Жадау көңлімді жұбатқан
жеке
блог

Жадау көңлімді жұбатқан

  Ағаштар жалаңаштанып, көңілсіз мезгіл орнаған бойда, бүтіндей бір ауыл да жаздағы жақсы әрінен айырылады. Қалың киіммен бүрсең қағып жүрген шал-кемпірлер, табыннан сиырын тосып алып тұрған қалтыраған балалар. Жиі жауатын жаңбырмен жердегі езіліп жатқан батпақта әр адамның аяғының ізі анық көрінеді. Кеш бата көшеден де біреуді кездестіру екіталай. Мал-жанды жайғаған жұрт, үйге ерте кіріп тонған бойларын жылытқанша асық. Ал, үйдің ішіне көңілсіздік келмеген. Гүрілдеп жанып жатқан от, сықылықтап күліп жатқан бала, бұрқыраған еттің иісі. Қаладан үйді сағынып жеткенде сенің жадау көңліңді бірінші боп көтеретін осылар. Әке мен ананың ыстық құшағына тоңған бойынды жылытып, анаңның саған сақтаған жылы жұмсағымен жүрек жалғау – мүлдем басқаша..! Ал, жарылған пештің жарықтарынан қып-қызыл боп жанып жатқан ыстық от бір нәрседен ұялған адамдай бетіңді қызарта түсіреді. Өз үйіңде, ыстық пештің түбінде алаңсыз, жылы көрпенің астында ұйқыға кеткенге не жетсін, шіркін..!