Өміріңізге реңк беретін 10 зат

Ештеңеге зауқыңыз соқпай, қиын жұмыс істемесеңіз да арқаңызда жүк, басыңызда күмән мен ауыр ойлар торлап тұрғандай сезімде боласыз ба? Онда сізге дереу әрекетке көшу керек.

    Кез келген адам күнде қайталана беретін бір типті өмір салтынан жалығады. Бұл - адамды басып, жаңа ойлар мен идеялардың келуіне бөгет болады. Сол үшін өмір сүру образымызға өзгеріс пен жаңа дем қосып отыруымыз керек. Мысалы: кемінде айына 1 рет сүйікті ісіңізге уақыт бөліңіз. Сізді ерекше эмоцияларға бөлейтін адамдармен кездесіп, ұнататын жерлерге барыңыз. Ал төменде өміріңізге бояу қосып, сізді энергияға толтыратын заттар тізімін ұсынамын:

1. Сізді қатты қызықтыратын, бұрын-соңды естімеген ел мен оның мәдениетіне еніп көріңіз. Мысалы, оқиға сол елде орын алатын кітап оқу. Сол әлемге шомып, өзіңізді кейіпкерлердің арасында жүргендей елестетіңіз.

2. Бір күні алдын-ала жоспарлаусыз кез келген жақын қалаға билет алып, сол қаланы зерттеп көріңіз. Құлаққап алып, сүйікті музыкаңызды тыңдап жүріп, музей, кафе, кітапхананы аралаңыз. Жаңа жерлер біздегі екінші тынысты ашып, жаңа ойларға жол ашуға ерекше мүмкіндік береді.

3. Бағдаршамның жасыл түсі ғана жанатын серуенге аттаныңыз. Қалаға шығыңыз, қай жерде жасыл түс жанса, сол жерлермен жүріңіз. Қаланың өзі сізге жол көрсетіп тұрғандай, бағытыңыздың соңында не күтіп тұрғанынан бейхабар болу арқылы өзіңіз білмеген жаңалық ашуыңыз ғажап емес.

4. Күнделікті күн тәртібіңізге жаңа әдет енгізіңіз.

5. Алдыңызға кішкентай, бірақ қызық әрі ерекше мақсат қойыңыз. Мысалы, бір ай көлемінде әр апта сайын 1 жаңа адаммен танысу.

6. Өзіңізге үйреншіксіз спортпен айналысып көру. Ол спорт түрі де, немесе жай ғана йога да болуы мүмкін.

7. “Менің арманымдағы өмір” деп аталатын тәжірибені жасап көріңіз: Өзіңізге ұнаған баяу музыканы таңдап, құлаққап киіңіз. Терезенің алдына отырыңыз да, музыканың ырғағымен өз өміріңізді  бүкіл бояуымен бірге елестетіңіз. Бұл сізге қандай өмірге ұмтылатыныңызды анықтауға көмектесіп, керемет эмоцияға бөлейді.

8. Осы уақытқа дейін жасап көрмеген тағамды әзірлеп көру. Көзіңізге бірінші түскен плейлистті ең жоғарғы дауысқа қойып, іске кірісіңіз. Осы процесске толықтай еніп, ләззат алыңыз.

9. Бөлмеңізге, жұмыс орныңызға әр қараған сайын қуанышқа бөлейтін заттарды қосыңыз. Мысалы, өміріңіздің ең қызықты сәттерінде түсірілген фотосуреттерді іліп қою. Көзді қуантар құнды естелік болады.

10. Басқа адамды қуанту. Айналаңыздағы кез келген бір адамға оған шынымен керек нәрсе жасаңыз немесе себепсіз сыйлық беріңіз. Басқалардың бойында біздің әрекетімізден туындаған қуаныш пен ризашылық әрқашан өзіміздегі бақыт пен қанағат сезімінің пайда болуына себепші болады.

    Үнемі өзіңізге  демалыс беріп, ішкі ойларыңызды қалыпқа келтіруді ұмытпаңыз. Қоршаған ортаға және жақындарыңызға уақытыңыз бен жылуыңызды арнаңыз.



Бөлісу: