Бағыт берер бес қадам

Бағыт берер бес қадам
жеке
блог

 Уақыт өткен сайын адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді екен. Өз қалауына шектеу қойып, эмоциямен емес ақылмен шешім қабылдайды. Алдына мақсат қойып, сол межеге жетуге жол сала бастайды. Менде өзімнің өмірлік мақсатымды тауып, соған ешбір кедергіге қарамастан жеткім келеді. Жастықтың буымен айналадағы барлық адамды дос санап, жылтыраған дүниеге қызығу кез келген адамды дұрыс жолдан адастырады. Сол жолда бағыт-бағдар беретін, жетістікке жетелейтін бес қадам, осы блокта оқырман назарына ұсынылады.

 Біріншіден, өмірдің әр кезеңі, тіпті күнделікті жағдайлар, белгілі бір таңдауды қажет етеді. Осы кезде көп жағдайда сыртқы факторлар, яғни басқа адамдардың ойлары, сіздің шешіміңізге әсер етіп жатады. Белгілі бір салада жетістікке жеткен жандардың тәжірибесін ескерген дұрыс, бірақ әр адам өзінің жеке бір тұлға екенін ескеруі керек. Өзіндік ой-сана мен жеке қасиеттеріңіз, сізді басқа адамдардың жанында ерекшелендіреді. Өз ойы бар адам, кез келген салада топ жарып, артынан адамдарды да, өзінде жетістікке жетелейді. Сондықтан, әр адамда әр нәрсеге қатысты өзіндік көзқарас қалыптасуы қажет.

 Екіншіден, өткенімен өкініп, болашағын болжаған жандар, қазіргі сәтпен өмір сүрмейді. Барын бағаламаған адам, ешқашан бақыттың буын сезіне алмайды. Сол себепті, қолда бардың қадірін біліп, әрбір сәтті бағалай білу керек. Өмірдегі әр кезеңнің өз ерекшелігі болады. Мысалы, барлық оқушы он бір жыл білім алып, тез есейіп, мектеп түлегі атануға асығады. Бірақ үлкен өмір арнасына түскенде, мектеп өміріне, балалық естеліктерге бір сәтке қайта оралуды армандайды. Мектептегі мұғалімнің атынды айтып тақтағы шақыруы, қоңыраудың ұзақ күткен үні, осының бәрі уақыт өте келе сағынышқа айналады.  Сондықтан, болашаққа бой түзеуден бұрын, бүгіннің барын бағалай білейік.

 Үшіншіден, кез келген жағдайда приоритет қоя білу маңызды. Бұл өте жақсы қабілет. Себебі, приоритет қою арқылы, іс-әрекетіне баға берген адам, өмір орманында адаспай, өз жолын табады. Өмірлік приоритет қоюда әр адам өзімен-өзі шынайы болуы керек. Эмоцияға емес, ақылға жүгініп, приоритетті белгілемес бұрын, бұл өмірде қандай белесті бағындырғысы келетінін түсіну маңызды. Бірақ, өмірлік межені анықтау, кей кездерде қиындық туғызып жатады. Сол себепті, өзіне не қажет екенін түсіну үшін, әр салада қабілетіңді байқап көруге болады. Өмір деген мозаика тәрізді, әр затты приоритет негізінде өз орынына қоямыз, және құрастыру кезінде, ең соңғы шығатын бейнені алдын-ала білу маңызды.

 Төртіншіден, күнделікті бізге берілген 24 сағаттың қас қағымда қалай өтіп кеткенін байқамай да қаламыз. Әлеуметтік желі, теледидар уақытымыздың көп бөлігін алады. Егер жетістікке жеткіміз келсе уақытты ұтымды пайдалану қажет. Әлеуметтік желіге жоғалтқан бір сағатты, жаңа идея негізделген, пайдалы кітапты оқуға жұмсауға болады. Жапондардың кайдзен әдісіне негізделсек, бір затты, бір уақытта күнделікті қайталап отырса, міндетті түрде бір нәтиже болады. Сондықтан, өз уақытымызды өзіміз, өз пайдамызға басқарсақ, аз ғана уақыт ішінде айтарлықтай жетістікке жетуге болады.

  Бесіншіден, Эйнштейн айтқандай, өмір велосипед тебу сияқты, әрқашан қозғалысты болған адам ғана тепе-теңдік ұстай алады. Әр нәрседе алғашқы қадам жасау қиын болады. Ішкі жан-дүниені тербеген қорқыныш, шешім қабылдауды тежейді. Бірақ, тәуекелге  бел буып, бастапқы қадам жасаған соң, табандылық танытып, әрқашан алға ұмтылу, сізді мықты тұлға ретінде көрсетеді. Өмір мұхит болса, әр адамның өмірі сол мұхиттағы бір ағыс тәрізді. Қандай дауыл тұрса да, өмір ағысы өзінің белгілеген бағытын өзгертпей, одан әрі ағуы тиіс. 

  Жоғарыда көрсетілген бес бағыт өмірлік шамшырақ тәрізді. Адамның бойындағы қасиеттері, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыратын, өмір дауылдарына қарсы тұратын  құралдары. Өзіндік ойға негізделген, бүгінгінің приоритеті, және уақыт пен төзімділік жетістікке жетелейтін негізгі қадамдар.