"Сезіміңмен ойнағам жоқ, соны ұқ..."

"Сезіміңмен ойнағам жоқ, соны ұқ..."
жеке
блог

Дүйсенбі. Күз айының құбылмалы ауа-райы болатын. Апашымның сырқаттанғанына байланысты анам ауылға кеткендіктен, анамның орнына сауда жасауға өзім шыққан едім. Міне, менің білуімше, дәл осы күннен бастап, сенің жүрегіңде маған деген пәк сезімнің ұшқыны пайда болды. Әлі есімде мөлдір-тұнық көздеріңмен жанымнан жиі-жиі сұқтана қарап өтетінсің. Өзім де соны іштей қалап тұрғандай, жанымнан тағы қашан өтер екен деп, күтіп отыратынмын.

Сен қараған сайын, басқа кейіпке еніп, саған ұнауға тырысатын-ем. Нақтырақ, сенің назарыңды өзіме аудартуға. Кейде өз-өзімді тоқтатып, "мұның не?" деп жүректе болып жатқан буырқанған сезімдерді бір қамшылап алушы едім. Сені қайта көргенде ол сезімдер толастамаса, таусылған жоқетін. Бірнеше күн осы күнім іспеттес өте берді. Сені өзіме ғашық қылуға итермелеуге тырысып, күннен-күнге сұлулана түсуге асығатынмын. Құдды бір, жұмыс істеуге емес, жиын-тойға баратын жандай киінетінді шығардым. Кейде саған дейінгі жауапсыз махаббатымды ойға алып, оны ұмытуды жөн көрген күнім де болды.

Өзіме қайта ғашық болу мүмкіндігін сыйлағым келді. Арада 3-4 күн өткеннен кейін әлеуметтік желідегі парақшама сеннен достық келгенін байқадым. Әрине, қуанғаным рас. Былай өмірде тілдесе алмасақ та, мына құрғыр ұялы телефонмен тілдесетін-ек. Бірінші күні тек жиырма жеті минутқа ғана созылған хат алмасу, бірнеше күннен кейін 7-8 сағатқа созылды. Солай да, солай арада күндер өте екеуміздің арамыз жақындай түсті. Бұған дейінгі тұла бойымды кернеген нәзік сезім тек менде ғана емес, сенде де бар екенін ұға бастадым. Дегенмен, ескі махаббатымның иесін ұмытпаған едім. Тек хатпен ғана шектеліп қалмай, қоңырау шалуды шығардық.

Бірте-бірте жай ғана амандасу, шығарып салуға дейін ұласты. Ал оның махаббатпен жалғасарын кім білген. Таныстығымызға аз ғана уақыт болса да, сенің маған деген адал махаббатыңа көзім жеткендіктен, ұсынысыңды қабыл алып, жауапсыз қалған ескі махаббатымды ұмытуға бел байладым. Тек сені ғана махаббатыма бөлегім келді. Сеннен бір сәт хабар ала алмасам, қайдағы-жайдағы жымысқы ойлар мені қыл мойынға тақап, дегбірім қашыратын. Хабар алысқан кезде ғана көңілім жайлана түсетін.

Есімде, сен әр кездескен сайын мені қуантуға асыққандай, үнемі қолыңа бір сыйлық көтеріп келетін-ең. Сондай-ақ, қашан да ішіңде қазандай қайнап, жаныңды қоярға жер таптырмай буырқанып жатқан сыр сезімдеріңді маған түйдек-түйдегімен ақтарып, еңсеңді езе түскен ауыр ойлардан арылып, жеңілдеп қалатынсың. Ол сенің маған деген махаббатыңның шынайы екеніне дәлел еді. Ал, арада қанша уақыт өтсе де, менің махаббатым шынайылыққа ие бола алмады. Бар болмысымды билеген алғашқы сезімдердің бәрі алдамшы екен. Алғашында сенің ұсынысыңды қабыл алған сәтте жақсы көріп кетермін деген үміт болған. Бірақ үмітім ақталмады. Өзімді қанша қинасам да жүрегімді жаулап алған ескі махаббатымның иесін ұмытуға дәтім жетпеді. Осылай саған ғашық болармын деген оймен үнсіз жүре бердім... Сондай-ақ,ес-түссіз ғашық жанның рөлін сомдауды да ұмытқаным жоқ. Ал уақыт болса өте берді.

Күн өткен сайын қапасқа түскен құс тәрізді еріксіз махаббаттың тұтқыны боп, үнемі ой-қиялға шомылып жүретінді шығардым. Бұған дейін бір мәрте де жүз шайыспай, әй-шәй деспей жүрген махаббат иелерінің арасына сызат түсе бастады. Сенің алаулаған сезіміңе су сеуіп, өшіргім келді. Ананы-мынаны сылтауратып, сеннен қашуды шығардым. Тағы сол күздің салқын күнінде бар сезіміңе сезіммен қарай алмағанымды, жүрегімде сенің емес, басқа жанның барын айтуға дәтім бармады. Саған өтірік айтуға тура келді. Сондықтан ғой, "кешір сабағым нашарлап кетті, сабағымды жөндемесем болмас, алдымен сабағымды реттейін, кейін көре жатармыз, күт" деп кете барғаным...

Мен ол мен ғой... Жауапсыз махаббатымды ойлауға сол сәтте-ақ кірісіп кеттім. Ал сен маған сеніп, маған деген махаббатыңды өсірмесең, өшірген жоқсың. Ертеңіңе үмітпен қарадың. Ал бір күні өзіңді сүймейтінімді айтқанда ғана, жүрегіңнің қарсы айрылып, үмітіңнің үзілгенін байқадым. Ал мен сенің қаншалықты қиналып жүргеніңді қазірге дейін сезем. Сен үшін іштен дұға жасап, өз махаббатыңды кездестіруіңді де тілеймін. Өзіңмен жақсылы-жаманды бірге өткізген азды-көпті күндеріме, өзгеден көре алмаған нәзік сезімді сенен көргеніме мен өле өлгенше ризамын. Дегенмен, "жүрекке әмір жүрмейді" деген рас екен. Жүрегімді тізгіндеп, әмір жүргізе алмадым. Кешір мені. Мен әлі де жауапсыз махаббатымның бір күні болмасын, бір күні менімен қауышарына сенемін. Ал, сен жауапсыз махаббатыңды күтпе!