Қан тапсырып, донор болу денсаулықты жақсарта ма?

блог
Дүниежүзілік донорлар күнінде донорлық туралы егжей-тегжейлі баяндап өткіміз келеді.
2005 жылдың мамыр айында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясында әр елдің денсаулық сақтау министрлері ерікті қан тапсыруды қолдау туралы мәлімдеме қабылдады. WHA58.13 қарарында олар жыл сайын 14 маусымда Дүниежүзілік қан доноры күнін өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл күн австриялық дәрігер, иммунолог, Нобель сыйлығының иегері, адамзаттың қан тобын ашқан Карл Ландштейнердің (1868-1943) туған күніне орай қойылды.
Қазақстанда жыл сайын 400 мыңға жуық қан құйылады, оны 200 мыңнан астам адам тапсырады, 18 мыңға жуық адам қанын үш немесе одан көп рет тапсырады. 100 азаматқа "Құрметті донор" атағы берілді, бұндай атақты 40 реттен көп қан тапсырған адамдар иеленеді.
Амбулаторлық-поликлиникалық және жедел жәрдем қызметі басқармасының мәліметінше, Қазақстанда 470 медициналық ұйым қан құю саласында жұмыс істейді. Жыл сайын бұл қызмет 80 мыңға жуық науқасқа көрсетіледі.
Қазіргі таңда барлық медициналық ұйымда қан бар. Донор қаны мен оның компоненттері акушерлік, онкогематология, хирургия, травматология саласында қолданылады. Артық қан сақталып тұрса да, еліміз донор қанына әрдайым зәру.
2008 жылы Қазақстанда он қан орталығы ашылды. Бұндай орталықтарда заманауи карантиндық тәсілдер, вирустарды активациялау технологиялары қолданылады. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып донор қанына қатысты екі кезеңнен тұратын скрининг тәсілін енгізді. Бұл қан құю кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, донорлар арасында инфекциялық ауруларды анықтауға көмектеседі.
Жыл сайын елімізде қан жинауға арналған науқандар ұйымдастырылады, бұндай науқандарға қызметкерлері қан тапсыратын жетекші ұйымдар қатысады. Сондай-ақ Дүниежүзілік донорлар күнінде қан донорлығына қатысты ақпарат тарату жұмыстары жүргізіледі. Олардың мақсаты – қауіпсіз қанның қажеттілігін түсіндіру және ерікті қан тапсырудың ұлт денсаулығы үшін маңызын насихаттау.
Қан мөлшерін қалыпта ұстап тұру үшін қан тапсыру орталықтарына күніне мыңнан аса адам келіп, қан өткізулері керек.
Бір донор үш адамның өмірін сақтап қалуға қауқарлы.
Донорлар күнінде еліміздегі бүкіл медик қазақстандықтарды қан тапсырып, адамдардың өмірін сақтап қалуға шақырады. Науқанға танымал адамдар да қатысады. Әлемдік танымал адамдар да қан тапсыру орталығына келіп, басқаларға істерімен үлгі болып жүр. Мысалы, қытай актері Джеки Чан, португалиялық футболшы Криштиану Роналду, америкалық актриса Джессика Мари Альба тұрақты түрде қандарын өткізіп тұрады.
Криштиану Роналду қан тапсыруда. Сурет: vovikte.livejournal.com
Джеки Чан қан тапсыруда. Сурет: kommersant.ru
Мамандардың ойынша, қан құю атеросклероз, подагра, ас қорыту бұзылыстары, ұйқы безі, бауыр, зат алмасу жүйелерінің ауруларына ем.
Қанды тұрақты түрде өткізіп отыру адамның денсаулығын жақсартады, қан түзетін мүшелердің жұмысына, бүкіл ағзаның жағдайына пайдасын тигізеді. Плазма тапсыру кезінде донор плазмаферез қызметін тегін алады, бұл көптеген клиникада ағзаны жасарту үшін ақылы түрде жүргізіледі.
Көп адам қан өткізу туралы жеткілікті түрде білсе де, қан тапсырудың маңыздылығын түсінсе де, процедураның ағзасына тигізетін пайдасын ұғынса да, қан тапсыруға қорқады. Өйткені бұл АИТВ (ВИЧ) жұқтыру қаупін жоғарылататын жайт деп есептейді.
Қан донорлығының бірнеше түрі бар: толықтай қан тапсыруға да, қан бөліктерін тапсыруға да болады. Мысалы, тромбоцит, плазма, лейкоцит өткізуге болады. Бірінші жағдайда қан ине арқылы алынады. Процедураны медиктер донордың көз алдында жаңа инені қабынан шығарып, бір рет қолданылатын латекс қолғаптар киіп жасайды.
Қалғандары арнайы медициналық аппаратта венадан алынып, плазмаферез жағдайында плазма мен жасушаларға бөлінеді. Плазма арнайы контейнерде қалады, ал жасуша донордың ағзасына қайта оралады. Бұл жағдайда да инфекция жұғу қаупі жоқ.
Кей адамдар жай ғана қан тапсырғанда ауырады деп қорқады. Шын мәнінде 450 мл қан тапсырудың (донордан осындай қан мөлшері алынады) қарапайым талдама тапсырудан айырмасы жоқ. Жіңішке ине бір рет егіледі, аса ауырады деп ойлау - қате.
Кей адамдар діни наным-сеніміне сүйене отырып, қан тапсырудан қашады.
Мысалы Иегова куәгерлері қан тапсырмайды. Өйткені, олардың пайымдауынша, "Библияда солай жазылған".
Дәстүрлі діндерде қан тапсыруға тыйым жоқ. Христиандар да, мұсылмандар да, иудистер де донорлықты "өзгенің өміріне араша түсу" деп есептейді.
Мұсылман дінінде жақсылық жасаудың сауабы қасиетті Құран кітабында жазылған. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла оған көмектеседі" деген.
Христиан дінінде Иисус Христосты мысалға келтіреді. Өйткені ол адамзатты сақтау үшін қанын берген. Православиелік шіркеу қан тапсыруға ешқандай қарсылық білдірмейді.
Алайда егер адам өз денсаулығына күмән келтірсе, өзгенің өміріне қауіп төндірмегені жөн.
Басты сурет көрнекілік мәнде gov.kz сайтынан алынды