Уақыт - үлкен сый (essay)

                                                

     

 

 

   Мына бір таңғажайып дүниеде барлық тірі зат атаулысының сұрауы бар, құны бар, шегі бар. Жаратылып дүниеге келдің бе, демек сол сәттен бастап тағдырың өз мойныңда. Ал тағдырмен жақсы жұмыс жасау үшін қандай асылзаттың қадірін білген дұрыс? Әрине уақыттың.

 

   Уақыт – бағалы сый. Сарқылмас қазына һәм қайтарымсыз алтын жақұт. Біз болып, сіз болып тек уақытты басқара алмаймыз. Бірақ дұрыс пайдаланылған уақыт  зая емес. Осы тұрғыда А. Суворовтың  « Ақша қымбат, адам өмірі одан қымбат, ал уақыт бәрінен қымбат » деген сөзі еске түседі. Зымырап жатқан уақыттың қадірін түсініп, әрекет етудеміз бе? Күн сайын өз игілімізге жұмсап жатырмыз ба? Егер сұрақ жауабы «жоққа» әкеліп тіресе, онда сіздің заман ағымынан қалып бара жатқаныңыз. Неге ұлы ғұламалар, шешендер, көсемдер, билер тіптен ата-әжелеріміз уақыт жайлы әркез ой өрбітіп, келешек ұрпаққа өсиет қалдырған? Өйткені уақыт, өзін әрдайым бәріне төреші екенін дәлелдей түсті. Ал, әр ғасырдың бай адамдары табысқа қол жеткізгенін қалай баяндады? Барлық іскердің сондағы айтқаны бір :  « Өмір қысқа, уақыт – құнды. Таңды жақсы көңіл-күймен бастап, кешіңді рақмет айтумен аяқта. Ештеңе білмей өткен уақыт өлген уақыт ». Бұдан түйетініміз: уақытты бастамай жатып, жоғалтып алмау керек.

 

   2012-ші жылы әпкем « Время » атты америкалық фильмді көруді нұсқағанда, таңғалғанмын. Фильмде уақыттың ақшаға айналғанын және кейіпкерлердің әр сағат, әр күн, әр минут және секунд өмір үшін күрескені баяндалады. Осы тұста мынадай тұжырымға келуге болады : ақшасыз өмір сүру мүмкін болса, уақытсыз мүмкін емес. Демек, уақытты сатып алу, уақыт көлігімен өткенге , болашаққа саяхаттау тек фильмдерде.  Уақыт біздің өмір. Ал өмірде фильмдегідей қайта дубль жасауға мүмкіндік берілмейді. Екінші, жадымызға түю керек нәрсе, қайтарылмайтын үш заттың бары. Ол: уақыт, сөз, мүмкіндік. Абайдың кезінде: 

 

«Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

 

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

 

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

 

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман» дегені бар. Қанатты сөз міне осыда. Фильм көре жүріп, кітапқа да ерекше көңіл бөлетінім бар. Бір күні кітап ішінен мына бір үзіндіге көзім түсті : « Менің әжем және досым болатын. Әжем маған аз қалды, аз қалды деп ұзақ ғұмыр жасады,ал досым өмірім әлі алда, жаспыз ғой деп жүріп, 18 жасында қайтыс болды». Бұдан түйер үшінші жәйт: өткенге өкпелеме, болашақты болжама, қазіргімен өмір сүр.

 

   Сөз соңында, сіздермен уақытты тиімді пайдаланудың  тәсілін бөліскім келеді. Олар:

 

1)      Ерте жатып, ерте тұру

 

2)      Бүгінгі істі ертеңге қалдырмау

 

3)      Смартфонға үңілмей, табиғатта көбірек уақыт өткізу

 

4)      Жақындарыңызға жылы сөз айту

 

5)      Бүгінгі атқан таң үшін жаратушы күшке алғыс айту.

Осы істерді әдетке айналдырсақ, бәлкім өміріміз күн сайын жақсыға ауар ма еді?



Бөлісу: