Қарттар - қазынам

Қарттар - қазынам
жеке
блог
«Кәрінің бары – игі» деп келген дана халқымыздың қазіргі ұрпағы аталмыш мақалдың мәнісін түсінбей, игіліктен өздері бас тартып, ақырында бармақтарын тістеп қалып жатқан жайы бар.
Осы мәселе хақында мына мендей жас жеткіншектің сөз қозғауы қазақ елі үшін өте ұят нәрсе. Сонда да ата-анасының көз жасына қалған кейбір «ақымақтар» үшін бұл мақаланы жазуыма тура келді. Байырғы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қартын қастерлеген қазекем қазір қайда?! Сан жылдар бойы кірлі көйлек кигізбей, қолын қатты тигізбеген анасы мен ақыл үйретіп, тәрбие берген әкесін жүректерін қан жылатып қарттар үйіне тастайды да кетеді. «Әкем біреу, анам да біреу менің, Мен жығылсам сүйенер тіреулерім» деп марқұм Фариза апамыз жырлағандай, баласына тіреу болған әке-шешені бір-ақ сәтте керексіз қылып, қариялар үйіне апарып тастау үшін қандай қатігез, тасжүрек болу керек? Өкінішімізге орай қазіргі таңда осындай безбүйрек ұл мен қыз жоқ емес. Қарттардың өзінің емес өзгенің ғимаратында қаңғырып жүруі осындай санасыздардың нәтижесі. Бүгінгі күнде Жамбыл облысындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлердің саны – үшеу. Оның екеуі Тараз қаласында орналасқан.
Мен былтырғы жылы соның біріне барған болатынмын. Мектебімізден жиырмаға жуық оқушы жиналып, қарттарымыздың көңілін аулап, кішігірім концерт жасаған болатынбыз. Сол жердегі сезімімді айтып жеткізе алмаспын. Ән шырқап тұрған кезімде әр қарияның көзінен «менің де немерем осындай шығар», «шіркін, немеремді бір марқайып құшақтап сүйсем ғой» деген ыстық сезімдер от болып жанып тұр. Сахнада өзімді-өзім әзер ұстадым. Тіпті, бір қарт әжей маған шоколад әкеліп берген кезде, жылап жіберуге шақ қалдым. Осы сәтте өз-өзіме «Әке-шешемді ешқашан қараусыз қалдырмаспын!»деп уәде бердім.
Ей, адамзат! Қолымыздағы алтынымыздың, байлықпен есептеуге еш келмейтін байлығымыздың қадірін біліп, барына шүкіршілік қылайық. Атасыз үй–батасыз, ал анасыз үй–панасыз күйге айналудан абай болайық.
Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр».
Оңалбаев Дәрмен
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернаты