Әдебиет әлемінің әзілдері
жеке
блог

Әдебиет әлемінің әзілдері

Атағы жер жарған қас батыр, әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов көктемнің көкөзек күндерінің бірінде өзінің жекеменшік машинасымен Алатаудың бөктерінде келе жатып, байқаусызда терең жарға құлап кетеді. Құдай сақтап, әйтеуір аман қалады. Бірақ ауыр жарақат алып, емханаға түседі. Қасым досының үлкен аварияға түскенін естіп, ақын Сырбай Мәуленов гүр-гүр етіп келесі күні емханаға жетеді. – Ау, Қасеке, соғыс жоқ, ел іргесі тыныш... айдың күннің аманында саған не болды? – дейді келген бетте. – Байқамай, 3 метрлік жардан аунап кеткенім... – деп Қасым күмілжіп жағдайын айтады. Мұны естіген Сырбай бет-аузын тыржитып, басын шайқай береді. – Қасеке, – дейді ақын. – Бұл әңгімені мен ғана естиін. Сенің партизан деген, батыр деген атыңа «3 метрден құладым» дегенің ел-жұрттан ұят. Сен бұдан былай басқа адамға «30 метр жардан домалап кеттім» дейтін бол! Арада ай өткенде Қасекең аман-есен жазылып, емханадан шығады. Қызық болғанда, сол күндердің бірінде, балпаң басып көшеде келе жатқан Сырбайды мотоцикл қағып кетеді. Сырағаң да «жедел жәрдем» машинасымен дәл сол емханаға түседі. Хабарды естіген бойда енді Қасым Сырбай досының көңілін сұрамаққа емханаға барады. Сырағаң аяқ-қолын орап тастаған, сілейіп төсекте жатыр. «Осылай да осылай... оқыс болды, мотоцикл қағып кетті» деп болған жайды жеткізеді. Сонда Қасым түсінбегендей иығын көтеріп, басын шайқап: – Әй, Сырбай, сен бұл әңгімені менен басқа ешкімге айтпа, ұят болады! – дейді. – Түйедей Сырбайды торпақтай мотоцикл қағып кетті деген не сұмдық! Сен бұдан былай өзге жұртқа «мені КамАЗ қағып кетті» деп сөз тарат! – деген екен. Әлібек Асқаров Не деген тапқырлық? Сөз тапқанға қолқа жоқ.