі - туындыда қаралатын өзекті мәселелердің аздығы.(p.s: көпке топырақ шашпаймын.) Себебі, көп режиссерлер тәрбиеден гөрі асқан танымалдылықты көздейтіндіктен сценарий мен мағынадан гөрі жарқыл-жұрқылға, фантастикаға көп назар аударатын болып кетті қазіргі таңда. Сол арқылы жұмыстарымыз бай әрі биік көрінеді деп ойлайды, алайда керісінше арзанқолданып бара жатқандықтарын түсінбейді. Бұл тұста америкалық, үнділік және түріктік киномотаграфияға еліктеушіліктің бізге де еніп келе жатқанын да аңғаруымызға болады. Ал "Районыны" жай тастардың ішінде мөлдірлігімен ерекше көзге түсетін гауҺарға теңеген болар едім. Иа, артық айтқандық емес "Районы" шынымен де өз өзгешелігімен қашанда жаңашылдыққа жаны құмар Ақан ағаның тұғырың одан әрі асқақтата түскендей болды.

- Фильмнің сюжеті менің түсінігімде.

- 90шы жылдар. Ақ-қара фон. Сол кезде сәнді болған киімдер мен шаш үлгілері. Ескі радиодан шыққан өз заманының хит өлеңдері. Аулада ойнап жүрген балалар. Шағын ғана пәтердің үлкен терезесінен бөлмеге түскен күн сәулесі. Ілулі тұрған кілемнің жанына қойылған ағаш басты төсек және оның төменгі жағында орналасқан үлкен шкаф - Фильмді есіме түсірсем осындай реквизиттер көз алдыма елестейді. Мейлі, онда бұндай дүниелер  болмаса да солай елестейді, себебі бұл туынды көрерменге еркіндік береді. Тек өзінде болған оқиғалармен шектелмейді, өзге де дүниелерді тереңірек ойлауға, көз алдына бейнелерді, кейіпкерлерді салуға және соларды ойнатуға, өз басында сол фильмнің қосымша бөліктерін түсіруге мүмкіндік береді...

Мен сияқты жаңа заманның балалары үшін Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар әрине қызық. Алайда, мектептерде оқытатыны елдің тек саяси жағдайы, халықтың білімі, саны, мәдениеті деген сынды тым ресми дүниелер. Әрине тарих кітабынын беттеріне "Театральный Районының жігіттері бүйтіпті де сөйтіпті" деп жазып қоймайтыны анық қой, алайда осы темада ата-аналарымыздың немесе өзге де сол жылдардың өкілдері айтатын әңгімелері де тым мардымсыз болды. Оған шынайылық пен әсер жетіспеді бәлкім...

- Фильмнің негізі бөліктері.

- Бұрыннан болған, қазірге дейін жалғасып келе жатқан және келешекте де болатын Район жігіттерінің айқасы. Бірінің әлсіздігі, бірінің күштілігі. Зорлық көрсету, әлжуастарға билік жүргізу, ақша жинау, бопсалау... Бұл терминдер ұл балаларға таныс болар иа? Әрине жігіт болған соң олар шыдауға міңдетті болды. Бұндай жағдайларды үйлеріне айтып бару немесе төбелесіп қалсан қазіргідей бірден полицияға шағымдану олар үшін өліммен тең болған. Бір жағынан ол заманда заңның гөрі жұдырықтың күші басымдылыққа ие болған-ды...

Басты рөлдегі Арсен. Оқу көрсеткіші жоғары, тәртібі жақсы, онымен қоса спортпен айналысады, өзінің жалғыз асыраушысы - анасының мақтанышы. Бірақ, жаңа мектеп оны өзгертті. Оған жаңа сыныптас достарына ілеспей өз жолымен жүруге, теріс бағытқа түспеуге, бұрын сонды ойына да алып көрмеген көше тентегіне айналмауға болар еді, алайда қоғам адамға міңдетті түрде әсер етеді демекші барлығы бір ағыспен жүзіп келе жатқанда сенің керісінше жүзуін ақымақтық болған болар еді, мейлі бұнын бәрі сенің менталитетіне қарсы болса да. Ақыры, ол бәрін тастады - сабақты, спортты, анасының беретін ақыл-кенестерін. Бәрі желге ұшты, жерге көмілді. Темекі, арақ, теріс қылықтар, үйге кеш қайту, төбелес, көгерген көздер, үйдегілерден еститін ұрсыс-керістер, мектептегі ұстаздардың шағымдары, төмен бағалар. Оның бұл әрекеттері тек достарын ғана қуантты, тек соларды ғана риза етті. Өміріндегі кері бұрылыстарға оның өзі де қарсы болды, алайда дос шіркін бәрінен артық. Бір жағынан  өз Районынның мүшелерін жарты жолда тастап кету - сатқындық. Сатқындық - өлім(әсіресе ұлдардың арасындағы достықта). Қазірде "сатқындық - өлім" деген ұғым мүлдем бөлек: адамдардың сөздері, ар-ұятынның тыныштықтан ада қалуы. Ал сол кезде бұл ұғым тура мағынасында да жүріп кетуі мүмкін еді. Осылайша екі оттың ортасында жүрумен біраз қиналысты басынан өткерген Арсен жаңа өміріне иық тірей жайлана бастады. Бұрынғыдай "бұным дұрыс па әлде бұрыс па?" деген сұрақтар енді мүлдем мазаламайтын болды... Өміріне қыз енді. Көшедегі жанына жақын бауырларынан бөлек жүрегінен тағы да бір адам орын тепті. Қанша жерден қатал  болса да махаббатсыз, тәтті сезімге ерік бермеусіз ешбір фильм дүниеге келмеген болар әлі, себебі басты кейіпкер мен оның өміріндегі маңызды адамның арасындағы қарым-қатынас шешуші мәнге ие болады емес пе. Фильмнің кілті, яғни қорытындысы да сонда жатыр:

Арсеннің сүйген қызының ағасы басқаратын Район оның Районына қарсылас. Міне нағыз екі оттың ортасында қалушылық. Басында бәрі жақсы еді. Достарымен де, сүйген қызымен де тепе-теңдікте болды, алайда бір уақытта Арсенге бауырындай болып кеткен Хабибті өлтіріп кеткендігі жайлы ауыр хабар келеді. Және оны өлтірген қызының ағасы екенін білді. Әрине бұндай жағдай шын өмірде бола ма, болмай ма білмедім алайда бұндайды басынан кешірген адамның күйін ешкімге бермесін. Фильмнің басты оқиғасы, шешуші кезеңі, нүктесі Арсеннің қолында тұрды. Не қызы үшін ештене жасамастан тек бауырының артынан жоқтау айтып амалсыз қала береді немесе оның кегін алып, жалғыз Хабибтің ғана емес тұтас Район жігіттерінің атынан әрекет жасайды. Шешімге келді. Дайындалды. Барды. Жасады. Қолын қанға бұлғады. Есесіне бауырының рухын тыныштандырды. Әрине оның бұл жасағаны дұрыс болмады, заңға қайшы, бірақ жігіттердің өз заңдары бар және ол қағазға жазылып қойған ережелерден артығырақ болатын. Мейлі, артынан жылап өз анасы, қарғыс айтып өлім кұшқан жігіттің жақындары, не жыларын не күлерін білмей сүйген қызы қалса да бастысы - сатқындық жасамау, досқа адал болу. Себебі, "Досынның жауы - сенің де жауын, Досынның досы - сенің де досын".