Нетикет

Нетикет
жеке
блог

                                        Нетикет немесе интернеттегі әдеп (этикет)

     Соңғы 10-15 жылда қазақстандықтардың өмірі күрт өзгерді: байланыс, өзара қарым-қатынастар тарихы, ақпарат алмасу - бәрі «бұлттарда» немесе шағын жеке құрылғыларда сақталады.

     Біздің замандастарымыздың кем дегенде бір күнін телефонсыз, ноутбуксыз, планшетсіз елестету мүмкін емес. Ал ғаламторсыз – мүлдем. Дүниежүзілік желі әр адамның өміріне еніп кетті: таныстар, қарым-қатынастар, қаржы, оқу, жұмыс - бәрі  дүниежүзілік желіде. Пошта, әлеуметтік желілердегі хабарламаларды тексеру, жаңалықтарды оқу, фотосуреттер немесе посттар орналастыру - көпшілігіміздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды.

    Көптеген ұйымдастырушылық мәселелердің шешілуі ақпараттық технологияларға байланысты: балаларды «egov.kz» порталы арқылы балабақшаға қабылдаудан бастап, баланың үлгерімін порталдан тексеру, университеттегі оқу үдерісін ұйымдастыру,  зейнетақы жинақтарын бақылауға дейін, т.б. – ғаламтор арқылы жылдам жүзеге асып жатыр. Адамның жаңа тіршілік ету ортасын игеруі ондағы өзара байланыс пен өзара әрекеттесу ережелерін сақтауды талап етеді. Демек, неттикетке немесе желілік этикетке деген үлкен қызығушылық осы жерден бастау алады.

    Ғаламтор желісінің негізгі пайдаланушылары бастапқыда негізінен мемлекеттік мекемелер мен ғылыми ұйымдардың қызметкерлері болды. Ғаламторды пайдалану тәртібі мен тәсілдері нұсқаулықтарда сипатталды. Желілерді пайдалану этикеті ғылыми ортада қалыптасқан қарым-қатынас және ақпарат алмасу нормаларына негізделді. Ғаламторда техника мен коммуникацияның дамуымен мемлекеттік шенеуніктерге де, ғалымдарға да қатысы жоқ пайдаланушылар көп болды. Пайдаланушылар үшін де, оларға қызмет көрсететін адамдар үшін де өзінің этикет нормаларын әзірлеу қажеттілігі пайда болғаны айқын болды. Әртүрлі ғылыми мекемелерде, пайдаланушылардың электрондық конференцияларында талқылау барысында жаңа мінез — құлық нормалары — нетикет (netiquette, ағылшын тілінен net — «желі» және француздық etiquette — «этикет») пайда болды. Бұл нормаларды талқылау әлі де жалғасуда, дегенмен кейбір негізгі ережелер пайда болды. Бұл ережелердің мазмұны Ғаламторды пайдалану түріне байланысты.      Компьютерлік этика туралы алғашқы кодекс кәсіби IT саласында 1979 жылы электротехника және электроника инженерлері институтында пайда болды. Infopedia.ru сайтының хабарлауынша, «кодексті қабылдау инженерлер, ғалымдар мен технологтар өз қызметтерінің нәтижелері бойынша ақпараттық қоғамдағы барлық адамдардың өмір сүру сапасы мен жағдайларын анықтайтындығын түсінуінен туындады».

   Бұқаралық аудиторияға арналған неттикет туралы алғашқы жұмыс 1994 жылы пайда болды. Вирджиния Ши өзінің «Netiquette» кітабында Ғаламтордағы он мінез-құлық ережелерін тұжырымдады. Бұл ережелер  желілік коммуникация құруға бағытталған болатын, онда әрбір қолданушы өзі сияқты адамдармен сөйлесетінін білуі керек және бұл виртуалды байланыс шынайы байланыстан ешқандай айырмашылығы болмауы керек.

   Нетикетті ғалымдар да зерттеп жатыр. Ғылыми жұмыстарда негізгі желілік ұғымдар анықталып, нетикет принциптері тұжырымдалды және Ғаламторда не істеуге болмайтынын көрсетілді.

