"Білімді зерек адам болам десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен"

"Білімді зерек адам болам десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен"
жеке
блог

    Әр пенде бұл дүниеге келгенде, шырылдаған сәби болып әлемнің қаншалықты суық екендігін сезінеді, сол сәтте анасының аялы алақаны сәбиге жылу беріп, талай бәледен қорған болады. Байқасақ, әр пенде сәби кезінен-ақ бұл өмірдің суығы мен ыстығы яки ағы мен қарасы қатар жүретіндігін сезінеді. Өмір деген оянуды , көзді ашуды, есіңді жиуды талап етеді. Өмірдің бар сұрары “Нәпсіңді атқа мінгізбеу”. Шіркін, осы дүниені әр пенде құлағына құйып өзгелерді ұйытса ғой. Өмір мен нәпсі туралы сөз қозғап өттім, бұл екі парқы бөлек, нарқы бөлек дүниелерді біріктіруші күш нендей дүние? Ол әрине пенде. Өмірді сүруші һәм оны түсінуші нәпсісін тыймақ. Нәпсісін тыйып өмірде өнерсіз болу ақымақтық екендігін түсінген жан, білімді һәм ізденімпаз болмақ. Бүгінгі ойдың негізі дәл осы өмірді түсінуші, білімді, ізденімпаз пенделердің ғибратын ұғыну.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтпақшы:                     

                                            Кісің тауып жолдас бол аз өмірге

                                            Ойлама кісі екен деп өнерсізді!

                                            Ғибрат ал атқан таң мен батқан түннен,

                                            Шықпассың адам болсаң айтқан жөннен.

Бұл ұлағатты сөздер бабаның тілін алуға үндейді. Қашанда өнерлі адам зейінді, зерек болып келеді. Әр дүниенің ағы мен қарасы бар демекші өнерлінің де іші қуыс, көлеңке болуы әбден мүмкін. Егер пенде менменшіл, өркөкірек, ақыл айтар қарияның сөзін тастайтын жан болса, ол өнерден шапағат болмас. Өнері мен білімі өзіне ғана сіңіп тамыр жайып кетпес. Сол үшін де білімді зерек адам қалыпты сақтау үшін ақыл айтар қария мен ізбасарды өзіне айна ету керек.

                                          Айна қыл өзіңді өзің түзетуге,

                                         Бұл жүрген жақсы жаман көп адамды

                                         Не пайда маңдайдағы екі көзден,

                                         Салмақты, ақылыңды қылып безбен,

                                         Айтыпты Лұқпан әкім өсиет қып:

                                         Мен білім үйрендім-, білімсізден!

                                         Өнерге өзіңді-өзің ерте баулы

                                         Жастықтың бір күні көшіп кетер ауылы.

      Бұл өсиетке зер салып, расында уақыттың алтын екенін, оны кез-келген дүниеге сарп еткізу ақымақтық екендігін түсінуге болады. Ысырапшылдықтың ең шыңы уақытын ысырап етер жандар. Уақытыңды бос кетірмей жақсы мен жаманды, жас пен кәріні  өзіңе  айна етіп, білім һәм өнерден өндіруге, өсіп өркендеуге талпыну қажет .Әр әрекетке деген шын ықылас, еңбегіңді  екі еселейді. Осы тұста өлең жолдарындағы “бір сөзді шығарады бір сөз түртіп ағыздым алтын қылып , мен мысты ертіп” деген мағыналы сөзді жазғым келіп отыр. Мыстан алтын ағызған бұл нендей құдірет десек, ол құдірет иман, еңбек, білім екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дәл осы иманды, зерек жанның қасиеті титтей де болсын  ұрпағымыздан табылсын дейді.

                                         Пайдасы көпке тисе әне кісі,

                                         Ұлғаяр өрге басып оның ісі.

                                         Бір құлқын тамағынан құны аспайтын,

                                         Жаман көп әлдеқандай көрінісі.

Бағана айтып кеткенімдей өнерлі жан өркөкірек болса өз өнері өзіне ғана сіңіп, бір құлқын тамағынан құны аспайтын күйге жетеді. Ал пайдасы көпке тиер кісінің әр өнері өніп, өркендеп әр қадамы өрге баспақ. Қандай пенде болу өз таңдауыңда, ең бастысы ен бұлақтың көзін ашып, әр ұрпақтың құлағына толғанша құяр Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыздың ғибратты сөздерінен сәл де болсын түйгенің дұрыс.

Қорытындылай келе ұрпақтың саналы болуы жауһардай сөздің көптігінде емес, оны білуге ұмтылатын, өзгеге ұғындыратын жанның  табылуында. Сөздің сүйектен өтетіні сені бір-екі күн қимылдатар, сөздің санаға жететіні сені мәңгі алға тартар. Нәпсіні тыю, көңілді жыю сені өмірдің тура жолына жетелейтіні хақ, сол үшінде ата-бабаның  сөзін қастерлеуіміз қажет.Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз ұрпағының саналы болуын тіледі, олардың ізденімпаз болуы өздеріне жақсы екендігін ұғындырды. Жас ұрпақтың кемелденуі үйрену мен жиренуден тұады. Болашаққа қадам басқан жастардардың сенері атаның ақылы, бабаның батасы болуы керек.