Жаңбырды ұнатпаймын
жеке
блог

Жаңбырды ұнатпаймын

Кеше түнде кешірек ұйықтағаныма қарамастан, таңертең ерте ояндым. 

Білесіз бе... ояна сала нені ойлағанымды? Əлде кімді? Жоға, бұл - жаңалық емес. Əдеттегіше, өзіңізді... Өткен түнде көрген сіз туралы түсімді еске алдым... 

Сіздерде ауа райы қалай? Бізде бүгін күн бұлтты. Домбыра үйірмесінен қайтып келе жатқанда біраз жаңбыр тамшылары себеледі.

Жаңбыр... Сіз жаңбырды ұнатасыз ба? Мен жаңбырды жақсы көрмеймін. Неге дейсіз бе? Суық тамшылар астында жүріп, тоңғанымда, жанымда сіздің жоқтығыңыз қатты білінеді. Жаураймын, жабырқаймын... 

Əттең, басқа кезде зымырап, зулап өтіп кететін уақыт сізді сағынғанда қырсығып, өтпей қояды. Сізбен жолығуға... Жо-жоқ, студент болуыма дейін əлі екі жылым бар. Мүмкін, ол аз уақыт шығар, бірақ маған алып ғасырдай көрінетінін түсінесіз бе? Осы аз ғана уақыт ішінде қаншама өзгерістер болатыны тəңірдің өзіне ғана аян. Бірақ, алдағы екі жылдан соң біз жолығар ма екенбіз? Білмеймін... 

Кейде қорқамын... сізге деген мөлдір сезіміме жаңбыр тамшылары араласып, оны жойып жібере ме? -деп. Сондықтан да жаңбырды ұнатпаймын. 

Жаңбыр жауғандағы аспанның күркіреуі кейде маған сізді ұнатқаным үшін табиғаттың өзі мені жазғырып тұрғандай көрінеді. "Ұмыт оны," - деп сізді ұнатуыма тыйым салатындай. 

Міне, далада жаңбыр сіркіреп тұр. Онымен қосылып мен де жылағым келді. Неге жылаймын? Себепсіз... Осы кезде жаңбырды да, менің көз жасымды да ешкім тоқтата алмады. Себебі, сіз жоқсыз. 

Жаңбырдың еш жазығы болмаса да мен оны ұнатпаймын. Сізбен жолығар сəтті мен асыға күтемін... Тоқтаусыз жауып тұрған жауын астында малмандай су болсам да күте беремін... Мені суық тамшылардан қорғау үшін қолшатырыңызды төбемнен тосып тұрғаныңызша... мені жаңбыр астынан алып кеткеніңізше күте берем... 

Мүмкін сол кезде жаңбырды жақсы көріп кететін шығармын. Неге дейсіз ғой? Бізді табыстырғаны үшін. 

Бірақ сіз жаңбырдан қорғанып жүріңіз... ауырып қалмас үшін.))