    Сонымен Нетикет - диалог орнату және тиімді қарым-қатынасты ұйымдастыру (сыйластық қарым-қатынасты нығайту) мен ғаламторда медиа сауатты адам ретінде беделге ие болу үшін қажет. Мысалға, ғаламтормен байланыста, өмірдегідей, әріптеске құрметпен қарау керек. Компьютер экранының екінші жағында дәл сол адам тұрғанын есте ұстаған жөн.

    Желілік этикеттің ережелері мен қағидалары. Netiquette бірнеше принциптерге негізделген:

    Адамгершілік. Пайдаланушылар өздерінің мәлімдемелері мен ойларын бақылауы керек, өйткені олардың пікірі әңгімелесушіні ренжітуі мүмкін және қатты дау тудыруы және беделін жоғалтуы мүмкін.

   Өзін-өзі бақылау. Қоғамдық қорлаудан және жағымсыз мағынадағы материалдарды жариялаудан аулақ болу керек. Ғаламтордағы мұндай әрекеттерден толығымен тазарту мүмкін емес, ал хакерлер пайдаланушылардың барлық жазбаларын қаласа таба алады.

     Шыдамдылық пен төзімділік. Сіз дау-дамайға араласып, өз ісіңізді дәлелдеуге тырыспаңыз. Сіз жанжалды болдырмау үшін шыдамдылық танытып, арандатушылықтарға жауап бермеуіңіз керек.

    Құрмет. Пайдаланушы сұхбаттасушыға барынша құрметпен қарап, сол арқылы өзінің интеллектуалды тұлғаның жағымды имиджін жасайды.

    Қауіпсіздік. Ғаламтордағы байланыс кезінде сіз жасырын болу ережелерін сақтауыңыз керек. Сіз өзіңіздің жеке деректеріңізді, банктік карталар туралы ақпаратты, құжат көшірмелерін жариялай алмайсыз. Мұның ауыр салдары болуы мүмкін.

    Әдептілік. Ғаламтор қолданушыларымен қарым-қатынас кезінде ұятсыз сөздер мен арандатушылық сұрақтардан бас тарту керек. Мұндай мінез-құлық қалыпты диалог құруға мүмкіндік бермейді.

    Желіні басшылыққа алатын негізгі қағидаларға сүйене отырып, желідегі іскерлік беделді жақсартуға көмектесетін нақты ережелерге тоқталсақ:  сыпайылықтың қарапайым ережелерін ұмытпау, диалогқа түсіп, сәлемдесу, ризашылық сөздерін қолдану керек екенін есте ұстау,  әрқашан жағдайға назар аудару. Ғаламтордағы чаттарда жеңіл-желпі мінез-құлыққа жол беруге болады, ал іскери конференциялар немесе серіктестермен байланыс қатаң ұстамдылықты қажет етеді. Әңгімелесушінің уақытын үнемдеу және әрдайым  жазбалардағы қателерді түзетіп отыру да ескеруді қажет етеді өйткені  сауатсыз мәтін ғаламторда жақсы бедел әкелмейді. Ұстамды болып, эмоциялар бақылану керек. Тіпті сұхбаттасушы ашық арандатушы болса да, қорлау мен дөрекіліктен аулақ болып  және қарсыласқа моральдық қысым көрсетіп, оған дәріс оқуға тырыспау керек. Әрбір қолданушының өзіндік пікірі бар, ал ойды сырттан таңуға тырысу-қателік.  Ғаламтордағы тәртіп адам өміріндегі беделге әсер етеді. Ғаламтордың  кез-келген қолданушысы киберкеңістікті өмірдің бір бөлігі ретінде қарастырып,  нетикет ережелерін ұстануы өте маңызды.

 

                                                                                                               Қуандықова Гүлжайна

                                                                      Әл-Фараби ат.ҚазҰУ-інің 1-курс магистранты

                                                                                                                           Жанатаев Данат

                                                                                     Әл-Фараби ат.ҚазҰУ-інің профессоры