$100 миллион табысқа жеткен шоу-бизнес мысығын білесіз бе?

$100 миллион табысқа жеткен шоу-бизнес мысығын білесіз бе?

Кейде адамдар кездейсоқ миллионер атанады. Бірі лотореядан ұтып алса, тағы бірі өзіне моральдық нұқсан келтіргені үшін сот арқылы байлыққа кенеліп жатады. Ал АҚШ-тың Аризона штатының тұрғыны Табата Бандесен үй мысығын асырап, миллионға қол жеткіздіпті.

Табата туғанынан ауруы бар мысығының арқасында 100 миллион АҚШ долларына кенелген. Сырқаты арқасында мысық медиа жұлдызы атанған. Тіпті интернет қолданушылары да оның бейнесін бір көргеннен таниды екен.

Табата Бандесеннің мысығы 2012 жылы сәуір айында дүниеге келген. Оның түсіне байланысты иесі оны «Тартар Соусы» деп атапты. Дегенмен сырт көрінісіне қарай қоғам оны «Ызалы мысық» (Grumpy Cat) деп атап кеткен екен. Мысықтың туғанынан физиологиялық ауытқуы бар болғандықтан оның бейнесінен үнемі кейіс пен жек көрушілікті байқауға болады.

Инстаграмда ызаға бүлінген мысықтың сипатын көргісі келетіндердің саны жарты миллионнан асып кетіпті. Ал Grumpy мысықтың твиттердегі парақшасына 255 мыңнан астам адам жазылып үлгеріпті.

Виртуалды әлемнің танымал кейіпкеріне айналып үлгерген мысықты сыртқы әлемде де тани бастапты. Себебі оның бейнесі түсірілген әр түрлі сувенир сатыла бастаған. Одан бөлек интернет жұлдызының атына арнайы өнімдер де дайындала бастапты. Айта кетсек, «Grumppuccino» деп аталатын мұздалған каппучино көптеген кофеханада сұранысқа ие бола бастаған. Тағы да айта берсек, «Фрискис» мысықтарға арналған тағамның жарнамасына түсіп, теле жұлдыз атанды. Одан қалса Голливуд жұлдыздары секілді The Wall Street Journal және New York Magazine журналдарының басты бетінде «Ызалы мысық» басылып шықты. Grumpy Cat назары әдебиетте де шетте қалмады. Осы жылы ол туралы кітап жазылып, сатылымы жағынан бестселлер атаныпты.

Кез келген медиа жұлдызы секілді мысық та үлкен келісімшарттар жүргізген. Расында оның иесі Табата жүргізеді. Нәтижеде әрбір жарнамасы үшін қомақты қаламақы алып отырған. Әрине мысық өз ақшасын басқара алмайды. Қаржыны жұлдыздың менеджері әрі иесі басқарып отыр.

Әзілдің айтатын жайы емес, мысық бір жылда $100 миллион табысқа қол жеткізіп, шоу-бизнестегі жұлдыздардың біразын басып озған. Мысалы Гвинет Пэлтроу өткен жылы $18,6 миллион тапқан болса, Криштиану Роналду $42,2 миллион табысқа жеткен.

Сурет: www.ibtimes.co.uk

Ж. Өрісбай