Ғашықтық - өзгелерден қашықтық...

Ғашықтық - өзгелерден қашықтық...
жеке
блог

Сені кездестірген күні ерекше сезімді бастан кешірдім. Жүзіме күлкі үйірілді, ішкі жан дүнием астаң-кестең болды. Сол сәтте мен мұны қуаныш шығар дегем, бірақ қателесіппін. Жүрегім кейде инемен шаншығандай ауырады. Сен менің өмірімді түбегейлі өзгерткен болатынсың. Ережеге сай жүретін, бір қалыпты өмірдің иесін – түрлі-түсті бояуы бар суретшіге айналдырдың. Өмірімде ашық түстер, жарқын сәттер көбейіп, өмір сүруге деген ынтам арта түсті. Менің барлық онға жуық ережемнің  парша-пұршасын шығарып, орынына жалғыз ереже енгіздің. «Бүгінгі күнмен өмір сүрейік. Менің өткен өмірім жайлы сұрама. Болашағымызды ойлап көп толғанба, бүгінгі күнді аман-есен атқарып алайық, қалғанын көре жатармыз» - деген сенің сөздерің болатын. Мен қызбын ғой, қалайша сенімен өтетін жарқын болашағым жайлы армандай алмаймын деп үнемі жоспар құрып отыратындай едім. Сен маған кейде армандауға рұқсат бермейтін-ді едің. Уақыт өте келе ғашықтық сезімі сені де толық жеңгендей болды. Екеуміздің бес-он жылдан кейінгі өміріміз жайлы оқта-текте айтып қалатынсың. Бұл мені қуанышқа бөлейтін. Алға жетелейтін. Бүгін барша үмітім, сенімім, қуанышым су сепкендей басылды.  Бұл сенің «сенімді емеспін» - деген сөздеріңнен еді...